Шымкентте әйел көңілдесі мен құрбысын пышақтап өлтірді
Екі адамды өлтіргені үшін Шымкент тұрғыны сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты таратқан мәлімет бойынша, 35 жастағы әйел көңілдесі және құрбысымен бірге спирттік ішімдік ішкен. Арада біраз уақыт өткен соң көңілдесі мен құрбысы бір-біріне қызығушылық таныта бастаған. Айыпталушыға бұл әрекет ұнамай, алдымен ескерту жасаған, оның бұл сөзіне жігіт дөрекі жауап берген. Ашуға мінген әйел пышақ алып, оны алдымен жігіттің арқасына, сонан соң құрбысына сұғып алған.
Ер адам оқиға орнында көз жұмса, жарақат алған әйел ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Екі адамды пышақтап өлтірген әйел сол күні ұсталды. Ол кінәсін мойындаған.
Сот оған 15 жыл және алты айға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындады.