Жаңалықтар

Шымкентте Алғыс айту күні бір апта жалғасады

Шымкентте Алғыс айту күні бір апта жалғасады
23.02.2019 06:29 3152

Шымкент қаласында Алғыс айту күні өзіндік ерекшелігімен аталып өтеді. Жаңа мазмұнда өткізілетін мерекелік шаралар 22 ақпаннан басталып 1 наурызға дейін апта бойы жалғасады.

Бұл туралы Шымкенттегі «Қазақстан халқы ассамблеясы» ғимаратында  өткен брифингте қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов мәлім етті.

Шараны ұйымдастырушылардың сөзінше, елді бірлікке үндейтін мерекенің түпкі мәні - кезінде түрлі себептермен қазақ жеріне қоныс аударған этнос өкілдерінің мемлекет құраушы ұлтқа алғыс айтуын көздейді.

Апталық мерекені жер-жерлерде ұйымдастыру мен өткізудің тұжырымдамасы әзірленіп, әр күнге арнайы атаулар берілген. Мәселен,  22 ақпан - Қайырымдылық күні болса, 23 ақпан - Тазалық күні ретінде өтеді. 24 ақпан - Көршіге ізет күні, 25 ақпан - Ұстазға құрмет күні, 26 ақпан - Тарихқа тағзым күні, 27 ақпан - Ықылас күні, 28 ақпан - Ұрпақтар сабақтастығы күні,  1 наурыз - Алғыс айту күні болмақ.

«Апталық іш-шаралар «Қайырымдылық күнімен» бастау алды.  Қазақстан халқы Ассамблеясының Қайырымдылық керуені шеңберінде «Сыбаға» іс-шарасы өткізілді. Қалалық ассамблея мен түрік этномәдени бірлестігі ірі қараны құрбандыққа шалып, еті ұлттық дүниетанымымызға сәйкес жеті түрлі азық-түлікпен толықтырылып қадірлі қарияларға, абзал аналарымызға, жас отау иелеріне, барлығы 40-тан астам отбасыға, сыбаға ретінде үлестірілді. 23 ақпан - Тазалық күні ретінде белгіленсе, 24 ақпан - «Көршіге ізет күні» күнінде өтетін іс-шаралар елді берекелі бірлік пен ырысты ынтымаққа жетелеп, көршілер арасында өзара түсіністік пен құрметті қалыптастыруды көздейді»,- дейді М. Қалмұратов.

 Бұл күні сондай-ақ, Сайрамдағы өзбек этносының белді азаматтары көршілес Шапырашты, Өтеміс, Қызылсу, Тассай, Мәртөбе, Тоғыс, Бадам, Қарабастау тұрғын алаптарының абзал қарияларын, абыройлы азаматтарын сыйлы қонақ ретінде шақырып, ізет көрсетпек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға