Жаңалықтар

Шымкентте АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері жастармен кездесті

Шымкентте АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері жастармен кездесті
Фото: Халықтық штабтың баспасөз қызметі 10.09.2024 15:30 809

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың өңірлерде халықпен кездесуі жалғасуда. Бүгін Шымкент қаласында Штаб мүшелері атом электр станциясының артықшылығы туралы әңгімелесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті – еліміздегі жетекші техникалық жоғары оқу орындардың бірі. Оның түлектері еңбек нарығында кең сұранысқа ие. Олар – электр энергетика, машина жасау, физика, химия және өзге де сала мамандары. АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері өңірдегі студенттерімен және жас белсенділермен кездесті.

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жастар үнемі жаңа үрдістердің басы-қасында жүретінін және мемлекет дамуының басты қозғаушы күші саналатынын атап өтті.

Жастардың қоғамдағы рөлі ерекше. Еліміздегі ең маңызды шешімдер жастармен ақылдасып қабылданып жатыр. Бұл – Президентіміздің негізгі ұстанымы. Сіздер, болашақ инженерлер, алдағы уақытта Тәуелсіз Қазақстан экономикасының дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар, жаңа өндіріс орындарын қолданысқа енгізесіздер және инновациялық технологияларды дамытасыздар. Сіздер алдағы референдумда саналы таңдау жасай алу үшін бүгін біз өздеріңізбен атом электр станциясының құрылысын талқылауға келдік, – деді ол.

Бұдан соң АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Іс-шара барысында атом энергетикасына қатысты барлық мәселе бойынша жұртшылықты кеңінен хабардар етудің маңызы және халық арасында ерекше беделге ие адамдар ретінде мәдениет қайраткерлерінің бұл істегі рөлі талқыланды.

Осы күні Штаб мүшелері «Тассай» индустриялық аймағына барып, кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар атом энергетикасының мүмкіндігі, жаңа өндіріс орындарын дамыту перспективалары және лайықты еңбек жағдайын жасау жөнінде әңгімелесті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға