Шымкентте 183 отбасы қоныс тойын тойлады
Салтанатты кілт тапсыру рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қуаныш иелерін құттықтады. Жаңа баспанаға қол жеткізген отбасылар шашу шашып, тұрғын үйдің лентасын қиды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қалалық әкімдік мәліметінше, айтулы мереке қарсаңында пайдалануға берілген баспаналар Асар-2 және Тұран шағын ауданында орналасқан.
Тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын «Integra Construction KZ» ЖШС және «Алтын Констракшн» ЖШС мердігер мекемелері жүргізген.
Жаңа қоныстанушылар арасында көпбалалы отбасылар және халықтың әлеуметтік жағынан осал тобындағы азаматтар бар.
Айта кету керек, 2024 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында ағымдағы жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтарға сатып алу құқығынсыз 1 000 азаматқа (жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 200, көпбалалы отбасылар – 351, халықтың осал топтары – 449) арендалық пәтер берілуі жоспарланған.
Оның ішінде, бүгінгі таңда 597 пәтер (жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 136, көпбалалы отбасылар – 288, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары – 173) пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 2023 жылдан өтпелі болған 280 арендалық пәтер биыл қоныстандырылды, - делінген мәліметте.
Мемлекеттік бағдарламалар бойынша «2-10-20» және «5-10-20» бағыттары аясында жеңілдетілген несиелік негізде ағымдағы жылы 1 793 пәтерлік 60 көпқабатты тұрғын үйлерге (оның ішінде 2023 жылдан өтпелі 1 041 пәтерлік 42 көпқабатты тұрғын үй) келісім-шарттар түзіліп, азаматтарға Отбасы банк арқылы қолданысқа табысталды.
Кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы жетпейтін азаматтарды ынталандыру мақсатында ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен 519 отбасы қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмек тұрғын үй сертификаты арқылы несиелік баспанаға қол жеткізген болатын.