Жаңалықтар

Шымкент қаласының әкімі 300-ден астам тұрғынды қабылдады

Қала әкімінің ашық қабылдауы өтті
Шымкент қаласының әкімі 300-ден астам тұрғынды қабылдады
Фото: El.kz 19.01.2023 13:44 1381

“Әй, Әйтенов қайдасың?..” Шымкент қаласының әкімі емессің бе?.. Өзіңе бетпе-бет айтарым бар еді”-дегендерді үшінші мегаполистің әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы жүзбе-жүз қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Несін айтасың “Көрме” орталығы лық толы халық. Көкейдегісін айтып келген елде есеп жоқ. Әкімнің орынбасарлары мен басқарма басшылары түгел осында жүр. Хаттамаға түсіріп, түртіп алып жатыр арыз-шағымдарды. Халыққа жақындағаннан жаманатты болмас ешкім. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтып жүрген “ашық қоғамы” Шымкентте елге есігін ашты. Кешке дейін келушілер толастаған жоқ.

Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов “El.kz” сайтына арнайы сұхбат берді.

"Қала әкімінің ашық қабылдауына 300-ден астам адам келіп, өз өтініштерін айтты. Оларды қала әкімі және салаға жауапты әкім орынбасарлары, басқарма басшылары, Шымкент қаласының прокуратура және қалалық полиция департаменті қызметкерлері, мемлекеттік орган өкілдері қабылдап, арыз-шағымға құлақ асты. Иә, тұрғындар тарапынан бизнес бастауға грант алу мүмкіндігі, арнайы әлеуметтік көмек түрлеріне жазылу, жер телімдерін заңдастыру, жер телімдерінің нысаналы мақсатын ауыстыру, тұрғын үйге кезекке тұру, баспананы жалға алу, жылыту маусымындағы жылу жүйелерінің сапасы секілді басқа да өзекті мәселелер көтерілді. Денсаулық пен білім беру салаларындағы бірқатар проблемалар да айтылды", - деді қала әкімі аппаратының басшысы.

Шымкент қаласының әкімі 300-ден астам тұрғынды қабылдады

"Барлық мәселенің шешілу жолы заң шеңберінде қаралып, тиісті сала мамандарының талқылауымен жан-жақты саралана отырып, хаттамаға енгізіліп отыр. Хаттамаға енгізілген кейбір сауалдар шешімін бірден тауып жатса, кейбірі ұзақ мерзімді қажет етуде", - дейді Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов.

“Әкім бол, халқыңа жақын бол!” дегенді құлаққа құйып өскен әкімді ешкім де өзектен теппесі анық.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға