Жаңалықтар

Шығыстағы шалғай ауылдарға шағын мектептер салынады

Шығыстағы шалғай ауылдарға шағын мектептер салынады
Фото: @KZgovernment 15.12.2024 21:17 384

Шығыстағы шалғай ауылдардағы ескі мектептер жаппай жөнделеді. Апатты деп танылғаны жаңадан салынады. Бұл шекаралық аудандарда халықтың қоныстануына септігін тигізеді. Былтыр аймақта 3 мектеп салынды. Биыл бесеуінің құрылысы жүріп жатыр. Ал Күршім ауданы Бірлік ауылындағы оқушылар салынғанына 60 жыл болған ғимаратта білім алып жүр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Майысып кеткен төбе мен қабырғасы қақыраған мектепте талай бала білім алды. Іргетасы 1968 жылы қаланған ғимарат қазір жамап-жасқағанның арқасында қалқиып әрең тұр. Сондықтан сабақ аяқталған бойда оқушылар бірден үйге қайтады. Себебі жауын-шашында төбеден су тамшылайды. Тіреуі опырылып ортасына түскен жағдайда болған.

Осы жер төбесі ойылып түсіп қалған. Содан кейін ұзын балка темір салды, мынау сол балкамен ғана тұр, - дейді Мектептің шаруашылық меңгерушісі Сәуле Есімханова.

Алақандай мектептің асханасы мен кітапханасы да құрқылтайдың ұясындай. Спорт зал болған емес. Оқушылар қыста дене шынықтыру пәнінде тар кабинетте шахмат пен стол теннисін ойнайды.

Бірлік ауылындағы 82 түтінде, үш жүзге жуық тұрғын бар. Шағын жинақты мектепте қазір 32 оқушы оқиды. Ата-аналар мен ұстаздар облыс пен аудан басшылығына ауылға мектеп салуын талай жылдан бері айтып келді. Тұрғындардың өтініші биыл ескеріліп, Бірлікте 80 орындық оқу ғимараты салынып жатыр. Ал ауылға оңтүстік облыстардан келіп қоныстанып жатқан отбасылар да бар.

Біз енді Қызылорда облысына шығысқа көшіру бағдарламасы бойынша барып келдік. Көпбалалы отбасы біздің ауылға келіп тұрғалы жатыр. Көктемде тағы отбасылар сөйлесіп отыр. Бала санын көбейтіп, 50 орындыққа жеткіземіз. Өйткені бізді қазір шағын орталықта 15 баладай бар, - дейді мектеп директоры Ринат Нұрбекұлы.

Күршім мен қоса Марқакөл ауданында тағы бірнеше мектеп салынады. Олардың барлығы да шекараның шебіндегі ауылдар.

Болашақта Қыстау, Күршім ауылында дәл осындай мектеп 50 орындық мектеп салынады деген жоспарда бар, - дейді Күршім аудандық білім бөлімінің бас маманы  Айзада Солтанқызы.

Алыс ауылдарға шағын мектептерді құрылыс компнаиялары өз қаражатына салады. Одан соң екі жақты меморандумға сай салалық мекеме бастапқы құнымен сатып алады. Былтыр шығыста дәл осындай тәсілмен 3 шағын мектеп салынып, қолданысқа берілді. Жаңа ғимараттарды кәсіпкерлерден мемлекет 1 миллиард 350 миллион теңге сатып алды. Қазір ол мектептерде талай шәкірт оқып жүр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға