Жаңалықтар

Шығыс Қазақстандағы өнерлі этнос жастарын тоғыстырған қазақша «ТеатрALL»

Шығыс Қазақстандағы өнерлі этнос жастарын тоғыстырған қазақша «ТеатрALL»
Фото: Қазақстан халқы Ассамблеясы 25.01.2025 10:16 420

Жалындап тұрған өнерлі этнос жастары мәртебелі сахнада ойнап, тек Абай тілінде өнер көрсетеді. Бұл өнер ордасының негізгі ерекшелігі де. Шығыс Қазақстан облысы «ТеатрALL» Ассамблея жастар театрының аты бүгінде республикаға танымал. Өнер ордасы шымылдығын ашып, көрерменге жол тартқанына көп уақыт өтпесе де қоғамда өзіндік орнын алып үлгерді. Театр бүгінде тек өнер алаңы ғана емес, жастарға жол көрсететін, үлгі болатын тәрбие алаңына айналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«ТеатрALL» Ассамблея жастар театры, 2019 жылдың 6 қарашасында өз жұмысын бастап, қазірге дейін шығармашылық және әлеуметтік бағыттағы табысты жобаларды іске асырып келеді. Театрдың заңды негізін жеке кәсіпкер Назерке Айдынқызы қалаған. Бүгінде «ТеатрALL»-да жалпы 53 адам қызмет етеді, оның ішінде 20 кәсіби актер, 30 оқушы-артист және әкімшілік бөлімнен үш маман бар. Көркемдік жетекшісі Айзат Нүкешов, режиссері Серікжан Ержанов және бас әкімгері Айгүл Сайлауқызының жетекшілігімен театр ұлттық және халықаралық деңгейде маңызды шараларға белсенді атсалысып келеді.

Ең бастысы, жалпыұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында гастрольдік қойылымдар мен тарихи тақырыптағы шығармаларды көпшілікке ұсынуда. Түрлі этнос жастарынан құралған театрдың репертуарындағы ұлттық рухты дәріптейтін инсценировка «Көк Бөрі» (2019), «Елес Сұлулық» психологиялық драмасы (2021), қазақ тілінің маңыздылығын көтерген әлеуметтік комедия «Балалық Шағымның Аспаны» (2022) көпшіліктің көзайымына айналды.

Чарльз Диккенстің романына негізделген «Жетімдер» трагикомедиясы (2023) қоғамдағы маңызды мәселелерді айқын көрсететін туындылар екені даусыз. Театр репертуарында тарихи, психологиялық, әлеуметтік және комедиялық жанрлардағы шығармалар бар. Соның ішінде, 1930-1933 жылдардағы ашаршылықты суреттейтін «Жұт» тарихи драмасы және буллинг мәселесін көтерген «Кластастар» трагикомедиясы бүгінгі өмір айнасы.

Мен театрға келгеннен кейін қазақ тіліне жете үңіле бастадым. Бүгінгі күні мен үшін театр мен қазақ тілі егіз ұғымға айналды. Сахнаға шыққанда өзімді еркін ұстаймын, өзіме сеніп тапсырылған рөлдерімді де сомдауға бар күш-жігерімді салып, еңтенгенімнің арқасында аса қиындықты сезінбеймін, - дейді ТеатрALL» театрының актері Карим Ильясов.

«ТеатрALL» қызметі - қоғамның өзекті мәселелеріне назар аударып, әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруымен де ерекшеленеді. Өнер ұжымының қайырымдылық шаралары көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп, ШҚО «Үміт» балалар үйінде шығармашылық жұмыстар жүргізеді. Жыл сайын қарттар үйінде концерттік бағдарламалар өткізіліп, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, балалар мен жастар үшін актерлік шеберлік, сахна мәдениеті, сахна қозғалысы шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.  

Қазақ театры — ұлттық болмыс пен мәдениеттің айнасы. Театр сахнасында қазақ тілінің сұлулығын сезіну — әртүрлі этностар үшін мәдениетті түсініп, ортақ құндылықтарды бағалаудың маңызды жолы. Қазақ тілінің көркемдігі мен тереңдігін сахнада сезіну үлкен бақыт!, - дейді «ТеатрALL» театрының актрисасы Раяна Берікқызы.

«ТеатрALL» ұжымы бірнеше ұлттық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы екенін де атап өту керек. «Махамбет» республикалық байқауының гран-при иегері (2020), «Art-Shabyt» республикалық конкурсының I орын иегері (2021), Санкт-Петербургтегі «Серебряный Кот» халықаралық байқауында II орын (2021), «Золотая Маска» театр өнері конкурсында III орын (2022) алды. 

«ТеатрALL» театрына келгенде, мен өзімді таптым, себебі бұл жерде тек шығармашылықпен айналысып қана қоймай, әлеуметтік жауапкершілік, қайырымдылық, қоғамға деген қамқорлық сияқты құндылықтар да қатар дамып келеді. Мен үшін театр – бұл тек өнер алаңы емес, сонымен қатар адамдардың өміріне өзгеріс әкеле алатын қуатты күш, - дейді «ТеатрALL» театрының актрисасы Үкіләй Тұрарбек.

ШҚО ҚХА қоғамдық институттармен жұмыс бөлімінің басшысы Әсел Самарканова «ТеатрALL» этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған жобалармен де танымал. Театрдың оқушыларға арналған тегін үйірмелері мен клубтары жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. «ТеатрALL» – тек театр емес, қоғамға пайда әкелетін көпқырлы мәдени орталық»,-деп қоғамдық маңызы туралы айтып берді.

Театрдың басты мақсаты – өнер арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу және халықтың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру. Өнер мен қоғамды ұштастыра білген бұл театр алдағы уақытта да көптеген табысты жобалар мен қойылымдар ұсынатыны сөзсіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға