Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда «Жер-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды

Шығыс Қазақстанда «Жер-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды
Фото: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі 04.06.2024 08:33 669

Шығыс Қазақстанда «Жер-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуларының бірінші күні өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Оқу-жаттығуды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында орналасқан. "Жер-2024" Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының бірінші күні қарқынды басталды.

Жаттығудың бірінші күні жер сілкінісі қаупі туындаған кездегі бірінші кезекте жүргізілетін шаралар пысықталды. Құтқару қызметтерінің бірлескен іс-қимылдарын пысықтау және үйлестіру үшін республикалық далалық штаб орнатылды.

Ұйымдастырылған далалық штабта шартты жойқын жер сілкінісі салдарынан болуы мүмкін жағдай, төтенше жағдайдың салдарын жоюға күштер мен құралдардың дайындығы туралы жедел топ басшыларының баяндамалары тыңдалды. Баяндамашылар өз қызметінің бағыттары бойынша қабылданған шешімдер мен өткізілген іс-шаралар туралы хабардар етті.

Облыста шартты жер сілкінісі болды. ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы ұшып өтіп, табиғи апаттың салдарын, қираған ғимараттардың санын тіркеді.

Облыс тұрғындары сиреналардың дабылын естіп, үйлерін тастап, барлық қалалар мен аудандарда жұмыс істей бастаған эвакуациялық пункттерге жиналды. Белгіленгеннен және қажетті көмек алғаннан кейін олар жаяу колонналармен, автомобиль және су көлігімен лагерьге қарай беттеді.

Шатырлы лагерьде тұрғын үй және коммуналдық-тұрмыстық аймақтар, медициналық пункт, тамақтану блогы, автокөлік тұрағы қарастырылған. Тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін лагерьде полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Апаттар медицинасы орталығының мамандары далалық аурухананы орналастырды. ТЖМ психологтары мен дәрігерлері халыққа шұғыл көмек көрсетті.

ТЖ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов далалық ХҚКО шатырлы лагерінің, гуманитарлық көмек қабылдау пунктінің жұмыс істеуінің техникалық мүмкіндіктерін қарап шықты.

Сейсмикалық қауіпті өңірлердің тұрғындарымен сейсмикалық жаттығулар өткізілді. Зардап шеккен халықты қабылдау пункттері орнатылды. Апат аймақтарына өңірлерден күштер мен құралдарды ұсынуды ұйымдастырылды. Қираған жерлерде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін темір жол көлігімен келген инженерлік техника түсірілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға