Шығыс Қазақстанда қарағайлы орман отқа оранды
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Катонқарағай ауданында орман алқабы өртеніп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі тілсіз жаудың 17 маусымда Катонқарағай ауданындағы «Катонқарағай ұлттық табиғи паркі» РММ Ақсу филиалының аумағында (Усть-Язовское орманшылығы) жетуі қиын таулы жерінде шыққанын мәлімдеді. Қаулаған өрт шөп пен бұталарды шарпып, аумағы кеңейіп жатыр.
Алдын ала дерек бойынша тілсіз жау тараған аумақ – 15 гектарды құрады. Өртті сөндіруге «Қазавиаорманды қорғау» қызметкерлері, орманшылар, жергілікті атқарушы органдар, ТЖД өрт сөндірушілері жұмылдырылды.
Барлығы 111 адам, 3 техника және ШҚО әкімі аппаратының әуе бөлімшесінің 2 тікұшағы жұмыс істеуде. Жалынмен күреске жұмылдырылған адамдар сол жерге тікұшақпен жеткізілді, өйткені жер бедері автотехникамен жүруге мүмкіндік бермейді. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, - деп жазылған ШҚО ТЖД таратқан мәліметте.