Шығыс Қазақстанда 10-ға жуық адам қызылша жұқтырды

Шығыс Қазақстан облысында биыл 10-ға жуық адам қызылша ауруын жұқтырған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері өңір бойынша ауруханаларға қызылша ауруына шалдығу күдігімен 14 адам жүгінген. Оның ішінде 8 пациентте ауру тіркелсе, қалған науқастарда диагноз расталмады.
Қызылшаның алғашқы жағдайы аймаққа Түркиядан әкелінді. 7 адам ауруды осы жерде жұқтырған. Қызылша диагнозы қойылған науқастардың 88%-ы вакцина алмаған. 8 науқастың екеуі ересек адам, қалған 6-ы 14 жасқа дейінгі бала, - дейді департамент басшысының орынбасары Сәуле Сләмғазина.
Өз сөзінде ол елімізде балаларға 1 жасында қызылшаға қарсы ККП вакцинасы салынатындығын, 6 жасында сол екпе қайта егілетіндігін жеткізді.
Жоспарлы екпелерден басқа, 2023 жылы Қазақстан бойынша 1-ден 17 жасқа дейінгі балаларға қызылшаға қарсы иммундау науқаны басталды. ШҚО бойынша вакцинацияланбаған 1664 адам анықталды. Бүгінгі таңда олардың барлығы екпе алған, - дейді С.Сләмғазина.
