Шығыс өңірде Сібе көлдерінде жағажай маусымы ашылды
Шығыс Қазақстан облысындағы Сібе көлдеріндегі муниципалды жағажайда шомылу маусымы ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа маусымның ашылу шарасына облыс тұрғындары мен қонақтары арнайы келіп қатысты. Демалушылар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, маусым ерекше қызықпен бастау алды.
Ұлан ауданының әкімі Думан Рахметқалиев атап өткендей, маусым басталар алдында муниципалды жағажайдың аумағы толығымен абаттандырылған. Нысандағы балалар алаңының құрылысы жаңартылып, жағажайға құм төселгені тағы бар.
Сібе 5 көлден тұратын көпшілікке белгілі көл жүйесі. Таза және мөлдір су аудан тұрғындары мен қонақтарының, сондай-ақ, кәсіби дайверлердің арасында өте танымал.
Айта кетерлігі, туризм саласы басты бағыттардың бірі болып табылады. Туристік нысандарға бай Шығыс Қазақстан облысы еліміздің ең көрікті жерлерінің қатарына енген.