Жаңалықтар

Шығыс медицинасы аурудың салдарын емес, себебін емдейді – академик

Медицина ғылымының докторы, профессор, академик Жасан Зекейұлымен сұхбат.
Шығыс медицинасы аурудың салдарын емес, себебін емдейді – академик
Фото: Жеке мұрағаттан 04.05.2023 13:40 2712

- Жасан Зекейұлы, қазақта «ауырып ем іздегенше, ауымайтын жол ізде» деген сөз бар ғой. Өзіңіз медицина саласының маманы ретінде осы  қағиданы ұстанасыз ба?

- Негізі «ауырмайтын жол іздеу» бүкіл қазақ зиялыларының, өзін мәдениетті санайтын, қоғамда жоғары дәрежедегі өмір сүргісі келетін адамдардың арманы.

Мен дене шынықтыруды 55 жасқа дейін тұрақты жасап келдім. Бірақ адам жасы ұлғайған сайын бірқалыпты  дене қимылын жасау қиынға соғады. Сондықтан әр адам өзінің шамасына қарай лайықты дене жаттығуымен айналысқаны дұрыс.

Өзім күн жылы кезде велосипед тепкенді жақсы көремін. Ал қыста 3-5 шақырым, кейде 10 шақырға дейін жаяу жүргенді жаным қалайды. Тұрақты түрде спортпен шұғылдануға бұрынғыдай уақыт жоқ. Аптасына бір рет қол мен буынға жақсы әсер ететін волейбол ойнауға тырысамын. Артық күш жұмсамай-ақ адамның қуат көзін ашуға, қорғану үшін талдырып тастауға болатын нүктелерді меңгергенмін. Ол өзіңнің әрекет қуатыңды күшейтуге пайдалы.

Сосын бес уақыт намаздың өзі адам ағзасының бүкіл әрекет-жүйелерін ретке келтіріп отырады. Буындардың, екі залдық парша сүйектің қозғалысын, бұлшық еттің, омыртқаның дұрыс қозғалуын, адамның жүйке жүйесін қалыпқа келтіруге жақсы әсер етеді. Сондықтан бес уақыт намазымды үзбей оқимын.

Спорттың жекпе-жек түрлеріне қарағанда, жүгіру мен жаяу жүрудің денсаулыққа тигізер пайдасы зор деген пікіп айтылады.  

– Бұл пікірмен толық келісуге де болмайды. Өйткені әр адамның ағзасы әртүрлі. Алақан мен бармақ басындағы сызықтар - адамның штрих коды. Алланың өзі солай жаратқан. Адамды алақаны мен бармақ басындағы сызықтар арқылы жеке куәліксіз-ақ ол адамның кім екендігін білуге болады. Сол сияқты алақан сызықтарындағы адам организмінің қалыптасуы және оның бір-бірне ұқсамайтындығы, энергия ағымының өзгеше екендігі зерттелген.

Жоғарыда айтылған жекпе-жек түрлерін зиянды деп айта алмаймын. Тек кәсіби түрде айналысып жүріп, жаттығыуды бір күнде тоқтата салуға болмайды. Оны жасқа қарай ақырындап азайта беру керек. Егер адам спортты бірден тастап кетсе, әсіресе ауыр спортпен, штанга көтерумен айналысатындар, бұлшық еттері басқаша өзгеріске ұшырап, дене салмағы артып, өміріне зиян тиюі мүмкін. Бұлшық еттің әрекеті жүректің қалыпты соғысына әсер етіп, адамның денесі ерекше өзгешелікке ұшырайды. Барлық сырқат спортпен емделеді деген сөз де дұрыс емес. Әр адам өз организмін өзі зерттеп, өзіне сай келетін спортпен шұғылданғаны жөн.

Қазақта халықтық медицина бар ма? Бар болса ол неге негізделген?

– Қазақтың төл халықтық медицинасы бар. Оның негізі бұрыннан келе жатқан дәстүрге байланысты. Сондықтан мұны қазір халықтық демей, дәстүрлі медицина төңірегіндегі заманауи медицинамен тең тұратын медицина деп айтамыз. Іш жүзінде халықтық медицина ішінде дәргерлердің жұмысын жасамайтын медицинаны айтамыз. Ол әдетте сынықшылық, тамыр басып диагноз қою, құмалақ ашу, адыраспан тұтатып, энергетикасын дұрыстау, суға түрлі шөптерді салып, шепкі жасап тазалау деген сияқты болып келеді. Жалпы қазақтың төл медицинасы жеке сұхбатқа жүк боларлық дүние.

«Шипагерлік баян» атты медициналық жинақты дүниеге әкелген ғалым, емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы не айтасыз? Аталмыш еңбектің бастапқы нұсқасы бес ғасыр бұрын жазылған екен, бізге соның төрттен бірі ғана жеткен деседі...

– «Шипагерлік баян» атты медициналық жинақты негізі Қытай Халық республикасы өздері шығарып, патенттеп алған. Солардың медициналық тұжырымдарына негізделген. Ал енді оны біздің Қазақстанда арнайы зерттеп, шынайы түрде оның ғылыми тұжырымдамасын дәлелдеп оқулықтарға, болмаса басқа да зерттеу нәтижелеріне қосқан жоқ. Сондықтан басқа мемлекеттен шыққан мұндай тұжырымдамалық дүниелерді Қазақ елінде пайдалануға әлі ерте. Ол үшін сол елдің арнайы рұқсаты, болмаса солардың патенттеп алған адамдарының Қазақ еліне қатысы бар екендігін, Қазақ елінен шыққандығын дәлелдейтін тұжырымдама керек. Содан кейін ғана Өтейбойдақ жөнінде арнаулы ғылыми тұжырымды қозғағанымыз жөн. Қазір бұл жөнінде өте үлкен талас жүріп жатыр. Сондықтан әзірше қазбалап нақты айта алмаймыз.

Шығыс пен Батыс медицинасын салыстыруға бола ма?

– Шығыс пен Батыс медицинасын салыстыруға болады. Бірақ бәріміздің «илегеніміз бір терінің пұшпағы», бүкіл адамзатқа қажетті медицинаның бәрі ортақ. Сондықтан біз Шығыс-Батыс демей барлығын біріктіре қарауымыз керек.

Өйткені Шығыс медицинасы көбіне бір ауруды емдесе екінші ауруды тудырмайтын, адам ағзасына кері әсері жоқ негіздемелерді басшылыққа алады. Ғылыми тұжырымдамалар мен дәлелдерді негіздегенде Шығыстық медицина көбіне адам организмінің толық жазылып шығуға мүмкіндік туғызады.

Әрине әрқайсысының өзіндік артықшылығы бар. Бірақ Батыс медицинасының қазіргі даму шегі тоқтауға жақын. Одан әрі адамды қолдан жасай алмайтыны һақ.

Ал Шығыс медицинасының қазіргі жағдайы қалай?

– Шығыс дәстүрлі медицинасы қазір өте қарқынды даму үстінде. Адам денесіндегі тән, жан, рухты тең емдейді. Яғни адам денесі толыққанды сау болуы үшін тән, жан, рух бірдей болуы керек. Табиғатпен байланыстыратын энергетиканың бес көзі бар, сонымен ұштастырып емдейді.

Бес энергетика көзі: күн, жұлдыз, ай, ата-баба рухы, жер шары. Осы бесеуін үзбей қабылдап отырған адам толыққанды сау адамға жатады.

Күн энергетикасы неден беріледі? Ол рауандап атып келе жатқан таңның нұрлы шапағаты. Күн нұрына малынып өсіп тұрған өнімнің бәрі күн энергетикасын бере алады. Олар күн нұрын шашатын ультракүлгін сәулелер арқылы адам денесіне таратып отырады. Күн ерекше тіршілік көзі.

Жұлдыз энергетикасы көбіне адамның денесіне қуат көзін беріп отырады. Ол энергетиканы алу үшін адам ерте жатуы керек. Яғни жұлдыздың энергетикасы адам ұйқыға шомған кезде, ми тынышталып бүкіл клетка, барлық организм сол энергетиканы қабылдай алатын кезде ғана беріледі. Жұлдыз энергетикасының берілу уақыты түнгі сағат 23:00-ден таңғы 03:00-ге дейінгі аралық.

Одан кейін Ай энергетикасы. Ай энергетикасын адам тікелей қабылдауға болмайды. Өйткені ай тікелей бетке түссе айдың әсерінен нерві ауысуы мүмкін. Ай энергетикасы адам көзіне көрінбейді, ол ультражарықтар арқылы беріліп отырады.

Келесісі таңмен оянып намазға тұрар кезде, күннің шығар алдындағы, яғни жұлдыз бен айдың энергетикасы тоқтаған кезде, сағат 05:30 бен 07:30 арасындағы уақыт. Бұл кезде адамға екі жарым сағат ешқандай энергетика әсер етпейді. Сол аралықта рухты энергетика болады. Яғни ата-баба рухының энергетикасы адамның төңірегінде, бірақ көзге көрінбейді. Сол сәтте таңмен тұрып, намазбен бірге ата-баба рухына ниеттеніп, Алладан береке тілеп ниет етсе, сол кезде энергетика толық құрылады.

Ал жер шары энергетикасы ол жерден шығатын, жер шарындағы өндірілген барлық өнімнің энергетикасы. Бүкіл жеміс-жидек, бүкіл ас. Түскі екіге дейін жеміс-жидекті, шөп-шалаңды, ал түстен кейін ет тағамдарын жеуге болады. Мұның барлығын ортақ ғылыми тұжырыммен дәлелденген негіздемелерге сүйеніп айтып отырмын.

Сондықтан осы бес энергетиканы тұрақты түрде ретке келтіретін, оны сақтап отыратын, оны өзінің ретіне қарай 700 000 ине аккупунктуралық каналымен ретімен жіберіп отыратын, істемей қалған, өліп қалған клеткаларды қайта тірілтетін, қол-аяғы істемей қалған, тіл-ауызы шықпай қалған, тіпті ес-түсін білмей қалған адамды қайта өмірге әкелетін осы Шығыс медицинасы. Шығыс дәстүрлі медицинасы осындай тәсілдерімен ерекшеленеді.

Қазақ жерінен шығып, бүкіл әлемге Екінші Ұстаз атанған ғұлама ғалым, ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби жазып қалдырған медициналық трактаттардың қазіргі медицина үшін құндылығы қаншалықты?

– Осы тұлғаны біз әлі толық түсінбей жүрміз. Біріншіден осы дау болғанда бұл тұлғаның қазақ жерінен екендігі әрең дәлелденді, соңында Біріккен Ұлттар Ұйымынан қағаз алынды. Бұны білеміз. Оны ұстаз ретінде, медицина ғалымы ретінде бүкіл әлем біледі.

Бірақ діни ағымдарға байланысты, бүкіл әлемдегі ғұламалардың қай жүйе негізімен танылғанын, қай жақтан шыққанын - Шығыс па, Батыс па деп талас болып келеді. Соңғы кезде заманауи медицина көбіне Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерін нақты медицинада атап айтпай жүр. Егер мұны көрсетсе ғұламалардың барлығы Шығыстан шыққан болып шыға келеді ғой. Сол үшін дәстүрлі медицина факультеттерін ашуымыз керек. Сол жерде арнайы магистр, PhD докторлар шықса әл-Фарабидің еңбектерін зерттеп, жинақтау арқылы оны жоғары деңгейге көтеруге болар еді. Әйтпесе оның құндылығы бар болғанымен, оның кейбір еңбектерін пайдаланып, бірақ оны мойындамай отырған батыс елдері көп.

Жаңадан тәуелсіз болған Қазақ еліне олардың ғылыми тұжырымдамаларына таласып, ол бізден шыққан әл-Фарабидің еңбектері деп айтуға мүмкіндік болмай отыр. Сондықтан бұл тақырып баршамызға өте қажетті тұжырым. Егер біз әл-Фарабидің медицина жайлы еңбектерін толық түрде ашып және бүкіл дәстүрлі медицинамызды көтеретін болсақ, онда біз әлемдегі ғұламалардың шыққан төркіні - Қазақ жері екендігін дәлелдейтін едік. Келешек ұрпаққа осыны аманаттап, сол бағытта зерттеуді қазірден бастап қолға алуымыз керек. Бұған негізі халық дайын, біз де дайынбыз, тек Үкімет қолға алып, қолдаса болғаны.

Бос уақытта немен шұғылданасыз, өнерден де құралақан емес сияқтысыз?

– Бос уақыт бола бермейді, ондайда негізінен кітап оқығанды жақсы көремін. Ғылымдағы жаңалықтар жайындағы, ғұламалардың тарихы және өмірдің кейбір философиялық негіздері, жағрафиялық кеңістікте адамдардың дамуы, «18000 ғаламда олар немен байланысып тұрады?» деген сауалдарға жауап іздеуге тырысамын. Адамдардың көбі өзінің әрекетіне қарай болып жатыр деп ойлайды. Бірақ бізді ерекше бір күштің басқарып отырғаны рас. Ол Алла тағала!

Кейде шешімі қиын нәрселерді, емдеу жолы қиын ауруларды емдеуде жаңадан табылуы тиіс жолдар болса, ол түсіме аян арқылы беріледі де сол арқылы емдеймін. Түс көру арқылы сол шаруалар шешіліп жатады.

Бос уақытымды текке кетірмеуге тырысамын. Демалысымда жақсы адамдармен жүздесіп, сұхбаттасуға тырысамын. Жақсыларды іздеп жүремін. Жақсы адам деген таусылмайтын кен сияқты. Өзінің өмірінен жинаған тәжірибесімен бөліссе ол адамнан қуат, өмір сүруге шабыт аласың.

Ал өнер деген ерекше қабілет қой. Мен күніне болмаса күнара қолыма аккордеонымды алып, өлең айтатыным бар. Сол арқылы бойымдағы жаман энергияларды шығарып тұрамын. Солай көңіл күйімді бір сергітемін. Рухани көңіл күйімді реттеп отырамын. Бұны да спорттың бір түрі деп айтуға болады.  

Одан басқа гитарада, фортепианода ойнаймын. Жақсы өлең оқығанды, ән айтқанды, әсіресе баяғы дәстүрлі әндерді орындағанды, 60-70 жылдардағы әндерді, Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтің лирикалық әуендерін орындағанды жаным сүйеді. Жақсы әуен адамға күш-қуат береді.

Саяхаттауды ұнатасыз ба, қыдыру да ем деп жатады...

– Иә, ел аралағанды жақсы көремін. Әлемнің 80-нен астам мемлекетінде болдым. Қай жақта барсам да орман-тоғайдың саясында серуендегенді ұнатамын. Себебі табиғаттан күш аласың. Бойдағы керексіз энергиялардан арылу үшін жылына бір рет шығыстағы Алакөлге барған жақсы. 5-10 күн сондағы тұзды суға шомылып, тазарып қайтамын.

Бірақ өзімді ең жақсы сезінетінім, таңертең ерте тұрып, бір шай қасық ас содасын 200-300 грам жылы сумен аш қарынға ішемін. Асқазандағы қортылмай қалған бөгде зиянды заттардан осылай құтылуға болады.

Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар?

– Әлем медицинасын ойландырып отырған жазылмас дерттердің жасаруы мен аурудың көбеюінің себеп-салдарын зерттеу және анықтау. Ұзақ өмір сүруге болатыны жайлы ғылыми тұжырымдамалар дайындау. Сондай-ақ, дүниежүзі ғалымдары шеше алмай отырған емделуі қиын аурулардың емін табу және Шығыс медицинасы ілімінің Қазақстанда кең қанат жаюына ықпал жасай отырып, медициналық білім ордаларын ашып, шәкірттер тәрбиелеу. Сонымен қатар, «Жаңа Қазақстан» бағдарламасына сәйкес медицина ұйымдарының беделі мен біліктілігін арттыруға үлес қоссам деймін.

Елге айтар тілегіңіз бар болса!

– Әр қазақ ауырмай жүрсе, халықтың саны көбейе түссе деген тілек бар.

Мазмұнды сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға