Жаңалықтар

Шығындарыңды түземесең, табысыңда береке болмайды – қаржы сарапшысы

Шығындарыңды түземесең, табысыңда береке болмайды – қаржы сарапшысы
Фото: Жеке мұрағаттан 20.09.2024 15:00 599

Елімізде қарызға белшесінен батқан азаматтарымыз аз емес. Оларды бір сөзбен қаржылай сауаты төмен азаматтар қатарына жатқызуға болады. Соңғы жылдары еліміз осындай азаматтарымыздың санын азайтып, қаржылай проблемаларын шешу үшін бірқатар реформа жасап, тіпті заң да қабылдады. Мысалы, былтыр «Банкроттық туралы» заң шықты. Бұл заң аясында қарызы нормадан асып кеткендерге өзін «банкрот» деп жариялауға мүмкіндік берілді.

Осыдан-ақ елімізде қаржылық сауат мәселесі өзекті екенін айтпаса да белгілі. Осы орайда El.kz тілшісі «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Дулат Мыңбаевпен әңгімелесіп, отандастарымыздың қаржылай білімін арттыру мақсатында қандай жұмыстар қолға алынып жатқанын білді.

El.kz: Бүгінде халықтың қаржылық сауатын ашу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Жалпы «Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты неде?

Дулат Мыңбаев: «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылы мамыр айынан бастау алып, бүгінге дейін тұрғындарды оқытып келе жатыр. Курс аясында азаматтарымыз 5 күн бойы тегін оқиды. Осы күндер ішінде тыңдаушыларымызға жеке және отбасылық қаражатты қалай дұрыс басқару керек, шығындарды оңтайландыру, ысырапқа жол бермеу сияқты тақырыптар төңірегінде тұрғындарымызды ақшаны басқаруға үйретеміз.

Сонымен қатар банк несиелерінің қалай қалыптасып жатқаны, оның ішінде шағын несиелердің пайыздары қалай қалыптасады, екінші деңгейлі банктердің несиелері, жалпы несиелердің қандай түрлері бар, оның төлемдерінің түрлері сияқты өзекті мәселелер де бағдарлама аясында көтеріледі. Осы тақырыптың барлығын қаржылық сауаттылығы төмендеу азаматтарға үйретеміз.

Бес күндік сабақта шығындарды оңтайландырудан басқа, кірістерді көбейту жолдарын, өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарға мемлекеттен қандай қолдау берілетіні, бизнес ашуға берілетін гранттардың түрлерімен таныстырамыз. Сондай-ақ өз қаражаттарын жинақтау, сақтау, ұлғайту бойынша пассивті кіріс пен депозит түрлері, құнды қағаздар нарығы, акциялар, облигациялар бойынша ақпарат береміз. Жылжымайтын мүлік, валюта және басқа қандай салада өз қаражатын салып сақтап, ұлғайтуға болатыны туралы толық ақпараттандырамыз.

El.kz: Қазір де сабақ өткізіп жүрсіз бе?

Дулат Мыңбаев: Иә, осы дүйсенбіден бастап жұмаға дейін жаңа топқа курс өткізіп жатырмын. Аптасына 5 күннен айына 3 лек оқытамыз. Айдың төртінші аптасында есеп тапсырамыз. Қазір елордадағы №34 орта мектеп ұстаздары мен білім ордасының қызметкерлерімен жұмысымды бастадым.

Біз 5 күнмен оқытып, шектеліп қалмаймыз. Бір жылға дейін заңгердің және мен сияқты қаржы сарапшыларының тегін сүйемелдеуі бар. Өз кәсібін ашқысы келетін адамға қолдау көрсетіп, бизнес жоспарын құруға көмектесеміз. Көп адам бизнестің көзін таппай жүреді, бастағысы келеді, бірақ неден бастарын білмейді.

Жобаның аясында курстан өтіп, кәсібін бастағандар аяғын нық басып кетеді.

Шығындарыңды түземесең, табысыңда береке болмайды – қаржы сарапшысы

Кез келген елде экономиканың іргетасы – ол ірі кәсіпорындары емес, шағын және орта бизнес. Ісін бастағысы келетін адамдарға барынша қолдау көрсету - жобаның негізгі мақсаты.

Көп адам қаржылық сауаттылық ақша санай білу деп ойлайды. «Айлықты көбейтсем, өзім-ақ реттеп аламын. Жаратуды үйретпей-ақ қойыңдар. Кірісімді көбейтіңдер» дейді. Ал енді шелегің тесік болса, қанша су құйсаң да оны толтыра алмаймың. Сол сияқты айлығыңды қанша көтергенмен шығындарыңды түземесең, әрине кіріс болмайды.

El.kz: Қаржы саласында сарапшы, кеңесші болып, тәжірибеңізді бөлісіп жүргеніңізге көп болды ма?

Дулат Мыңбаев: Қазір жасым 62-де. 2000 жылдан бері шағын және орта кәсіптің кеңесшісімін. Міне 24 жылдай болып қалды. Бизнес жоспарлар жасау, инвестициялық жоспарлар әзірлеу бойынша қызмет көрсетемін. Сонымен қатар кәсібін нөлден бастаған азаматтарға аяғына тұрып кеткенге дейін жәрдем беремін. Тапсырыс берушілер көбіне құрал-жабдық, технологиялар таңдау мәселесі бойынша да жүгініп жатады. Мысалы, кәсіппен айналысқысы келіп, өзінде ғимараты, ресурстары бола тұра, бірақ қалай іске асырарын, неден бастарын білмей отырғандар бар. Кейде қаражаты болса да, оны қандай кәсіпке саларын білмей отырғандар да кездеседі. Ал енді кәсібін бастағандар, бірақ нарыққа шыға алмай отырғандар болады. Осындай мәселелерде біз кеңесімізді айтып, жәрдемімізді береміз.

Былтыр осы жобаның алдында Еңбек министрлігінің «Бастау бизнес» бағдарламасы болды. Осы жобада бизнес жаттықтырушы болып дәріс бердім.

Енді «Қарызсыз қоғам» жобасы басталғалы бері отандастарымызға қаржылық сауаттылық бойынша сабақ беріп жатырмын.

El.kz: Қаржы кеңесшісі ретінде 24 жыл тәжірибеңіз бар. Осынау жылдар ішінде өзгерістер байқадыңыз ба? Азаматтарымыз қаржылай сауатты бола түсті ме?

Дулат Мыңбаев: Біз қаржылық технологияларға ілесе алмай келе жатырмыз. Тіпті компьютерлік дағдылар жоқ. Мысалы, қарапайым eGov-қа тіркеліп, анықтамаларды алудың өзін көбі біле бермейді. Қазір банк қызметтері онлайн жүргізіледі емес пе... Сондықтан білместікпен несиеге ұрынып жатқандар да аз емес.

Шыны керек, өте ақкөңіл, сенгіш халықпыз. Бұл табиғатымызда бар дүние. Қаржы алаяқтарына алданып қалып жатқандардың көп болуына да осындай факторлар себеп болып отыр.

Ал енді кәсіпкерлік икемділігімізге қарайтын болсақ, біз табиғатымыздан ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына икемдіміз. Әр ұлттың өзінің икемі болады. Мысалы, біздің оңтүстіктегі халықтың қолынан егіншілікпен айналысу келеді, ал шығыстағылар ас дайындауға қабілетті. Мал шаруашылығымен айналысуды қазаққа үйретудің керегі жоқ. Себебі ол қазақтың қанында бар нәрсе. Бірақ оны монетизациялап, қаржыға айналдыру жолында кеш қалып келеміз. Семіртуін семіртеміз, бағуын бағамыз, мал басын көбейтеміз. Бірақ оны дүкен сөресіне дейін жеткізе алмай қаламыз.

El.kz: Оған не кедергі болып отыр?

Дулат Мыңбаев: Жылда оңтүстік өңірлер еккен егінін, мысалы, қауын-қарбызын піскен жерінен бірден сатып жіберуге тырысады. Тереңдетіп өңдеу деген жоқ. Сатылмай қалғандары ысырап болып, малға жем болады. Биыл құлпынай мол болды. Құлпынайдан тосап жасап жатқандар да шамалы. Оңтүстікте құлпынай келісі 150 теңгеден болса, Астанада 2000 теңгеден түскен жоқ. Ал енді оны мұздатып сақтап, компот, тосап жасаса, тасымалдауға да жеңіл болар еді. Бірақ оған икеміміз әлі келіңкіремей тұр.

«Қарызсыз қоғам» жобасы – өте ауқымды жоба. Оның ішіндегі қаржылық сауаттылықты арттыру ол тек бір ғана саласы. Биыл Жамбыл облысы Меркі ауданында «Агросауат» оқу-әдістемелік орталығын аштық. Орталықта шаруаларды жаңа агротехнологияларға оқытып, оларға 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие береді. Ал кепіл заты жоқ, төлем қабілеті төмен азаматтар тізімінде тұрғандарға несиені тауар түрінде, атап айтқанда, ұрық, көшетіне, суару құрал-жабдықтарына дейін беріп, өнімін шығаруға көмек беріледі. Агросауатта тереңдетіп өңдеу зауыты ашылды. Енді шаруалар өсірген өнімдерін орталыққа өткізіп, сол жерде өңдейді. Кейін өңделген өнімдер дайын күйінде дүкен сөрелеріне сатылымға жіберіледі. Осындай орталықтарды барлық ауданда ашуды жоспарлап отырмыз.

Енді шаруаның өндірген өнімдерін сауда орталықтары құжатсыз қабылдамайды. Оны дүкен сөресіне қою үшін құжат қажет. Жеке шаруаға жеке құжат, штрих-код керек. Қазір осы мәселені шешу үшін «Ауылда жасалған» деген стандарттың құжатын алдық. Енді шаруалар шығарған өнімдерге сертификатқа сай жасалып, дүкендерге, сауда желілеріне жіберіледі.

Әрине «Ауылда жасалған» өнімдерді экспортқа шығаруға келмейді. Бірақ ел ішінде сатыла береді.

Шаруа мемлекеттен субсидия алғандықтан техниканы, құрал-жабдықты 40-50% жеңілдікпен алады. Осылайша өңделген өнімнің құны да төмендеу болады. Нарықпен арасындағы айырмашылығы – кооперативтік табысы болады. Шаруа өнімін сол күйінде өткізгеннен гөрі өңдеп өткізсе, пайдасы да мол болады. Бұл - «Қарызсыз қоғамның» қолға алып отырған негізгі бағыттарының бірі.

El.kz: Бұл бизнесті қолдауға көрсетіліп жатқан жобаның бірі екені түсінікті. Алайда азаматтардың қаржылық сауатын арттыру курстарын өткізу қаншалықты маңызды? Отандастарымыз мұндай курстарсыз-ақ өз ақшаларын өздері сауатты басқара алмай ма?

Дулат Мыңбаев: 2019 жылы бір рет қарыз болып қалған қазақстандықтарға амнистия берілді. Үкімет бюджет есебінен 500 мыңға жуық адамның 300 мың теңгеге дейінгі банктегі қарыздарын жауып берді. 2023 жылы банкроттық туралы заң шыққан уақытта бір аптаның ішінде 61 мың өтініш түсті. Оның 49 мыңы талапқа сай болмағандықтан қайтарылды. Енді заң күшіне енгенде 2019 жылы несиесі кешірілгендер қайтадан құжат тапсырған. Олар «тағы да қарыз болып қалдым, тағы кешіріңіздер» деп отыр. Бұл халықтың қаржылық сауатын көтеру керегі туындағанын көрсетті. Бұл жоба осыдан басталды.

Студент жастарымыздың 80%-ының мойнында несие бар. 2023 жылы әскерге шақырылған 18-20 жас аралығындағы сарбаздар шақырылды. Олар әлі еш жерге жұмысқа тұрып үлгермеген. Бірақ сол сарбаздардың мойнында банктен алған 1,4 млрд теңге қарызы бар екен. Оларда «қалай төлеймін?», «кірісім жоқ, төлей алмай қаламын-ау» деген қорқыныш жоқ. Ол қорқыныш батырлықтан емес, білмегендіктен кіріп кетіп отыр. Сондықтан «Қарызсыз қоғам» жобасы қаржылық сауаттылықты арттыруды мектеп бағдарламасына енгізуді биылғы 1 қыркүйекке жоспарлаған еді. Көктемнен бері Эстония, Финляндия, Қытайға барып, қаржылық сауаттылықты оқу орындарында қалай оқытып жатқанын көріп қайтты. Барлық құрал-жабдықты әзірлеп, 7500 ұстазды оқыттық. Алайда шығындар бюджетте алдын ала қарастырылмағандықтан жоба келесі жылға қалып отыр.

Қаржылық сауаттылық пәні енгізілсе, оны 5-сынып оқушыларынан бастап оқиды.

El.kz: Халық несиені кешіреді екен деп қарыз ала беруін жалғастыра берсе, онда амнистия немесе банкроттық сияқты заңдарды қабылдаған қаншалықты дұрыс?

Дулат Мыңбаев: Былтыр Түркістан облысында 3 ауданның тұрғындарын оқыттым. Сонда аңғарғаным, біздің азаматтарымыз банк жүйесін мемлекеттік деп ойлайды екен. Оның жеке құрылымдар, жеке компаниялар екенін және оның бюджет қазынасына ешқандай қатысы жоқ екенін ажырата алмайды. Ал енді сабақ өткенде бюджетке қаржы біздің салықтарымыздан түсетінін, ол салықтан түскен қаржы білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, шекарамызды күзетуге бөлінетінін түсіндіреміз. Ал банк жүйесі жекеменшік құрылым болғандықтан акция, облигация шығару болмаса халықтың депозитін алып, оны қайтадан несие ретінде беріп, табыс тауып отырған құрылымдар.

Осы мәселелердің ара-жігін жіктеп айтқанда көбі түсіне бастайды. Несиенің пайызын түсіндіреміз.

Өздеріңіз білетіндей, несиелендіру бойынша қаншама өзгерістер болды. 19 шілде күні Президент қол қойған Жарлықта енді жұбайының келісімінсіз 3,5 млн теңгеден артық несие рәсімдеуге болмайды. Өйткені көп отбасында жұбайлары бір-бірінің несиесін білмейді.

Ал жастарымыз ойынға құмар болып, жылдам ақша табамын деп қарызға кіріп кеткен. Заңда жасы 25-ке толмаған жастарға табысын растамаса несие берілмесін деген ұсыныс бар.

El.kz: Енді қаржылай сауатты болу үшін не істеу керек? Азаматтарымыз өз ақшасын қалай басқарғаны дұрыс? Баланы үйде қаржылай сауатты болуға қалай үйреткен жөн?

Дулат Мыңбаев: Бізде 20 млн адам болса, оның ішінде экономикалық белсенді азаматтардың саны шамамен 9,4 млн адам. Ал қалған 8,6 млн-ында кем дегенде басында бір-бірден несиесі бар. Ал енді 6,8 млн-ға жуығы несиесін дер кезінде төлей алмай, «қара тізімге» енгендер. Міне олар қаржылай сауатсыздықтың салдарынан маңдайлары тасқа тигендер. Олар әрине, ата-аналар, еліміздің тұрғындары. Олар қарыздың қаншалықты қиын екенін және оның салдарын көрді. Әрине, осыдан кейін олар балаларына қарызға кірмеу керегін айтып, түсіндіріп отырады.

El.kz: Кіріс пен шығысты қалай реттеу керек? Оқырмандарға ақшаны қалай есептеуге кеңес бересіз?

Дулат Мыңбаев: Қаржы – ол санауды қажет ететін дүние. Кіріс пен шығынды тізіп жазу керек. Мысалы, тамызда қанша табыс болды, қандай шығын жасалды, бәрін қолмен жазып, есептеу қажет. Демек, несие төлеуге, коммуналдық шығындарға, азық-түлікке, киім-кешекке қанша қаражат кетті – бәрін тізіп шығу керек. Осылай жазып отырса, қаржысын қалай тиімді пайдаланып жатқанын бақылай алады. Кейде банк қосымшалары арқылы ақшамызды жарата береміз. Бірақ тапқанымыз майда-шүйдеге жұмсалып кеткенін соңында байқап жатамыз.

Жаңа айтқанымдай, ақшасын қайда жаратқанын көріп отырса, өзіне шектеу қойып, қажетсіз дүниелерге жаратуды азайта алады.

Мысалы, көбіне оңтүстік өңірде өткізген семинарда қатысушылар шығыстарын «той-думанның» шығынынан бастайды. Бізде айлығының бір бөлігін депозитке салу не болмаса 10-20 пайызын сақтап қою әдеті әлі қалыптаса қоймады. Ақшамызды толығымен жаратып жібереміз. Сол себепті шығындарды жазып, фиксация жасап отыру керек. Артық шығын жасамай, кіріс пен шығыстың айырмашылығы кемінде 50х50 болуы қажет. Егер шығысың көп болып, табысың аз болса, әрине, минусқа кіресің. Ал оны толтыру үшін біреуден қарыз аласың, несие аласың. Соны тоқтату керек. Бізде ысырап көп.

Былтыр оңтүстік өңірде сабақ беріп жүргенде тойлардың түрлерін лекцияда сараптайтынмын. Қатысушылардың өздері де бесік той, шілдехана, тұсаукесер, ұзату тойлары бар деп тізіп айтып береді. Жалпы қазақта тойдың түрлері көп емес пе?! Ал енді мына тойдың қажеті бар ма, осылай ысырап жасауға бола ма деп көзбе-көз жіктегенде қатысушылардың өздері ойланып қалатын. «Шынында да болмайтын нәрсеге шығындалып жатыр екенбіз ғой» дейтін. Сабақ кезінде осындай дүниелерді де айтып отырамыз.

Тіпті мақтаныш үшін қолындағы IPhone 13-ін IPhone 15-ке ауыстырудың қажеті жоқ екенін де еске саламыз.

El.kz: Иә, біз тұтынушылық несиені жиі аламыз...

Дулат Мыңбаев: «Аттыға ерем деп, жаяудың таңы айырылыпты» дейді. Дәулетті кісілердің жасап жатқанына ермей, көрпеге қарай көсілу қажет. Сондықтан менталитетті өзгерту керек. Әрине адамды өзгерте алмайсың, оның ой-санасын өзгертесің.

Жарқыратып той жасағанша, екі жасқа үй әперген дұрыс. Той жасаймыз деп қарызға кіріп кетіп, ысырап жасаймыз. Әрине ақшаны алдын ала жинамағаннан кейін осындай жағдайға ұрынамыз.

Енді қаржылық сауаттылық бірте-бірте қалыптасады. Бәрі тәжірибеден келеді. Біз неден сақтану керек, қаржы пирамидалары – жалпы бәрін үйретуді жалғастыра береміз.

El.kz: Бізде «оңай жолмен ақша тауып, байып кетем» деп ойлайтындар аз емес... Сөйтіп қаржы пирамидаларына өзі ғана емес, артынан туған-туыстарын, достарын кіргізіп жіберіп жатқандар бар...

Дулат Мыңбаев: Абай атамыз айтқандай, еңбексіз мал табуға шекемізге тиіп жатса да, әлі құмарлығымыз басылған жоқ. Қарызға да кіріп кетіп жатырмыз, ағайын-туысты да батырып жатырмыз. Дәл қазір Қазақстан бойынша 20 млн адам банктерге 19 трлн теңге қарыз.

El.kz: Аға, былтырдан бері азаматтарымыздың қаржылық сауатын ашып жүрсіз. Осы бір жылдан аса уақыт ішінде қаржы проблемасын шешіп, сізге рақметін айтып хабарласқандар болды ма? Бір-екі мысал келтіре аласыз ба?

Дулат Мыңбаев: Иә, болды. Бізде халық тығыз орналасқан өңір – оңтүстік. Мақтарал, Ордабасы, Отырар аудандарында болдым. Осы өңірлердің халқы банктерге жиі жүгінген десек болады. Әсіресе Мақтарал ауданында бір қаржы пирамидасына бюджет саласының шамамен 80 пайызы кіріп кеткен екен. Оған несие алып тіркелген. Тіпті 40 млн теңге несие рәсімдеп, үйін кепілге қойып кірген тыңдаушы болды. Ол бір айда 80 млн теңге жасап аламын деп ойлаған. Себебі ол бұған дейінгі легінде қосқан ақшасын екі есе етіп алған. Сөйтіп тағы салсам, оны бір айда екі есе көбейтіп аламын деп ойласа керек.

Осындай қарыздарға кіріп кеткендердің, мысалы, банк алдындағы төлемдері 90 млн теңгеден асып кеткендерге заңгерлеріміз көмек беріп, жаңа кесте алып беріп, мәселелерін оңтайландырып берген болатын.

Енді айтқым келетіні, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама біздің жобамызбен тығыз байланысты. Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге 2,5%-бен несие береді. Бағдарламаның негізгі талабы – несиені алған адамдар сол ауылда бір кооперативке бірігуі керек. Сөйтіп шығарған өнімдерін бір жерден өңдеуі керек. Осы жоба бойынша Ордабасы ауданында біздің тыңдаушыларымыз екі кооператив құрып, кәсіптерін бастады.

El.kz: Дулат аға, өте қажетті әрі маңызды ақпаратты бөліскеніңізге алғыс айтамын. Азаматтарымыздың қаржылық сауаты арта берсін деп тілейміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға