«Шыдай алмай маңдайынан иіскедім»: Депутат Берденовтың жағдайын білді

Қазақстан Парламентінің Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев Шымкент қаласындағы ауруханада ем қабылдап жатқан Руслан Берденовке арнайы барып, оның жағдайымен танысты. Бұл туралы халық қалаулысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутаттың айтуынша, Руслан Берденов қазіргі уақытта реанимация бөлімінде жатыр. Жағдайы – орташа ауыр, алайда сана-сезімі анық, сөйлей алады және рухы мықты. Болатбек Әлиев оған әріптестерінің сәлемін жеткізіп, қолдау білдірді. «Шыдай алмай маңдайынан иіскедім. Нағыз азамат. Жарайсың, Руслан!» – деп жазды ол.
Болатбек Әлиев бұл сапарын депутат ретінде емес, ел азаматы ретінде де маңызды деп тапқанын жеткізді. Ол бір мандатты сайлау округінен сайланған депутат ретінде оқиға орны – Шымкент қаласына арнайы келгенін айтты. Сондай-ақ, 21 сәуір күні әкімдік ғимараты маңында болған атыс оқиғасының қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызғанын да атап өтті. «Бұл – аса ауыр қылмыс», – деді депутат.
Ол қазіргі таңда оқиғаға байланысты түрлі болжамдар мен негізсіз ақпараттар тарап жатқанын, алайда шындықты тек ресми тергеу анықтайтынын қадап айтты. «Бұл істе соңғы сөзді сот пен заң айтады», – деді Болатбек Әлиев.
Сонымен қатар, ол тергеу амалдарының заң аясында және ресми түрде жүргізіліп жатқанын да нақтылап өтті. Бұл ретте қоғамды сабырға шақырып, ресми ақпаратқа ғана сенуді сұрады.
Сөз соңында депутат Руслан Берденовке тезірек сауығып кетуін тілеп, оның ел мен қала алдындағы жауапты қызметін абыроймен жалғастыратынына сенім білдірді. «Мемлекеттік қызметкер ретінде ол ерлік танытты. Оның сауығып, жұмысын жалғастыруы – бәріміз үшін маңызды», – деді Болатбек Әлиев.
