Жаңалықтар

Швейцариядағы клиникада жұмыс істейтін павлодарлық дәрігер тәжірибесімен бөлісті

Швейцариядағы клиникада жұмыс істейтін павлодарлық дәрігер тәжірибесімен бөлісті
Фото: жеке мұрағат 14.08.2024 20:04 8351

Ғылыми медицина саласында жауапты миссияны арқалаған Павлодардың тумасы Ислам Салиханов қазір Швейцариядағы емханалардың бірінде жүмыс істейді. Ол 2016 жылы Астана медицина университетінде хирург мамандығы бойынша жеті жылдық оқуын аяқтайды, бірақ жас маман операция бөлмесінің орнына ғылым жолын таңдап, зерттеумен айналысқанды құп көреді. Сол жылы Ислам Назарбаев университетінің Медицина мектебінің «Қоғамдық денсаулық сақтау» бағдарламасы бойынша магистратураға түсті. 2018 жылы университетті бітіргеннен кейін Ислам өзінің алғашқы жұмыс орны Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығында қызмет етуді бастайды. Ол «Біліктілікті арттыру орталығында» жұмыс істеп жүргенде-ақ Израиль, Түркия, Германия, АҚШ клиникаларындағы шетелдік әріптестерімен халықаралық байланыс орнатады.

Сонымен қатар, туа біткен жүрек ақауы бар балаларға күрделі операциялар жасайтын шетелдік педиатриялық кардиохирургтармен де шеберлік сабақтарын ұйымдастырады. Шетелдік әріптестер бір шеберлік сабағында 10-20 балаға ота жасап, еліміздің түкпір-түкпірінен қазақстандық дәрігерлерге мұндай операцияларды тәжірибе жүзінде жасауды үйретеді. Осылайша шетелдік мамандардан тәжірибе жинаған ол білімін одан әрі жетілдіру керегін түсінеді. Ислам Еуропада медицина ғылымына миллиардтаған қаржы бөлетін Horizon қорының грантын жеңіп алады. Қор жұмысының бағыттарының бірі - дамушы елдердегі денсаулық сақтауды қолдау болғандықтан аталмыш грант дәрігер-ғалым үшін көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Бүгін павлодарлық дәрігердің Швейцариядағы зерттеу жұмысы туралы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

El.kz: Ғылыми медицина саласындағы сапарыңыз қалай басталды? Бұл сала сізді несімен қызықтырды?

Ислам Салиханов: Менің медицинаға сапарым өте ертеде басталды. Мектепті 17 жасымда бітірдім, бірақ мамандық пен университет таңдау одан да ертерек 15 жас шамасында болды. Ол кезде саналы түрде таңдау жасау қаншалықты қиын болғаны айтпаса да түсінікті. Әсіресе сізді алда не күтіп тұрғанын мүлдем білмеген кезде таңдау қиынға соғады. Көбінесе дәрігер ата-анасы немесе туыстары бар адамдар медицинаға қадам басады. Бірақ өз отбасымда бұл жолды бірінші болып мен таңдадым. Ол кезде алдымнан не күтіп тұрғаны белгісіз болатын, осылайша 2009 жылы оқуды жаңа бастаған кезімде мені не күтіп тұрғанын елестете де алмайтынмын. «Сен жолға шық, жол өзі апарады» деген сөздер менің оқиғамды дәл сипаттайды деп айта аламын.

Медициналық университетте оқу жеті ұзақ жылға созылды. 2009 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта жеке тұлға ретінде жетіліп қана қоймай, сонымен қатар медицина саласы мені практикалық кәсіп ретінде ғана емес, ғылыми пән ретінде де қызықтыратынын түсіндім.

Мен ғылыми жұмыстарды зерттеу мен жариялау кәсіби міндеттен гөрі маңызды дүние екенін түсіне бастадым. Сондықтан университетті бітіргеннен кейін білімімді жалғастыруды шештім. Назарбаев университетінде Қоғамдық денсаулық сақтау бойынша жаңа магистрлік бағдарлама (Master ' s in Public H ealth) ашылып жатқанын кездейсоқ білдім. Бұл менің мүмкіндігім екенін бірден түсіндім. Орталық Азиядағы ең үздік университетте оқу тек алға басқан қадам емес, менің мансабымдағы нағыз бетбұрыс болды. Назарбаев университетінде өткізген екі жыл уақытта өмірім түбегейлі өзгерді. Олар маған терең білім беріп қана қоймай, сонымен қатар зерттеулерді қалай жүргізуге және деректерді талдауға және денсаулық сақтау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсіндірген алғашқы мектебім болды. Бұл тәжірибе барлық жетістіктерімнің негізін қалады. Дегенмен, мен өзімнен әрқашан үздік нәтижені талап ететінмін. Мысалы, халықаралық тәжірибе жинау, шетелде оқу және жұмыс істеу мүмкіндігі. Ол менің қалауым мен арманыма айналды. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жұмыс істеп жүргенімде шетелде PhD докторантураға түсемін деп шешім қабылдадым. Ғылыми идеяны әзірлеп, Швейцарияның кез келген университетінде PhD докторанттарды қаржыландыруға конкурс жариялаған Швейцарияның Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі-швейцариялық үкіметтік емес ұйымға грантқа өтініш бердім. Бақытымызға орай, менің өтінішім сәтті өтіп, мен PhD дәрежесін алу үшін 100 мың еуро беретін грантты жеңіп алдым. Диссертациямның тақырыбы - Қазақстандағы қатерлі ісік ауруы 3-4-ші сатыларында анықталған науқастарды емдеу. Аталмыш зерттеу мен үшін ерекше маңызға ие болды. Үш жыл PhD докторантурада бес ғылыми мақала жарияладым және 2023 жылдың тамыз айында Базель университетінде диссертациямды үздік қорғадым. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап мен Швейцарияның солтүстігіндегі Базель университетінің ауруханасында клиникалық зерттеу дәрігері болып жұмыс істеймін.

El.kz: Қазақстан мен Швейцария медицинасының қандай айырмашылығы бар? Швейцариядағы медицина сапасы туралы айтып берсеңіз...

Ислам Салиханов: Қазақстан мен Швейцариядағы медицина арасындағы айырмашылық шынымен де орасан зор және ол тек елдердің экономикалық әл-ауқаты деңгейінде ғана емес. Швейцария әлемдегі ең бай елдердің бірі бола отырып, денсаулық сақтау жүйесін жеке сақтандыру қағидаттары негізінде құрды. Мұнда емделуші мен емхана арасындағы делдал қызметін атқаратын жеке сақтандыру компаниялары басты рөл атқарады. Швейцариядағы ай сайынғы төлемдер әлемдегі ең жоғарылардың қатарында, ересек адамға орташа есеппен 500 еуроны құрайды. Төрт адамнан тұратын отбасы үшін бұл сома айына 1500 еуроға жетуі мүмкін. Медициналық қызметтердің жоғары құны біздің елдер арасындағы басты айырмашылықтардың бірі болып табылады. Бірақ бұл жалғыз айырмашылық емес. Швейцарияда, басқа батыс елдеріндегі сияқты, Базель, Берн, Женева және Цюрих сияқты ірі университеттік ауруханалар бар. Бұл клиникалар медицина, ғылым және білім бір-бірімен тығыз байланысты бірегей экожүйені білдіреді. Бұл интеграция бір мезгілде науқастарды емдеуге, зерттеулер жүргізуге және дәрігерлердің келесі буынын оқытуға мүмкіндік береді. Дәл осы комбинация швейцариялық медицинаның сапасын арттырып, тұрғындар үшін тиімді етеді. Қазақстанда да осы бағыттағы қозғалысты байқаймыз. Мысал ретінде клиникалық тәжірибені ғылыми зерттеулермен және білім беру үдерістерімен үйлестіру үшін жағдай жасалған Назарбаев Университетінің қамқоршылық кеңесіне кіретін UMC-ті келтіруге болады. Бұл тәсіл, менің ойымша, бірден-бір дұрыс, өйткені медицина, ғылым, білім бір-бірін қолдап, нығайта отырып, бірге дамуы керек.

El.kz: Болашақта Қазақстанға оралуды жоспарлап отырсыз. Швейцарияда нақты қандай жобалармен айналысып жүргеніңізді айтып бересіз бе?

Ислам Салиханов: Түбі Қазақстанға оралатыным анық. Мен Еуропадағы оқуым мен жұмысымды іссапардың бір түрі ретінде қабылдаймын. Біреудің іссапары бірнеше күнге созылады, біреудің іссапары бірнеше жылға созылады. Менің мақсатым-тәжірибе, білім мен дағдыларды жинақтау, оларды кейін Қазақстанға әкелу және Отанымызда қолдану. Қазіргі уақытта мен кардиохирургия саласындағы бірнеше клиникалық ғылыми жобалармен жұмыс істеп жатырмын. Олардың бірі коронарлық шунттау операциясынан кейінгі науқастарда асқынулардың алдын алу жолдарын зерттеуге бағытталған. Екі жоба да мен үшін үлкен қызығушылық тудырады, өйткені олар клиникалық тәжірибе мен ғылыми зерттеулерді біріктіреді. Мен осы зерттеулерге қосу үшін пациенттерді скринингтен өткіземін және іріктеймін, бұл маған осы мәселелерді терең зерттеуге және кардиохирургияның дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.

El.kz: Медицина көп уақыт пен күш-жігерді қажет етеді. Сіз өзіңіздің жұмысыңызға деген мотивацияны қайдан аласыз? Қандай әдістер қиындықтарды жеңуге көмектеседі?

Ислам Салиханов: Шынымды айтсам, әсіресе үйден алыс болу өте қиынға соғатын кездер болады. Мен отбасыма бару үшін жұбайыммен бірге Қазақстанға жылына кемінде екі рет келуге тырысамын. Бірақ кез-келген адам сияқты, менде де мотивация төмендейтін қиын сәттер болады. Менде мотивацияны сөндірмеудің, жұмысқа деген ықыластың үнемі арттырып тұратын ерекше әдісі жоқ екенін мойындаймын. Күшім сарқыла бастағанда бірден артыма қарап, өзімнің қандай жолдан, сынақтардан өткенімді еске аламын. Өз миссиямның маңызын саналы түрде түсінген кезде бойымда қайта күш-қуат пайда болып, әрі қарай жылжуға, жаңа белестерді бағындыруға дайын боламын. Осы уақытқа дейін жасаған әрбір қадамым менің көп нәрсеге қабілетті екенімді еске салады және бұл маған жұмысқа деген қызығушылықты сақтауға және мотивацияны жоғалтпауға көмектеседі.

El.kz: Сіз Қазақстанға қайтып келгенде, медицинаның қай саласында жұмыс істеуді жоспарлап отырсыз? Алдағы бес жылға қандай жоспарыңыз бар?

Ислам Салиханов: Қазіргі уақытта мен клиникамен уақытша келісімшартқа отырдым. Осыдан кейін мен одан әрі өсу мүмкіндіктерін қарастыруды жоспарлап отырмын. Қазір жасым 32-де және мен үшін әлемнің әрбір мүмкіндігі қолжетімді болып тұрғанда неге жаһандық деңгейде мансап құруға тырыспасқа? Дегенмен, Қазақстанға оралу менің негізгі жоспарым екені анық. Елге қайтып келген соң денсаулық сақтауды ұйымдастыру саласында жергілікті деңгейде немесе республикалық деңгейде жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырып жатырмын. Қазақстанның орасан зор әлеуеті бар, денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудің көптеген мүмкіндіктерін көріп отырмын. Мұнда Еуропада көп нәрсе жасалды, ал Қазақстанда қыруар шаруа күтіп тұр, онда мен өз еліме пайдалы болатыныма сенімдімін. Алдағы бес жылда өзіме маман ретінде дамуды жалғастырып қана қоймай, Қазақстанда денсаулық сақтауды дамытуға елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретін тәжірибе жинақтауды мақсат етіп қойдым.

El.kz: Сіз ағылшын, неміс және француз тілдерін білесіз. Кәсіби қызметіңіздің талапшылдығы мен жоғары жүктемесіне қарамастан, тілдерді қалай оңай үйренуге болады? 

Ислам Салиханов: Медициналық университеттің төртінші курсында ағылшын тілін үйрене бастадым, бірақ Назарбаев университетіне түсуді шешкен кезде тіл үйренуді белсенді түрде қолға алдым. Бұл мақсат мен үшін күшті мотивация болды, IELTS тестін тапсырдым. Неміс тілін кездейсоқ, ешқандай арнайы жоспарсыз үйрене бастадым және бір күні неміс тілінде сөйлейтін Швейцарияда болатынымды елестете де алмадым. Тіл үйрену кез келген адамға оңай соқпасы анық. Әрбір адамның тіл үйрену процесі әртүрлі уақытқа созылуы ықтимал. Мен көп уақыт пен күш жұмсадым, бірақ медицинада ағылшын тілі ғылым мен қарым-қатынастың халықаралық тілі болғандықтан, кез келген жағдайда қажет екенін түсіндім. Швейцарияға келгенімде мұндағы әрбір студенттің кем дегенде үш тілде: неміс, ағылшын және француз тілдерінде сөйлейтініне таң қалдым. Елде төрт ресми тіл бар: неміс, француз, итальян және ретороман тілі. Осы елге көшіп келгеннен кейін француз тілін үйренуді бастадым. Негізгі үйрену әдісім мынадай болды: 30 минут ішінде мен серіктесіме ағылшын тілін үйретемін, ал ол маған француз тілін үйретеді. Француз тілімді осылайша жетілдірдім, бірақ оны өте сирек қолданамын, өйткені ағылшын және неміс тілдерінде жұмыс істеймін. Тіл үйрену мақсатым негізінен студенттік жылдарымда жүзеге асты, мейлі ол медициналық университетте, магистратурада немесе PhD докторантура болса да, бос уақытымды тиімді қолдануға тырыстым.

Медицинаның қарқынды дамыған дәуірінде ағылшын тілін білу Қазақстанның денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілеттілігі мен сапасының негізгі факторына айналуда. Қоғамда ағылшын тілі саяхаттау немесе IT саласында жұмыс істеу үшін ғана қажет хобби деген пікір жиі кездеседі. Алайда, шын мәнінде, елдің ағылшын тілін меңгеру деңгейі сол ел тұрғындарының әлемдік экономикаға интеграциялану дәрежесін көрсетеді. Әлемдік EF English Proficiency Index бойынша ағылшын тілін білу инновация, адами капитал және бәсекеге қабілеттілік сияқты көрсеткіштермен сәйкес келеді. Ағылшын тілін міндетті түрде білуі тиіс негізгі маман иелерінің бірі - дәрігерлер. Заманауи медицина қарқынды дамып келеді және соңғы жетістіктерден хабардар болу үшін алдыңғы қатарлы әдебиеттерді бастапқы дереккөздерден оқу қажет. Бұл материалдардың көпшілігі басқа тілдерге аударылмаған, ал аударылған күннің өзінде ол ақпараттың мерзімі өткен болып шығады. Сондықтан ағылшын тілін меңгеру соңғы ғылыми дәлелдерден хабардар болғысы келетін дәрігерлер үшін қажеттілікке айналуда. Сондай-ақ, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу, шетелде оқыту арқылы біліктілігін арттыру кезінде қазақ дәрігерлерінің алдынан тіл мәселесіне байланысты кедергі туындайды. Көптеген дәрігерлер ағылшын тілін жеткілікті деңгейде білмейтіндіктен оқуға бара алмайды. Мемлекет басшысы емделушілер шетелден Қазақстанға емделуге келетін медициналық туризмді дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ағылшын тілін білмейінше мүмкін емес екенін айтқым келеді. Осылайша, медицинадағы ағылшын тілі сән-салтанат емес, денсаулық сақтау жүйеміз бейімделуі тиіс қажеттілікке айналады. Неліктен отандық дәрігерлер ағылшын тілін үйренбейді? Негізгі себептер-уақыттың тығыздығы және тіл курстарының жоғары құны. Аптасына үш рет кешке өткізілетін әдеттегі курстар дәрігерлер үшін тиімсіз. Кезекшілік пен операция уақыты кестелерімен сәйкес келмейді. Айына 50 мың теңгеден асатын ағылшын тілі курстарын дәрігерлердің қалтасы көтермейтіні анық. Нәтижесінде курстардың уақыты мен қымбаттығына байланысты дәрігерлер мен студенттер ағылшын тілін үйренбейді. Бұл мәселені шешу үшін не істеуге болады? Ағылшын тілі курстары икемді және қолжетімді болуы керек. COVID пандемиясынан бері бүкіл әлемде онлайн білім берудің маңыздылығы артты. Тәулік бойы қолжетімділігі және оқытушының жетекшілігімен жасалған онлайн медициналық ағылшын тілі курстары жұмыс кестесі тығыз дәрігерлер үшін ең жақсы нұсқа болып табылады. Онлайн курстар әдетте дәстүрлі курстарға қарағанда арзанырақ, себебі олар алдын-ала жазылған бейне сабақтарды платформаға жүктеп қояды. Ағылшын тілі сапаға ұмтылатын кез келген медициналық жүйе үшін абсолютті қажеттілік болып табылады. Еуропа мен Азиядағы барлық медицина мамандары қазірдің өзінде ағылшын тілінде сөйлейді. Бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету және денсаулық сақтау сапасын арттыру үшін Қазақстан осы прогрестен қалмауы тиіс.

Жұмыс пен өмірдің тепе-теңдігіне келетін болсақ, маған Швейцарияның табиғаты көмектеседі. Отбасыммен бірге демалу үшін және айналадағы сұлулықты тамашалау үшін жиі серуендейміз. Сонымен қатар, Швейцария Еуропаның дәл ортасында орналасқан және кез келген Еуропа еліне ұшақпен небәрі бір сағатта жетуге болады, сондықтан біз жиі саяхаттаймыз, бұл маған демалып, сергуіме көмектеседі.

El.kz: Болашақта медицина саласының дамуы қандай деңгейде болады деп ойлайсыз? Қандай инновациялық өзгерістер орын алуы мүмкін?

Ислам Салиханов: Бүгінгі күннің өзінде медицинаның болашағын айқындайтын тенденциялардың пайда болғанын көруге болады. Ең алдымен, жасанды интеллект, әсіресе радиологияда қатерлі ісік ауруын ерте анықтау үшін қолданылады. ЖИ органдар мен тіндердің кескіндерін керемет дәлдікпен және дәстүрлі әдістерге қарағанда айтарлықтай төмен бағамен талдай алады, бұл диагнозды қолжетімді және дәлірек етеді. Екінші маңызды тренд-бұл емдеуді әр пациенттің жеке ерекшеліктеріне, соның ішінде олардың генетикалық деректері мен өмір салтына бейімдейтін жеке медицина. Бұл тәсіл әр пациенттің ерекшеліктерін ескере отырып, мақсатты және тиімді терапияны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алайда, осы технологиялардың барлық артықшылықтарына қарамастан, олар күнделікті тәжірибеге тез еніп, барлық жерде қолжетімді болады деп күтуге болмайды. Дегенмен, алдағы 10 жыл ішінде біз әлемдік медицинада айтарлықтай прогреске қол жеткізетінімізге сенімдімін. Біздің еліміз осы өзгерістерден қалыс қалмауы, керісінше, медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін оларды белсенді түрде енгізу өте маңызды.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға