Швейцарияда ДСҰ-ның министрлер конференциясының ашылуы өтті
Женевада (Швейцария Конфедерациясы) Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші Министрлік конференциясының ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Осы конференцияның төрағасы және тең ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасы.
Министрлік конференция – көпжақты сауда келісімдер шеңберіндегі барлық мәселелер бойынша шешімдер қабылдайтын ДСҰ-ның жоғарғы басқарушы органы. ДСҰ-ның 164 мүшесінің сыртқы саудасына жауапты министрлер әлемдік сауда күн тәртібінің ең өзекті мәселелері бойынша шешімдер қабылдау үшін жиналды.
Еліміздің атынан бұл ДСҰ-ның негізгі халықаралық іс-шарасына ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов төрағалық етеді. Қазақстандық делегацияны ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов басқарады.
Қазақстанның МК12 төрағасы болып сайлануы Қазақстанның халықаралық саудадағы маңызды және беделді ойыншысы және ДСҰ-ның алаңында маңызды келіссөздердің негізгі қатысушысы ретінде танылуының дәлелі болып табылады.
2018 жылы ДСҰ-ның 164 мүшесі 2020 жылдың жазында Қазақстанның ел ордасы – Нұр-Сұлтанда 12-ші Министрлік конференцияны өткізуді бірауыздан қолдады. Бұл деңгейдегі іс-шара жақында ұйымға қосылған елде және Орталық Азия елінде ДСҰ тарихында алғаш рет өткізілуі керек еді. Алайда, COVID-19 пандемиясына байланысты іс-шара екі рет кейінге қалдырылды және оны ДСҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінде өткізу туралы шешім қабылданды.
Конференцияға қатысушылар COVID-19 пандемиясына жауап беру, ауыл шаруашылығы және әлемдік азық-түлік дағдарысын шешу, балық аулауға субсидиялар, ДСҰ-ны реформалау, электрондық сауданы одан әрі дамыту және басқа да әлемдік сауда үшін бірқатар маңызды мәселелерді қарастырады.
Бұл іс-шара әлемдік сауда саясатындағы маңызды оқиға болып табылады және таяудағы бірнеше жылға бүкіл әлемнің сауда жүйесінің дамуын айқындайды.
