Жаңалықтар

Швед суретшісінің Семей полигоны туралы көрмесі

Ядролық қарудан зардап шеккендердің қасіретін бейнелейтін сурет көрмесі бүгін Семей өлкесіне жол тартты
03.11.2016 09:40 9796

Астанада  ҚР Тұңғыш Президентінің музейінде швед суретшісі Туве Крабоның «Түзелмейтін қателік: алғашқы жарылыс» атты жеке көрмесі ашылды. Ядролық қарудан зардап шеккендердің қасіретін бейнелейтін топтама бүгін Семей өлкесіне жол тартты.

Швед суретшісінің Семей полигоны туралы көрмесі

Топтаманың басты ерекшелігі – бейнелі сюжетке құрылған. Суретшінің айтуынша, әлемдегі кез келген зұлымдықтың артына жасырынған адамдардың зомбылығы тақырыптың арқауына айналған. Зұлымдыққа зорлықпен жауап беру арқылы адамзат трагедиясы ешкімді құтқармайтындығын айтады.

Швед суретшісінің Семей полигоны туралы көрмесі

1945 жылы Жапонияның Хиросима қаласына американдық «Малыш» атты бомба тасталғаннан кейін, көп ұзамай Совет үкіметі де қызығушылық таныта бастады. Ядролық қарудың мүмкіндігін байқау мақсатында сынақ өткізуге Қазақстанның Семей аймағы таңдап алынды. 1949 жылдың 29 тамыз күні «Первая молния» операциясы аясында Семейде «RDS-1» деп аталған алғашқы атом бомбасы жарылды. Кей құжаттар бойынша 1949 жылдан 1991 жылға дейін Кеңес Одағы Қазақстан жерінде 450-ден астам ядролық сынақ өткізгендігі көрсетілген. Туве Крабоның «Первая молния» атты картинасы осы сынақтардан зардап шеккен адамзат пен табиғат трагедиясына арналған.

Швед суретшісінің Семей полигоны туралы көрмесі

«Мен өз тәжірибемде сөзбен жеткізе алмайтын сезімді суретпен салғым келеді. Менің өнерім кино сияқты. Онда драма, көңіл-күй, тіршілік, ақ пен қара бар. Қазіргі қоғамдағы болып жатқан апаттар адам баласын мейірімсіз ете ме деп қорқамын. Осы бір бей-жайлықты, немқұрайлықты алмастыратын жанашырлық пен түсіністік секілді сезімдерді бейнелеу өнерімен ұштастырғым келеді» дейді суретші.

Ядролық қарусыз әлемге үндейтін сурет топтамасы соғыс пен ұрыс алаңын қылмыс жасалған орындар ретінде көрсетуімен ерекшеленеді. Суретші өзіндік мінезі бар өнер туындыларын қазіргі замандағы қауіп-қатерлерге жауап ретінде ұсынып отырғанын айтады.

Швед суретшісінің Семей полигоны туралы көрмесі

Швед суретшісінің Семей полигоны туралы көрмесі

Бұған дейін жарылыс қасіреті туралы мәліметтермен тек ғаламтор арқылы танысып келген суретші, Семей өлкесіне алғаш бара жатқандығын айтады. Суретшінің айтуынша, Қазақстан мәдениеті мен әдебиеті әлемге жұмбақ.

«Қазақстан әлемнен алшақ жатыр. Қазақ елінің жазушылары мен тұлғаларымен таныс емеспін» дейді ол.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан полигонды жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды. 2016 жылы Қазақстан ел тәуелсіздігімен қатар Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуын атап өтіп отыр. Жиында сөз алған Швецияның Қазақстандағы елшісі Христиан Камилл Қазақстанның ядролық қарусыздану туралы бастамасын жоғары бағалайтындығын жеткізді.

Швед суретшісінің Семей полигоны туралы көрмесі

«Семей ядролық полигонының жабылуының 25 жылдығы және Қазақстанның Совет одағынан қалған дүниежүзіндегі төртінші қуатты ядролық қарудан бас тарту шешімі маңызды оқиға. Астанада осы көрмені ұсыну арқылы ядролық сынақтардың зардаптарын көпшілікке түсіндіріп отырмыз» дейді елші.

Музейдің «Мәдениет арқылы үн қатысу» халықаралық жобасы аясында өтіп жатқан көрмеге Швеция Корольдігінің Қазақстандағы елшілігі қолдау көрсетіп отыр. Көшпелі көрме Қазақстан саяси стратегиясының қалыптасуындағы маңызды қадамдардың бірі – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 25 жылдығына арналады.

Швед суретшісінің Семей полигоны туралы көрмесі

Швед суретшісі, кинорежиссер Туве Крабо 1974 жылы Гетербург қаласында туған. Ол 19 жасында Парижге көшіп барып, қаладағы Бейнелеу өнерінің ұлттық жоғарғы мектебін бітірген. 2013 жылдан бастап суретші техногенді апат аймақтарының көріністерін суретке сала бастады. Өзінің айтуынша, кино түсіру тәжірибесін пайдалана отырып, сурет өнерінде кей тәсілдерді еркін қолданып келеді.

 


Ая ӨМІРТАЙ

Суретке түсірген - Нұрбек ӘЛМАНБЕТ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға