Жаңалықтар

Шуда жүкті келіншектің денесін туыстары аурухананың жертөлесінен тапқан

Шуда жүкті келіншектің денесін туыстары аурухананың жертөлесінен тапқан
Фото: todayinfo.kz 26.03.2025 16:11 6547

Шу қаласында орын алған қайғылы оқиға жергілікті тұрғындар мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Журналистерге берген мәліметтерінде марқұмның туыстары мен тұрғындар дәрігерлер қайтыс болған науқастың өлімін жасыруға тырысқан деп мәлімдеді.

Тұрғындардың айтуынша, ерлі-зайыпты бес жылдан астам уақыт бойы сәби сүюді армандап келген. Өткен жылы жасанды ұрықтандыру арқылы жүкті болған келіншек жүктілігінің 34-аптасында, 5 наурыз күні Шу қалалық көпсалалы ауруханасына жатқызылған. Алайда 9 наурызда оның жағдайы күрт нашарлап, комаға түсіп, келесі күні іштегі баласы шетінеп кеткен. Дәрігерлер ота жасап, сәбиді алғанымен, келіншек есін жимастан екі күннен кейін көз жұмған.

Марқұмның туыстары келіншектің өліміне байланысты берілген алғашқы диагнозбен келіспейді. "Көптеген органдардың жеткіліксіздігі және мидың ісінуі" деген қорытындыны да күмәнмен қабылдаған. Ең сорақысы — туыстарының айтуынша, әйелінің жағдайын білу үшін ауруханаға барған күйеуі оның денесін аурухананың техникалық бөлмелерінің бірінен, ісіп, иістене бастаған күйде тапқан.

Бұл дерек әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғам наразылығын туғызды. Осыған байланысты Шу қалалық көпсалалы ауруханасы мәлімдеме жасап, жарияланған ақпаратты теріске шығарды. Аурухана мәлімдемесінде:

Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Науқас 22 наурыз күні сәтсіз реанимациядан кейін, жедел жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігінен көз жұмды, – деп хабарлады.

Алайда, Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға бейжай қарамай, арнайы жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді.

Ана өліміне байланысты Шу көпсалалы аудандық орталық ауруханасында тергеу шаралары жүргізілуде. Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті де тексеру жүргізеді. Сараптама нәтижелері кейін жарияланады, – деді ведомство өкілдері.

Сонымен қатар, Жамбыл облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің "Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру" бабымен сотқа дейінгі тергеу бастағанын хабарлады. Тергеу аясында мәйіт Тараз қаласына арнайы сараптамаға жіберілген.

Қазір қоғам ана мен баланың өліміне байланысты әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілер жауапқа тартылуын талап етуде. Бұл жағдай медициналық мекемелердегі жауапкершілік, бақылау және ашықтық мәселелерін қайта күн тәртібіне шығарды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға