Жаңалықтар

Шу бойындағы жұмбақ мазар

Аштықтан қырылған халық көп жағдайда көмусіз қалып, ит-құсқа жем болғаны белгілі
Шу бойындағы жұмбақ мазар
Фото: Автордікі 29.10.2022 22:51 4538

«Аштан өлгендердің моласы жоқ» дейді қазақ. Шынымен, аштан өлгендердуі мәйіттері көмусіз қалып, ит-құсқа жем болған.  Бірақ көне Шу өзенінің тау жағында ашаршылық құрбандарының сүйектері көрінетін бір жұмбақ мазар әлі күнге дейін тұр.

Жалпы әкем де, анам да орайы келгенде қасіретті жылдар туралы айтып отыратын. Соның әсерінен біз үшін аштық беймәлім мәселе емес еді. Бесінші сыныпта, 1970 жылы, Әлімқожаев (Қасымов) Әбен деген бір бала келді. Аса бұзық бала емес, алайда сабаққа мүлдем жоқ еді. Сондықтан ол ағайдың сипаты бойынша «Көкқайнардың көк соққаны» деп аталды. Бірақ бала әңгімені жақсы айтатын, дос болып кеттік. Ол әкесі мал бағып отырған Көкқайнардың тауында жалғыз тұрған бір мазар бар, күн сәулесі етегіндегі қуыстан түскенде ішіндегі адам сүйектері, бас сүйектері көрінеді деп бала көңілімізді әбден елеңдетті.

Сонымен не керек, барамын деген балалардың қатары сиреп, 1970 жылдың күзінде, шамасы 7 қарашадағы демалыста екеуміз ғана жолға шықтық. Шу ауданының орталығы Новотройцкіден (қазіргі Төле би ауылы) 48 шақырым жердегі Жданов (қазіргі Көкқайнар) ауылына автобуспен жетіп, сол ауылдағы туысының үйіне түнеп ертеңіне сол бағытта жүрген көлікке мініп, 32 шақырым жердегі Жайсаң тауының бір ықтасын жеріндегі қыстауға жетіп алдық. Таудың ығына соғылған ұзын мал қораның қасында шопан үйі орналасқан. Досымның әкесі мен шешесі менің не үшін келгенімді білген соң маған біртүрлі қарап қалды, бірақ сыр бермеді. Іштерінен «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деп ойлады-ау, шамасы, әдетте осындай жағдайда қойылатын - «Кімнің баласысың?», «Қай елсің?», – деген сұрақтарды да қоймады. Кейін білдім, үй иесінің келіндері қойған аты «Қыр мұрын» екен. Себебі ол кісінің мұрны жоқ, ескіше айтқанда, мұрнын құрт жеп қойған қорқынышты пұшық еді.

Ертеңіне азанда екі атты ерттеп қойыпты, бір отар қойдың соңынан шықтық. Қойдың үйренген жайылымы болады, сондықтан мазарға кешқұрым мал өрістен қайтқан кезде ғана жақындай алдық. Әбден еңкейген күннің сәулесі мазардың бүйірінен істелген тесіктен ішіне түсіп тұрған сәтте келдік. Есте қалғаны - үйіліп жатқан адам сүйектері, бас сүйектер, ішінде кішкентай балалардың бас сүйектері де бар. Бір қараған бізге жеткілікті болды – айдаладағы мазар, қызара байып бара жатқан күн, 12-лердегі екі бала. Қатты қорыққаннан үндеместен аттарымызға жүгіріп барып мініп, қойдың артынан шаба жөнелдік.

Шу бойында Жүндібай әулие деген кісі өмір сүрген. Тасөткел су қоймасының астында қалған мекенде туып, 1929 жылы 95 жасында қайтыс болған. Әулие ешқашан адамға тік қарап сөйлемейді екен. Көзін жұмып отырып: «Алапат аштық, қырғын соғыс болады. Тіл мен дін бұзылады. Бұрынғы жақсы қор болады. Шуға ата-бабамыз көрмеген халықтар көшіп келеді. Қара темір қақсап сөйлейді, жердің бетін сымтемір торлайды. Ішкендері ащы су болады. Әйел еркекпен тең болады. Осы тұста Шу өзені байланып, үлкен көлге айналады», – деп айтқан сәуегей сөздері шындыққа айналды.

«Қызыл қырғын болады, бай байғұсқа айналады», – деген сөзі де расталады. Өзімен сыйлас Шу бойынан қажылыққа бірінші барған, ботпайдың қожай руының атқамінері Саудабайға жылқыңды үкімет алады, бірақ сен оны көрмейсің деген екен. Шынында, қажы 1925 жылы кәмпескеге дейін қайтыс болып кетеді. Мазарды осы қажының патша заманында ел билеген Асыр деген баласы салдырған. Тәшкеннен цемент алдырып, тау тасын молынан қолдана отырып көтерген. Мазардың бір бүйірінен адам денесі сиятындай қуыс қалдырған. Алайда қажының ұрпақтары мазардың салыну тарихын білмейді. Ішіне түскендер 27 бас сүйек бар, склеп отбасылық емес, жалпы аштық құрбандары жерленген деуге негіз бар.

Бала кезімдегі сол сапар ұзақ жылдардан кейін жалғасын тапты. Мені таң қалдырғаны және қолыма еріксіз қалам алдырғаны 30 жыл тәуелсіздік ішінде мазар туралы бұқаралық ақпарат құралдары, теледидар арқылы бірде-бір хабар не мақала жазылмағаны болды! Оу, өткенін қадірлемейтін, азапты тез ұмытатын, жауы мен досын түсін түстеп, ажыратпайтын мынау неғылған жетесіз халық деп ойладым!

Оның үстіне қазіргі кезде мазардың салыну тарихы, мазардың астындағы склепте шашылып жатқан сүйектердің кімге тиесілі екендігін ешкім басып айта алмады. Сонда, 1970 жылы, пұшық шал үйіне келген мені бала көрмей мазардың тарихын айтып бергенде бұл күнде ол баға жетпес ақпарат болар еді деп ойладым.

«Аштан өлгендердің моласы жоқ» дейді қазақ. Осы тұрғыдан алғанда, бұл мазар ашаршылық тарихындағы сирек құбылыс, бірден-бір материалдық ескерткіш. Аштықтан қырылған халық көп жағдайда көмусіз қалып, ит-құсқа жем болғаны белгілі. Сондай жағдайда адамшылықты сақтап қалуға бағытталған жанталастың Шу бойындағы, тіпті еліміздегі бірден-бір көрінісі ретінде аталған мазар ашаршылықты айғақтайтын ескерткіш ретінде мемлекет қарауына алынуы тиіс. Оны қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы тақтайша орнатылса елдігімізді көрсететін, алапат аштықты келер ұрпақ есінде сақтауда баға жетпес, маңызды қадам болар еді.

Осы мазмұнда жазылған мақалам «Egemen Qazaqstan» газетінің 2022 жылғы 27 мамырдағы санында «Қызыл қырғын болады, бай байғұсқа айналады» айдармен шықты («Шу өңірі» газеті бұл мақаланы 11 маусым күнгі санында қайта басты).

Содан мазарды «Тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру қағидаларына» сәйкес тіркеу үшін кәсіби лицензиясы бар сарапшы іздеп, 1 маусымда заң ғылымдарының докторы, астаналық профессор Уәлиев Қуатжанмен хабарластым. Қуатжан мырза Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры, тарихшы, өлкетанушы Дәурембеков Қуанышпен таныстырды. Қуаныш басқарған тарихшы, археолог, өлкетанушы кіретін топ 7-8 маусымда Шу, Мойынқұм аудандарына аштық құрбандарының тарихын зерттеу бойынша баруды жоспарлап отыр екен. Сонымен бұл экспедиция Көкқайнар ауылы арқылы Жайсаң тауларының сілемдеріндегі «Асыр сазында» орналасқан мазарда болып, ескерткішке зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесі бойынша, бұл нысан 13 маусым күні «Саудабай қажы кесенесі» деген атаумен тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекеттік есепке, яғни қорғауға алынды. Бұл жөнінде 14 маусымда облыстық «Ақ жол» газетінде топ мүшесі, журналист Е.Әбдиевтің «Ашылмаған ақиқат әлі де көп» деген мақаласы жарық көрді. Онда Дәурембеков Қуаныш бұл мазар «Саудабай қажы кесенесі» ретінде тіркеліп, есепке алынып, басына тақтайша ілінетіндігін жеткізді. 15 маусым күні «Ескерткіш мемлекет қорғауында» деген жазуы бар гранит тақтайша кесененің қоршауына ілінді.

Құданың құдыретімен айлап-жылдап атқарылатын жұмыс ауқымы әруақтар қолдап, қысқа уақыт ішінде аяқталып, оң нәтиже берді. Ендігі кезеңде Саудабай қажы кесенесі жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне не ерекше құнды деп табылған жағдайда республикалық тізімге ұсынылып, мәртебесі түпкілікті анықталады.

«Бір күндік астың қырық күндік сәлемі бар» деген Саудабай қажының Қасым деген баласынан Әлімқожа, оның ұлы Әбен досымның 1970 жылы Көкқайнар арқылы өтіп, Жайсаң тауларының сілемдерінің бірінде орналасқан мазарды көрсетіп, әкесінің үйінде кеспеге кілегей қатып, қонақ еткеніне 52 жылдан кейін мен осылай жауап бердім.

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға