Жаңалықтар

ШҚО тұрғындары «өлім асуын» айналып өтетін жолды жеті жылдан бері күтіп жүр

ШҚО тұрғындары «өлім асуын» айналып өтетін жолды жеті жылдан бері күтіп жүр
Фото: ©El.kz/Қуан СЕЙІТ 07.11.2024 18:15 510

Қарашаның басын ала жауған көбік қар көлік қозғалысын қиындатты. Темір тұлпар тізгіндеген біраз жолаушы Шығыстағы әйгілі Осинов асуынан аса алмай жолда қалды. Ал құрылысы бірнеше жылға жалғасқан қауіпті асуды айналып өтетін төте жол әлі салынып біткен жоқ.  

Алтайдың алты айға созылатын қысы басталса өңір тұрғындарының ұялы телефонына «Өскемен-Алтай-Рахман қайнары бағытындағы республикалық трассаның 56-72-ші шақырымында жол жабық» деген хабарлама келеді. Бұған жергілікті жұрт үйреніп алған: «Е-е-е, Осинов асуында тағы да жол жабылған екен ғой», дейді де қояды. Үйренбегенде қайтсін, сонау шекара түбіндегі Катонқарағай, одан бері Үлкен-Нарын, Алтай аудандарының халқы Өскеменді бетке алғанда, әсіресе қыста Осинов асуын асып жүргеніне 90 жылға таяды. Осы уақыт мұғдарында тау бауырлай салынған қабырға жолда қаншама жол апаты болып, қаншама қыршын ғұмыр қиылды...

Аңыз бен ақиқат

Бас-аяғы 16 шақырымға созылып жатқан бұл асу – еліміздегі ең ұзақ әрі бұралаңы көп өте қауіпті жолдардың бірі. Тарихқа жүгінсек, Осинов асуын қара халық жетпіс күнде салыпты.

Өткен ғасырдың ортасына қарай елімізде, оның ішінде Шығыс өңірінде өндіріс орындары көп ашылып, кәсіпорындар жұмыс істей бастайды. Соған орай көлік қатынасына сұраныс артады. 1940 жылы «Шығыс айналма тас жолы» құрылысының жобасы әзірленіп, бекітіледі. Алайда оны іске асыруға қажетті қаржы табылмайды. Тіпті техниканың өзі тапшы еді ол кезде. Сөйтіп жобаны халықтың күшімен салу туралы шешім қабылданады.

ШҚО тұрғындары «өлім асуын» айналып өтетін жолды жеті жылдан бері күтіп жүр

Алтай аудандық мемлекеттік мұрағат бөлімі

1940 жылы 23 ақпанда Қазақстан халық комиссарлар кеңесі мен Қазақстан БКП(б) орталық комитетінің «Шығыс айналма тас жолын халықтық құрылыс әдісімен салу туралы» қаулысы қабылданды. Маңызды жобаны қара халықтың күшімен атқаруға тура келеді. Тау қопарып, тас үгітетін арнайы техникалардың орнына қолына қайла мен балға, күрек ұстаған қарапайым жұмысшылар күн-түн демей дамылсыз тер төгіп, еңбек майданының көрігін қыздырған. Жұмысты бастамас бұрын құрылысқа қажетті құрал-саймандар әзірленген. Мұрағат деректеріне жүгінсек, сол кезде жол құрылысына 3150 қол арба, 752 зембіл, 350 шаблон, 560 визир, 15000 күрек, 8530 метр қол арба жүретін тақтайлар дайындаған. Қажетті жарғыш заттардың қоры жинақталған. Күректердің сабын табу да оңай болмапты.

ШҚО тұрғындары «өлім асуын» айналып өтетін жолды жеті жылдан бері күтіп жүр

Алтай аудандық мемлекеттік мұрағат бөлімі

Ертеректе әке-шешеміз Осинов асуының қалай салынғаны туралы айтып отыратын. Менің естуімше, совет өкіметі тұсында қаратабан халықтың күшімен салынған. Қазіргідей үлкен техникалар қайда ол кезде, трактордың өзі жоқ. Тек қол күші. Арбамен тасиды екен. Неткен жанкешті адамдар десеңші. Жоспарды орындау керек. Орындамаса нан-шайсыз қалады. Содан соң амал жоқ өлген-тірілгенін білмей еңбек етіпті. Кейбір дімкәс жандар құрылыс басында жан тапсырған жағдайлар да болыпты. Сондағы өкіметтен алатыны ішіп-жем мен бір қабат киім ғана екен, – деп еске алады Ұлан ауданының тумасы, бүгінде Өскеменде тұрып жатқан қария Жұмақан Қабидолдаұлы.

Бізбен әңгіме барысында көнекөз қарт қабырға жолды салып жатқанда тас басып қалған қыз туралы аңызды айтып берді.

Жол құрылысына қатысушы қара жұмыс күшін жергілікті халықтың ішінен алса, кәсіби мамандарды орталықтан шақыртыпты. Алыстағы Мәскеу мен Ленинградтан да инженерлер алдырған екен. Солардың бірі, Ленинградтан келген жас қыз динамитпен тауды қопарғанда опырып құлаған үлкен қара тастың астында қалып, мерт болған деседі. Ел аузында осындай әңгіме бар, анығын құдай біледі, – дейді Жұмақан қария.

Аңызға сенсек, қара тастың астында қалған қыздың есімі – Аустра Бирзе. Ол өте қабілетті, өз ісін жетік меңгерген маман болған. Құрылысшылар оны ерекше құрметтепті. Кезекті жарылыс жұмыстарының бірінде опырылған тау жынысы қызды басып қалған. Жұмысшылар жол жиегіне құлаған алып тасты жылжытып, астынан оның денесін алып шықпақ болған. Бірақ ол әрекеттеріне ештеңе өнбеген. Құрылыс бригадасының жетекшісі Г.Баджаков есімді азамат сол қара тастың жоғарғы жағына бесжұлдыз белгісін салып, ішіне қайла мен күректі бейнелепті.

Ел аузында тарап кеткен бұл аңызды Алтай аудандық мемлекеттік мұрағат бөлімінің мамандары да естіпті, бірақ деректер расталмағанын айтады.

«Жолда көп жүретін шопырлардың, әсіресе аға буынның арасында тас басып қалған қыз туралы аңыз әлі күнге дейін айтылады. Көбісі соған сенеді. Шынымен де Осинов асуындағы жолдың жиегінде үлкен тас тұр. Онда бесжұлдыздың суреті бейнеленген.

 Облыстық мұрағат Аустра есімді қыз туралы қандай да бір дерек алу үшін Ленинградқа сұрау салған, бірақ ешқандай мәлімет табылмады. Ол жақтан алған хаттардың барлығы сақтаулы», – деп жазды Алтай аудандық мемлекеттік мұрағатынан.

Катонқарағай ауданының тұрғыны, өлкетанушы Дүйсен Бралинов мұрағат деректеріне сүйене отырып Аустра Бирзе атты қыз туралы аңыздың қайдан шыққанын анықтауға тырысқан.

Сол кезде жарушылар бригадасында Аустра Яновна Бирзе атты жалғыз қыз болады. Оның соңғы салған жарғыш зарядынан таудың баурайы сілкініп, үлкен тас етекке домалап түседі. Ешкім зардап шекпейді. Көп ұзамай Аустра жұмыстан кетіп қалады, ал үгіт-насихат тобының жетекшісі Григорий Бадажков жол құрылысшыларының құрметіне осы тастың үстіне жұлдызша орнатыпты. Ақиқаты осылай болса керек, – дейді ол.

Дәл сол қара тас жас қызды басып қалды ма, жоқ па ол жағы беймәлім әрине. Бір анығы Осинов асуының құрылысы аса ауыр еңбек жағдайында жүргізілгені және жұмысты қару асынған жендеттер күндіз-түні кірпік қақпай бақылағаны.

Дүйсен Бралиновтың айтуынша, жол салушылардың рухын, ынта-жігерін көтеру үшін белгілі жазушылар Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Павел Кузнецовтар, халық ақыны Нұрлыбек Баймұратов құрылыс басына келіп, қарапайым еңбек адамдарын өз шығармаларына арқау етіпті. 1940 жылдың жазында М.Әуезов облыстық «Екпінді» (қазіргі «Семей таңы»), республикалық «Социалистік Қазақстан» және Лениншіл жас» газеттерінде «Оның аты екінші» атты деректі очеркін жариялаған. Кейін жазушының бұл очеркі деректі әңгімеге айналып, толық шығармалар жинағына енген.

Бас-аяғы 72 күнде «Шығыс айналма жолының» құрылысы аяқталып, 1940 жылы шілде айының ортасында «ғасыр жобасы» қолданысқа беріледі.

«Шығыс айналма жолын» қазір картадан толыө көре алмайсыз, өйткені Бұқтырма су қоймасы салынғанда оның 97 шақырымы су астында қалды. Жолдың көп бөлігі қысқарып жаңа жолдар салынды, асфальт төселді. Ең қиын Осинов асуы бірінше рет жөндеуден өтті. Қазір оған қайтадан қаражат бөлініп асуға соқпайтын тіке жол салынып жатыр. Аты аңызға айналған қиын да табиғаты көркем асу болашақта туристердің тамашалайтын мекені болып қалары сөзссіз, – дейді өлкетанушы Дүйсен Бралинов.

Ұзаққа созылған құрылыс

Әйгілі Осинов асуы Шығыс айналма жолының 56-72-ші шақырымы аралығын алып жатыр. Бұралаң жолмен келе жатқан көлік бірде шапшыма тікке өрлеп, бірде 180 градус оңға-солға кілт бұрылып, енді бірде еңіске қарай құлдилай жөнеледі. Жолдың ені тар, бұрылысы көп. Қыс маусымында, сондай-ақ көктем мен күздегі көктайғақ шақта көліктер асудан аса алмай әбгіреге түседі, жолдан шығып кетіп сайға құлағандар да бар. Жолаушылар автобусы аударылған жағдайлар да болған.

Жергілікті халықтың тілімен айтқанда «өлім жолының» азабын жергілікті жұрт тартудай-ақ тартып келеді. Өңір билігі ұзақ жылдар жолаушы қауымның уайымына айналған асуды айналып өтетін жол салуды ұйғарған. Сөйтіп 2017 жылы Өскемен-Алтай-Катонқарағай-Үлкен Нарын-Рахман қайнары бағытындағы республикалық трассаның 56-72-ші шақырымындағы Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысының жобасы қолға алынды. Бастапқыда жоба бойынша құрылыс 2019 жылы аяқталуға тиіс еді. Бірақ жоба жол ортада тоқтап қалды. Бұл жағдайды сол кезде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі былай түсіндірген:

«Жобаға енгізілетін түзетулерге байланысты жол құрылысы уақытша тоқтатылды. Нақты айтқанда, жаңа жол учаскесі мемлекеттік орман қорының аумағынан өтетіндіктен жұмыс доғарылды. Қазір жауапты ведомстволар құжаттарды реттеп жатыр. Бір келісімге келген соң жоба қайта жалғасады».

Министрліктер өзара келісімге келіп жатқанда мердігер жобаны іске асырудан бас тартады. Себеп – құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы ескерген, уақыт өткен сайын жол салу кезінде пайдаланатын материалдар қымбаттай берген. Кейін қайта конкурс өткізіліп, жаңа мердігер анықталады.

Жолдың 56-72-ші шақырымы аралығына түзетулер енгізілді. Конкурс өтті. Мердігер ретінде «Kurylys Group RK» ЖШС анықталды. Компаниямен келісім жасалды. 2024 жылға шамамен 3,9 млрд теңге қарастырылған. Жоба 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Құрылысшылар Пихтовка өзенінің үстінен биік тіректері бар үлкен көпір салады. Бұл күрделі құрылыс. Оған уақыт қажет, – деген болатын облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

Басқарма басшысы атап өткен Пихтовка өзенінің үстінен салынатын көпірге қатысты өскемендік қоғам белсендісі Әділ Пішенов өз ойын білдірді. Оның пікірінше, мердігер құрылыс жүргізген кезде жобадан ауытқыған.

Әу бастағы жобаға сәйкес алдымен уақытша жолмен бірге Пихтовка өзенінің үстінен көпір салынуға тиіс болатын. Содан кейін ғана тау-тасты қопару жұмыстары жүргізілуі керек еді. Алайда мердігер компания көпір салудың орнына жарылыс жұмысын бастап кетті, үлкен-үлкен тастарды жүк көліктеріне тиеп 55-ші шақырымнан 72-ші шақырымға тасымалдады. Ауыр жүк көліктері Осинов асуы арқылы өтетін жалпыға ортақ қолданыстағы трассамен арылы-берілі қатынап, оның быт-шытын шығарды. Жолдың асфальті ойылып, ойдым-ойдым болды. Ойлы-шұңқырлы жолда көліктердің жол апатаны ұшырауы жиіледі. Сондықтан тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін өз есебінен жүк көліктері тоздырған жол учаскесіне орташа жөндеу жүргізуі керек деп есептеймін, – деген еді Әділ Пішенов Осинов асуындағы жолдың сапасын өткір сынға алған қалың жұртшылықты қолдап.

Қоғамның қатаң сынынан кейін биыл күзге салым қауіпті асудағы шұңқырлар жамалып, аталған учаскеде орташа жөндеу жүргізілген. Алайда тонналап жүк тиеген ауыр көліктер тоқтаған жоқ, «серпантинмен» әлі де қатынап жатыр. Шамасы Пихтовка өзенінің үстінен көпір түспей, жүк көліктері саябырламайды. Өйткені тау жынысын тасымалдайтын басқа жол жоқ бұл маңда.

Республикалық жолды күтіп ұстауға жауапты мекеме «Қажсервис» ЖШС облыстық филиалының басшысы Еркін Даумов ала жаздай жүк көліктері бүлдірген жол учаскесі қайта қалпына келтірілгенін мәлім етті.

«ҚазАвтоЖол» мен «Қажсервис» қызметкерлері «Жолда қабылдау акциясын өткізді. Ондағы мақсат – жолаушылармен тізе қосып жұмыс істеу. Яғни көлік тізгіндеген адамдардан трассаның қай учаскесінде қандай шұңқыр немесе жырық пайда болғанын анықтап, оны қалпына келтіру, – деді ол.

Көпірге қосымша қаражат қажет

Сөйтіп биыл жаз бойы төте жолдың құрылысымен қатар Өскемен-Алтай-Рахман қайнары трассасында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы ауданы 20 мың шаршы метр шұңқырлар бітелді. Төте жол мен көпір құрылысы әлі жүріп жатыр.

Осинов асуын айналып өтетін төте жолдың құрылысы екі учаскеге бөлінген. Біріншісі 56-72-ші шақырым аралығы, екіншісі 72-88-ші шақырым арылығы. Пихтовка өзенінің үстінен салынатын көпір осы бірінші учаскеде орналасқан. Қазір көпірдің тіректері дайындалып жатыр. Аралық діңгектер 55-ші шақырымда жиналып тұр. Тау-тасты қопару, тау жынысын тиеп, тасу жұмыстары атқарылуда. Биылға бөлінген 4,9 млрд теңге толық игерілді.

Ал енді екінші учаске бойынша «ҚазАвтоЖол» мекемесі конкурс жариялап қойды. Нәтижесі шыққан соң, мердігер анықталып, құрылыс басталады. Аталған екі жол учаскесі де келер жылы аяқталуы керек, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

Бірінші учаскеде жол салу жұмысы аяқталғанмен көпір құрылысы әзірге тоқтап тұр. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АК облыстық филиалының хабарлауынша, көпір тұрғызуға қосымша қаржы қажет. Ұлттық компания филиалы қосымша қаржыландыру қажеттігін айтып бірнеше рет жауапты министрлікке шыққан, бірақ одан ешқандай нәтиже жоқ. 

Тауды қопарып, тасты жарып, жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар шамамен 530 мың текше метрден астам тау-тасты бұрғылап, қопарды. Ендігі мәселе – көпір. Көпір салу үшін қосымша 3 млрд теңге мөлшерінде қаражат қажет. Қосымша қаржы сұрап бірнеше рет өтінім бердік, мәселені қарастырып жатыр. Қалай қаржы бөлінеді, солай бастаймыз. Әзірге басқа жұмыстарды істеп жатырмыз, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Алмас қасенов. 

Құрылысы 7 жылдан астам уақытқа созылған төте жолдың стратегиялық маңызы зор екенін айтқан жөн. Өскемен-Алтай-Рахман қайнары бағытында қатынайтын жолаушылар легі жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, жаз маусымында туристер көп жүреді. Жаңа жол ашылса Өскемен мен Алтай ауданының арасы әлдеқайда жақындай түседі және аса қауіпті Осинов асуын айналып өтуге мүмкіндік туады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға