Жаңалықтар

ШҚО: Тауда әлі қар қалың, қауіптің беті қайтқан жоқ

ШҚО: Тауда әлі қар қалың, қауіптің беті қайтқан жоқ
Фото: ШҚО әкімдігі 05.04.2024 19:45 763

Шығыс Қазақстан облысы аумағының 67%-ын әлі де қар басып жатыр. Әсіресе, таулы аймақтардағы қардың қалыңдығы әдеттегі нормадан 1,5-2 есе артық. Мұндай рекордтық көрсеткіш кейінгі жарты ғасырда болмаған дейді мамандар. Сондықтан арқаны кеңге салуға ерте. Сәуірдің ортасынан бастап су тасқынының екінші кезеңі басталады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңірде тасқынның алғашқы кезеңі аяқталды. Алдын ала жүргізілген дайындықтың арқасында елді мекендері қарғын судан зардап шеккен жоқ. Үлкен Нарын, Самар, Катонқарағай, Күршім, Глубокое сияқты кейбір аудандарда еріген қар суы аулаға, қора-қопсыға жайылғанымен тұрғын үйлерге кірген жоқ. Бұл әрине тиісті жұмыстардың дер кезінде атқарылуының нәтижесі деуге болады.

Шығыс өңірінде көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары былтыр күзде басталып кеткен. 2020-2023 жылдары қабылданған Жол картасы аясында 384 млн теңге қаржыға жұмыс атқарылды. ШҚО әкімдігінің хабарлауынша, жаз-күз маусымында өзендер мен каналдардың арнасы тазаланып, кеңейтілген, жағалаулар бекітілген, бөгеттер нығайтылған, 27 учаскеде су өткізетін құбыр құрылысы салынды.

Су тасқынының алғашқы кезеңі аяқталды. Алда тағы бір жауапты кезең тұр. Босаңсуға болмайды. Өңірдегі қардың жартысы да кеткен жоқ. Марқакөл, Алтай, Глубокое, Самар аудандарында қар жамылғысы қалың. Өзен-суларда сең жүре бастады, дегенмен мұз құрсауы толық бұзылған жоқ. Судың деңгейі қауіпті шектен төмен. Өзендерде кептеліс болдырмас үшін профилактикалық мұз жару жұмыстары жүргізілді, – деп нақтылады ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.    

Аймақ басшысының айтуынша, биыл су тасқынына қарсы жұмыстар толық орындалып, 6,3 мың тонна инертті материал, 468 тонна жанар-жағармай, 55 мың дана қап әзірленген. Облыс аумағында орналасқан 132 гидротехникалық нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бөгеттер қар суымен шектен тыс толып кетпес үшін судың деңгейі күндіз-түні бақылауға алынып, артық су ағызылып отыр. Қауіпті учаскелерді жерден де, әуеден де бақылау күшейтілген. Облыс әкімінің орынбасары Б.Байахметов, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Е.Бахаев және басқа да жауапты орындардың өкілдерінен жасақталған арнайы жұмыс тобы аэротехниканың көмегімен аймақты шолып, жағдайды ұдайы бақылауда ұстауда.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақтағы өзен-көлдер қазір біртіндеп мұз құрсауынан босай бастаған. Дегенмен өзен суының арнасынан асуы, мұз кептілісі сияқты жағдайлар болған жоқ.

«Жалпы, қазір облыс аумағында жағдай тұрақты. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізіліп, техникалар мен мотопомпалар әзірлікке келтірілді. Қажетті материалдар дайындалды. Елді мекендерді су басқан жағдайда халықты уақытша орналастыратын, сиымдылығы 17 600 адамға шақталған 153 эвакуациялық пункт ашылды.

Адамдарды уақытша орналастыратын эвакуациялық пункттер құрылды. Осыған дейін 368 мың текше метр қар шығарылып, 450-ге жуық көпірдің асты тазартылды», – деп хабарлайды ШҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Синоптиктердің болжамына сенсек, сәуір айының екінші онкүндігінде Шығыс өңірінде ауа температурасы жоғарылайды. Бұл таулы аймақтардағы қардың жылдам еруіне әкеледі. Әсіресе, Марқакөл, Алтай, Катонқарағай және Глубокое аудандары ерекше назарда. Тасқынның екінші толқыны жеңіл өтуі үшін алдын алу шараларын тиянақты жүргізу маңызды. Сондықтан да қазір облыстың барлық қызметі күшейтілген режимде жұмыс атқарып жатыр. Бөгендердегі су деңгейі төмендетілген. Гидротехникалық нысандар мен қауіп туғызатын өзен-сулар тәулік бойы бақылауда. Қазір Бұқтырма су қоймасы 58%-ға толған, тағы 21 текше км мөлшерінде су қабылдауға сыйымдылығы жетеді. Болжам бойынша Алтайдың қойын-қолатындағы қар еріген уақытта аталған бөгенге 15 текше км-ге дейін су жиналмақ.

Тасқынның алғашқы кезеңінде облыс аумағында бірнеше бағыттағы көлік жолын су шайып, Күршім ауданында көпірдің бетон тірегі қираған болатын. Атап айтқанда, республикалық Қалбатау-Майқапшағай көлік жолының Зайсан, Тарбағатай аудандары аумағындағы учаскелеріне, Самар ауданындағы Көкжота-Қараөткел жолына, Катонқарағай мен Үлкен Нарын арасындағы жолға, қысқасы ұзын саны оннан астам жолға қарғын су жайылған. Сол сияқты Күршім ауданының Топтерек ауылына баратын көпірді тасқын су қиратып кетті. Қазір аталған жолдар қалпына келтірілді. Барлық автомобиль және темір жолдар ашық, көліктер қатынап жатыр. Адамдардың қауіпсіздігі үшін таулы аймақтарда түнгі уақытта жолдар жабылады. Бүгінгі таңда аймақта тасқын сумен күреске 149 техника, екі мыңға тарта адам жұмылдырылған. Оның ішінде Төтенше жағдайлар департаментінің, Полиция департаментінің, жол қызметінің, орман шаруашылығының өкілдері, әскерилер мен волонтерлер бар.

Тасқын қаупі туралы халықты ақпараттандырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге волонтерлер атсалысып жатыр. Төтенше жағдайлар қызметімен бірге AMANAT партиясы облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты өкілдері Өскеменнің су басу қаупі жоғары аудандарында жұртшылыққа жадынамалар таратуда. Айта кету керек, облыс орталығында дәл қазір қауіпті 11 учаске бар.    

Су басқан жағдайда не істеу керек? Қалай әрекет ету керек? Өзіңмен бірге алатын қандай заттар дайын тұруы керек? Міне, тұрғындарға осыларды түсіндіріп, ақпарат бердік. Мәселен, «дабыл чемоданы» деген бар. Қауіп туындаған жағдайда адамдар осы «дабыл чемоданын» өзімен бірге ала жүреді. Оның ішінде медициналық заттар, құжаттар, ақша, ауызсу, бірнеше күнге жететін тамақ және басқа да қажетті дүниелер болуы керек. Ал ол заттардың бәрі су өтпейтін сөмге салынғаны жөн, – дейді Өскемен қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Дастан Ахметов.

Бұл игілікті іске жүзге жуық ерікті атсалысқанын айта кеткен абзал.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға