Жаңалықтар

ШҚО шахталарында 5 адам қайтыс болды

ШҚО шахталарында 5 адам қайтыс болды
Фото: pixabay.com 01.09.2024 11:01 735

ШҚО-да «Шығыстүстіметал» ЖШС шахтасында алдын ала ақпарат бойынша белгісіз затпен уланып, 4 адам қайтыс болды. Одан соң Артемьев шахтасында тастың құлауы салдарынан мердігер ұйымының үңгушісі жарақат алып, қайтыс болған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ШҚО ТЖД оқиғаның 31 тамызда сағат 17-30-да болғанын, онда 4 адамның газбен уланып қаза тапқанын, тағы бір уланған адамның ШҚО Глубокое ауданының аудандық ауруханасына жатқызылғанын, дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалайтынын мәлімдеген еді.

Қазір болған оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде. Оқиға орнында «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС ШҚФ (13 адам және 3 бірлік), ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеп жатыр, деп жазды ШҚО ТЖД.

Артынша қайғылы оқиғалар KAZ Minerals компаниялар тобына тиесілі Ертіс және Артемьев шахталарында болғаны анықталды. Компания таратқан мәліметке қарағанда, Ертіс шахтасында екі қызметкердің және мердігер ұйымның екі қызметкерінің мәйіттері табылған. Апаттың алдын ала себебі – газбен улану.

Ал 1 қыркүйекке қараған түні Артемьев шахтасында тастың құлауы салдарынан мердігер ұйымының үңгушісі жарақат алып, қайтыс болған.

Оқиғалардың мән-жайы мен себептері анықталу үстінде, қайғылы жағдайларды тергеу бойынша арнайы комиссиялар құрылған.

KAZ Minerals тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук жазатайым оқиғаларды тергеуге қатысу үшін өңірге барды. KAZ Minerals Тобының басшылығы мен ұжымы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады. Компания отбастарына жан-жақты көмек көрсетеді, деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға