Жаңалықтар

ШҚО кәсіпорындары елдің күнбағыс майына деген қажеттілігін жабуға дайын

ШҚО кәсіпорындары елдің күнбағыс майына деген қажеттілігін жабуға дайын
Фото: gov.kz 20.02.2023 11:31 958

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Шығыс Қазақстан облысына барыпды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Онда кәсіпкерлермен, қауымдастықтармен, өңір тұрғындарымен кездесулер өткізді. Сондай-ақ облыс аудандарында фермалар мен шаруа қожалықтарын аралады, Ауқымды жоба пулына енгізу үшін үміткер жобалармен танысты.

Шығыс Қазақстан облысы дамыған өнеркәсібі мен өсімдік шаруашылығымен танымал. Табиғат байлығы мол, егіс алқаптары шексіз өңірдің ауыл шаруашылығын өркендетуге мүмкіндігі зор. Биыл өңірде кросс-док, көкөніс қоймалары, қонақ үй, асхана, ветеринарлық зертхана және кедендік бақылау орны бар қуатты хабты пайдалануға беру жоспарлануда. Бірінші кезеңде, осы жылдың тамыз айында «Алтай» көтерме-тарату орталығы үшін әрқайсысы 10 мың шаршы метрді құрайтын екі көкөніс қоймасын іске қосу көзделген. КТО директоры Жанболат Казановтың айтуынша, нысанның 80%-ы дайын. Екінші кезеңде, 2024 жылы ет, балық, сүт, бал орау нысандары, тәулігіне бір тонна нан өндіретін наубайхана салынады. ШҚО әкімі Даниал Ахметов кәсіпорынның әлемдік стандартқа сай сападағы балды сатып алып, экспортқа жіберуді жоспарлап отырғанын атап өтті.

Өскеменде Серік Жұманғарин ірі сауда желісінің супермаркетін аралап, оның бағасымен танысып, ұсынылған әлеуметтік маңызы бар тауарлардың сапасы мен ассортиментіне баса назар аударды.  Сонымен қатар ол Глубокое ауданының Предгорное ауылында болды, онда өткен жылы «Altyn Shyghys» ЖШС өсімдік майларын өндіру зауытын – күнбағыс, рапс, зығыр, мақсары және соя зауыты техникалық іске қосу жүзеге асырылды. 2022 жылы кәсіпорын 58 мың тонна май өндірді. Алдағы жылдары терең өңдеу жабдықтарын, тазарту цехын қою жоспарлануда. Оны 2026 жылы іске қосу көзделген. Кәсіпорын директоры Ербол Әбдіқалықовтың айтуынша, қуаттылығы тәулігіне 500 тоннаға дейін жететін тазартуды іске қосқаннан кейін Қазақстан елімізде өндірілген тазартылған күнбағыс майымен толық қамтамасыз етілетін болады.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин зауытта ауыл шаруашылығы өндірушілерінің проблемалық мәселелерін тыңдады. «Вертекс Восток» ЖШС жарма өңдеу кәсіпорнының директоры Евгений Касаткин қарақұмықты қайта өңдеуді қолдау мүмкіндігі туралы мәселені көтерді.

«ШҚО мен Павлодар облысында қарақұмық дәнінің жетіспеуіне байланысты шаруа қожалықтары төрт жыл бойы осы дақылдың егістік алқаптарын аз егіп келеді. Шаруаларда шикізат бар, бірақ қазір оның бағасы төмендеп кетті, олардың өткен маусымға қарағанда төмен бағамен сатқысы келмейді. Соның салдарынан кәсіпорындарымыз тоқтап, шығынға батып отыр. Біздің нарыққа арзан жарма жеткізетін көрші елдің ықпалы зор. Бәсекелестік үшін шикізатты арзан сатып алуымыз керек. Импорт пен логистикаға қосылған құн салығына байланысты қарақұмық шикізаты қымбатқа түседі және бәсекеге қабілетті емес. Егер біз импортқа қосылған құн салығынан біраз уақытқа босатылатын болсақ, онда шикізат сатып алып, жұмыс істей алар едік. Дайын өнім бағасы бойынша бәсекеге қабілетті болар еді», — деп атап өтті ол.

«Астана Бизнес» агрохолдингінің бас директоры Фарид Абитаев күнбағыс тұқымын іріктеумен және өндірумен айналысады.

«Күнбағысқа экспорттық баж салығы енгізілгеннен кейін селекциялық тұқымдар тауарлық күнбағыспен СЭҚ ТН (сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы) бір кодына түсті. Бірақ олар іс жүзінде тауарлық өнім болып саналмайды. Біздің кәсіпорын – Қазақстанда күнбағыс тұқымын өндіруге маманданған жалғыз кәсіпорын. 10 жыл ішінде тұқым сатылымы 15 есе өсті. Алғашқы жылдардан Ресей Федерациясына тұқым экспорттадық, ал биыл Германияға бірінші партия жөнелтілді. Селекциялық тұқымды бажсыз экспорттау мүмкіндігін жеке кодқа енгізуге бола ма, соны сұрағым келеді», — деді кәсіпкер.

Серік Жұманғарин кездесуде көтерілген барлық мәселелерді зерделеп, пысықтауға тапсырма беретінін айтты. 

Вице-премьер Шемонаиха ауданының «Рулиха» тауар-сүт фермасында СҚО-ның АӨК-дегі ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша тәжірибесін қайталау аясында болашақ жеңілдікпен қаржыландыру үшін облыс пулына үміткер жобалармен танысты. Бұл – өңірде әлі салынбаған жұмыртқа шығаратын құс фабрикасының, сүт-тауарлы фермалардың, сауын сиырлардың аналық малын шығаратын кәсіпорындардың, суару жобалары мен көкөніс қоймасының құрылысы. Өз  кезегінде Серік Жұманғарин алдағы үлкен жобаның басты мақсаты – елімізде негізгі азық-түлік өнімдері бойынша импортты толық алмастыруды қамтамасыз ету екенін тағы да атап өтті.

Кәсіпорындар пулға еніп, мемлекеттік қолдауға ие болса, бизнес қауымдастығы бірінші кезекте ішкі нарықты қанықтыру бойынша өзара міндеттеме алады, содан кейін артығын экспортқа жібереді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға