Жаңалықтар

ШҚО-да қыруар қаржыға сатып алынған медициналық құралдар шаң басып тұр – Антикор

ШҚО-да қыруар қаржыға сатып алынған медициналық құралдар шаң басып тұр – Антикор
Фото: Т. Шаяхмет 15.04.2024 13:03 639

Жалған дипломмен жұмыс істеу, іссапар қаражатын заңсыз жолмен иемдену, жаңа медициналық құрал-жабдықтардың орнына ескісін сатып алу... Бұл – Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау, спорт салаларында әшкере болған былықтың бір парасы ғана. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті бюджет қаражатын жымқырудың бірнеше фактісін анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл заңбұзушылықтар жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында белгілі болды.

Құзырлы ведомствоның мәлімдеуінше, облыстың Оңалту орталығына 35,1 млн теңгеге сатып алынған 12 медициналық құрал-жабдық жеті жылдан бері қолданылмай қоймада тұр. Өйткені, тиісті сертификаты жоқ. Соған қарамастан жауапты сала басшылары Медициналық құралдардың мемлекеттік реестріне енгізілмеген қымбат құрал-жабдықтарды балансқа алған. Осы уақыт ішінде денсаулық сақтау басқармасында бірнеше басшы ауысқан.

 Денсаулық сақтау басқармасы Оңтүстік Кореядан жалпы құны 35 млн теңге болатын 12 медициналық аппарат сатып алған. Бірақ ол құралдардың пайдалану сертификаты жоқ. Сол себепті қымбат аппараттар 2017 жылдан бері қоймада шаң басып тұр, – деп түсіндірді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов.

Денсаулық сақтау саласындағы заңсыздық мұнымен бітпейді. Өскемен қаласындағы медицина мекемелері жаңа аспаптардың орнына ескірген түрін сатып алған. Медициналық техникаларға қойылатын нормативтік талаптарға сәйкес қажетті құрал-жабдықтар тапсырыс берушіге жеткізген кезде өндірілгеніне 24 айдан аспауға тиіс. Яғни, қандай да бір медициналық аспап өндірілген сәттен бастап 24 айдың ішінде тапсырыс берушінің қолына тисе, сонда ғана ол жаңа болып есептеледі. Өкінішке қарай Өскемендегі Ана мен бала орталығына және облыстық ауруханаға жеткізілген аспаптар бұл талапқа сай болмай шыққан. Дұрысы, межелі мерзімнен кешігіп жеткізілген. Сөйте тұра аталған мекемелер құрал-жабдықтарды қабылдап қойған. Енді қазір удай қымбатқа сатып алынған аспаптар кәдеге жарамай бостан-босқа қаңтарылып тұр. 

 Бұл жерде барлық факторларды ескеру керек. Айталық, медициналық аппаратты сатып алуға бюджет қаражатының дер кезінде бөлінуі, мемлекеттік сатып алу процедурасын өткізу сияқты жағдайлар да тікелей әсер етеді. Бюджет қаржысын бөлу уақыты созылып кетуі мүмкін немесе мемлекеттік сатып алу барысында жеңген компанияның үстінен екіншісі бір бәсекелесі шағым түсіруі ықтимал деген, осындай бюрократтық шаралардың салдарынан уақыт өтіп кетеді де, жеткізетін аспаптардың өндірілген мерзімі ескіреді. Мұндай жағдай Шығыста ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де бар, – дейді департамент басшысы.

Сонда не істемек керек?! Жаңапты басқарма сатып алудың алгоритмін әзірлеу керек және жеткізу мерзімінің кешігуін анықтап, тұрақсыздық айыбын өндіру үшін тоқсан сайын мониторинг жүргізу қажет.

Тұрақсыздық айыбы демекші, Күршім аудандық ауруханасына 88,8 млн теңгенің маммографиялық цифрлық аппараты мерзімінен 34 күн кешігіп жеткізілген. Глубокое аудандық ауруханасына 14,7 миллион теңгенің өкпені жасанды желдету аппараты мерзімінен екі ай кешігіп жеткізілген. Осы жағдайларды көріп, біле тұра аталған ауруханалардың басшылығы жеткізуші тараптан бір тиын да тұрақсыздық айыбын өндіріп алмаған. Бұл медицина мекемелерін басқарып отырған лауазым иелерінің менеджерлік басқаруды дұрыс меңгеруін көрсетеді дейді мамандар.

Демеушінің дегені болып тұр

«Бизнестің әлуеметтік жауапкершілігі» деген өте бір жақсы дүние бар. Кәсібін дөңгелетіп, табыстан-табысқа жетіп жатқан азаматтар өзінің туған өңіріне, түлеп ұшқан ұясына демеушілік жасап, қалтасынан қаржы шығарып түрлі қолдау-көмек көрсетеді. Алайда осындай игілікті істі кейбіреулер қайырымдылық үшін емес, қара басының қамы үшін істейтін сияқты көрінеді. Олай демеске лаж қайда?! Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынған деректері осындай ойға жетелейді.

Енді қараңыз, медицина мекемелеріне өз ақшасына құрал-жабдықтар сатып алып, сыйға тартатын жеке кәсіпкер тек бір өзі сол құралға қажетті шығын материалдарын жеткізуші болып есептеледі. Былайша айтқанда, басқа бәсекелестері байқауға түсе алмайды. Бұл мемлекеттік сатып алудағы бәсекелестік қағидаттарына қайшы келгенімен қоймай өзге кәсіпкерлердің құқығын шектейтіні және бар. Нақты деректерге сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданындағы ауданаралық ауруханаға демеушілік көмек ретінде 9,6 млн теңгенің биохимиялық анализаторлары сыйға берілген. Содан кейін медицина мекемесі мен әлгі демеуші арасында 43,3 млн теңгеге шығын материалдарын жеткізу шарты жасалады. Тағы бір демеуші осы ауруханаға бағасы 2,5 млн тұратын портативті клиникалық анализаторды сыйға бере отырып шығыс материалдарын жеткізу үшін 10,1 млн теңгенің шартына қол жеткізген.

Дәл осындай жағдай Серебрянка қаласындағы ауруханада да болған. Жеке кәсіпкер қалалық ауруханаға құны 600 мың теңгенің флуоресцентті анализаторын тарту етеді де, шығын материалдарын жеткізуші ретінде 10,1 млн теңгенің шартына қол қояды.

 Бұл әрине ешқандай заңбұзушылыққа жатпайды, дейтұрғанмен басқа кәсіпкерлердің құқығы шектелетінін ескеру керек. Қазір аталған фактілер бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, – деп нақтылады департамент басшысы Денис Шакенов.

Облыстың медициналық жедел жәрдем қызметінің автопаркі үш жыл бұрын ғана жаңа техникалармен толыққан болатын. Соған қарамастан Өскеменде жедел жәрдем көлігі тапшы. Неге? Белгілі болғандай автопарктегі көліктердің жартысына жуығы жүрмейді, бұзылып тұр. Ішінде жол-көлік апатына ұшығандары да бар. Тиісті мекеме басшылығы оларды қалпына келтіріп, қатарға қосудың орнына қаңтарып қойған. Ал қарапайым тұрғындар болса жедел жәрдем қызметіне қолы жетпей зар болып отыр. Мұнда да жең ұшынан жалғасқан жемқорлық тәуекелдері бар екендігін айтады сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент өкілдері.

Осыдан үш жыл бұрын ғана облыстық жедел жәрдем қызметінің автопаркіне 75 көлік сатып алынған болатын. Лизингке алынған осы көліктердің 47-сі облыс орталығына бөлінді. Сол көліктердің жиырмадан астамы қазір істен шығып қалған, жүрмейді. Дені жол-көлік апатына ұшыраған, ал оларды жөндейтін қаражат жоқ, – деп нақтылады Денис Шакенов.

Осы орайда ескере кететін жәйт, жол-көлік апаты кезінде көп жағдайда қарсы тарап кінәлі болып шығады екен. Сөйте тұра станция басшылығы салғырттық танытып, кінәлі тараптан бүлінген жедел жәрдем көліктерін қалпына келтіруді талап етпеген. Соның кесірінен автопарк жүрмейтін көлікке толып кеткен.

Іссапар қаражатын заңсыз иемденген

Бюджет қражатының тиімсіз жұмсалу фактісі Шығыс Қазақстан облысының спорт саласында да анықталды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау барысында бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, жалған дипломмен жұмыс істеу, жаттықтырушыларға іссапар шығындарын аудару кезінде заңбұзушылыққа жол беру, жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізу сияқты былықтардың беті ашылды. Мысалы, Өскемендегі волейболдан олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне іссапарға шығу үшін қомақты қаржы бөлінген. Ал шындығында жас волейболшылар қаладан ешқайда шықпаған.

Құзырлы департамент ұсынған ақпаратқа сүйенсек, олимпиадалық резерв мектебінің волейболшыларына оқу-жаттығу жиындарына деп, яғни олардың тамағына, жатын орнына және басқа да шығындарына 4,1 млн теңге ақша аударылған. Алайда оқу-жаттығу жиындары Өскеменнің ішінде, бір мектептің базасында өткізілген. Демек көрсетілген шығындар негізсіз болып шыққан.

 Иә, балалардың тамағына қаражат аудару қажет шығар, бірақ басқа іссапарлық шығындар қаладан тысқары шыққанда ғана төленуге тиіс. Ал мына жағдайда заң талаптары бұзылып отыр. Қазір аталған фактіге байланысты тексеру амалдары жүргізіліп жатыр, – деген департамент басшысы Денис Шакенов облыстағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жалған дипломмен жұмыс істеген жеті  фактісі анықталғанын тілге тиек ете кетті.

Құзырлы орган басшысының айтуынша, талдау барысында анықталған фактілер уәкілетті органдарға тексеруге жіберілген. Тексеру қорытындысына сәйкес іс ішкі істер органдарына жолданады. Ары қарай қылмыстық-процестік заңнама аясында тиісті шешімдер қабылданады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға