ШҚО-да прокуратура ауаны ластаған кәсіпорынға салынған айыппұл көлемін 174 есе ұлғайтты
Шығыс Қазақстанда прокуратураның араласуынан кейін ауаны ластаған кәсіпорынға салынған айыппұл көлемі 174 есе көбейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ШҚО сотының дерегі бойынша, өңірдегі Алтай ауданындағы кәсіпорын ауаға шығарылған зиянды заттар мөлшерін рұқсат етілген шектен асырып жібергені анықталған. Экологияға келтірген зияны үшін кәсіпорынға мемлекеттік экологиялық инспектор 256 615 теңге мөлшерінде айыппұл салды. Алайда іске прокуратура араласып, айыппұл мөлшерін 44 824 241 теңгеге көтеруді сұраған
Сот барысында компания өкілі өз кінәларын мойындады. Алайда сот экологиялық инспектордың залалды бағалау кезінде бұзушылықтың барлық кезеңін есепке алмағанын, сол үшін айыппұлды айтарлықтай азайтқанын анықтады. Заңнамаға сәйкес, ластаушы заттардың нормадан тыс шығарындылары нәтижесінде келтірілген залалды бағалау мемлекеттік экологиялық бақылау барысында жүргізілген соңғы тексеруден бастап талап қою мерзімі өткенге дейінгі кезеңге дейін созылады. Осыған байланысты аудандық сот шешімімен ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының наразылығы қанағаттандырылды, - деп жазылған облыстық сот таратқан ақпаратта.
Бұдан кейін ауданда ауаны ластаған кәсіпорын 256 мың теңгенің орнына 44,8 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеліп отыр.