ШҚО-да өрт сөндіру бөліміне жаңа автоцистерна пайдалануға берілді

Шығыс Қазақстан облысында ТЖМ басшысы жаңа автоцистернаның кілттерін табыстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ШҚО-ға жұмыс сапары аясында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Усть-Таловка ауылдық әкімдігінің иелігіндегі өрт сөндіру бекетіне барған болатын.
Ауылдық жерлерде өртке қарсы қорғанысты нығайтуға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Осы бағдарлама аясында министр Шемонаиха ауданының әкіміне «КамАЗ» автокөлігі базасындағы жаңа өрт автоцистернасының кілтін табыс етті.
«Ауыл құтқарушылары» - бұл шалғайдағы және жету қиын елді мекендердегі өрт сөндіру бекеттерін дамытуды қамтитын біздің басым жобамыз. Біз бөлімшелерді техникамен, жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, өртке қарсы инфрақұрылымды жүйелі түрде күшейтеміз және әрбір тұрғын, тұрғылықты жеріне қарамастан, қорғалуы үшін кадрларды оқытамыз. Болашақта біз посттарды байланыс құралдарымен жабдықтаймыз», - деп атап өтті Шыңғыс Әрінов.
Усть-Таловкадағы өрт сөндіру бекеті төтенше жағдайларға уақтылы ден қойып, өрттің салдарын барынша азайта отырып, жеті елді мекенге қызмет көрсетеді. Министр бөлімшенің жұмыс жағдайымен танысып, техника мен жабдықтарды қарап, жеке құраммен кездесу өткізді.
