Жаңалықтар

Шоу-бизнес: Қоян жылы кімдерге бақыт сыйлады

Шоу-бизнес: Қоян жылы кімдерге бақыт сыйлады
Фото: Коллаж El.kz 27.12.2023 16:15 6963

2023 жыл қоян жылы көптеген өнер иелері мен эстрада жұлдыздарының бағын ашты. Өнерде жүрген танымал әншілер өз теңін тауып, отбасын құрды. Елдің сүйіктісіне айналған шоу-бизнес өкілдерінің өміріне шолу жасаймыз.

Бағы ашылған жұлдыздар

Шоу-бизнес: Қоян жылы кімдерге бақыт сыйлады
instagram.com/raimusican

Қаңтарда әнші Райымбек Бақтыгереев өзінен 13 жас үлкен Ерке Есмаханмен некесін қиып, сүйінші жаңалығын бөлісті. Жыл бойы ел аузынан түспеген жұп қарашада ата-ана атанды. Тұңғыштарына Ислам деп есім беріп, Ерке Есмахан бақытты сәтін бөлісті. Еркенің өзінен кіші жас жігітке тұрмысқа шығуы басқа да қыздардың жолын ашты десек болады. Себебі, маусым айында 38 жастағы актриса Әсел Сәдуақасова да өзінен 7 жас кіші кәсіпкермен бас қосты. Кәмшат Жолдыбаева да өзінен 5 жас кіші актер Ғазрет Қажымұқанұлының үйіне келін болып түсті. Сондай-ақ Жанар Дұғалова мен Гүлназ Жоланова да сәукеле киіп ұзатылды. Қазақстандық қыздардың арманына айналған актер Аян Өтепберген де шаңырақ көтеріп, үйленіп үлгерді.

Басы даудан арылмаған әнші

Шоу-бизнес: Қоян жылы кімдерге бақыт сыйлады
instagram.com/toregalitoreali

Маусым айында «Ұлы дала баласы» атанған әнші Төреғали Төреәлі тағы да елді шулатты. 14 маусымда әлеуметтік желіде белгілі эстрада жұлдызы Төреғали Төрәлінің мас күйінде көлік айдап полицияға түскені туралы видео тарады. 20 тәулікке қамалып, жазасын өтеген соң, 4 шілдеде Алматыда жол ережесін бұзғаны үшін тағы жазаға тартылды. Кейін сот үкімі шығып, 40 сағат қоғамдық жұмысқа тартылып, саябақтарды тазалайтыны белгілі болды.

Жұлдыздар арасында бэби-бум

Шоу-бизнес: Қоян жылы кімдерге бақыт сыйлады
instagram.com/bayzakova

Биыл шоу-бизнес өкілдері арасында сәби күтіп, балалы болатын жұлдыздардың қатары көбейген. Алматыда өткен концертте әнші, аяғы ауыр Жанар Дұғалованың өнер көрсеткені елдің қызу талқысына түсті. Әнші босанатын уақыты жақын болғанына қарамастан, сахнаның сәнін келтіріп жүрді. Әнші Алтынай Жорабаева көптен бері сәби сүюді армандап, енді сол сәттің болатынын айтып, оқырмандарын қуантып қойды. Жұлдызды жұп Абай Асылхан мен Жәнел Мақажан қызды болды. Олар қызына Мәриям деген есім берді. 2022 жылдың күзінде тұрмысқа шыққан блогер Айжан Байзақова екінші рет ана атанып, ұлды болды.

Сәтсіз неке

Шоу-бизнес: Қоян жылы кімдерге бақыт сыйлады
instagram.com/bidash_official

Қоян жылында бірқатар өнер иелерінің шаңырағы шайқалғаны жасырын емес. Көпшілік актер Жаһан Отарғалиев пен әнші  Балжан Бидаштың ат құйрығын үзіп, екі жаққа кеткенін қызу талқылады. Алғашында жұлдызды жұптың айырылысқанын «хайп» деп ойлағанымен, кейіннен өздері нақтылады. Үш жыл бірге болған жұпқа өзара түсініспеушілік пен қатаң талаптардың кері әсерін бергені белгілі болды.

Әнші Дильназ Ахмадиева өзінен 7 жас кіші музыкант Азильхан Сейтебаевпен ажырасқанын мәлім етті. Олар 2017 жылдан бері көңіл жарастырып, 2019 жылы шаңырақ көтерген еді. 2020 жылы Ахмадиева 39 жасында Зейдан есімді тұңғыш баласын дүниеге әкелген.

Айдарбековтер әулетінің кіші ұлы Заңғар Нұртастың да некесі сәтсіз аяқталды. Жібек есімді аруға үйленіп, ұлан-асыр той жасаған Заңғар ажырасқанына 6-7 ай толған соң, өзге аруға үйленіп кетті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға