Жаңалықтар

Шоттардың жаппай бұғатталуы: қазақстандықтар нені білуі керек

Шоттардың жаппай бұғатталуы: қазақстандықтар нені білуі керек
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 04.12.2024 10:47 195

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 4 желтоқсанда жеке тұлғалардың шоттарын бұғаттау туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Комитеттегілер Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі аяқталғанын еске салды. Осы бастама шеңберінде бизнес өкілдері – заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен қатысушылары, сондай-ақ  дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары 250.00 нысаны бойынша «кіру» декларациясын тапсыра отырып, Қазақстандағы және шетелдегі өз активтерін декларациялады.

Бұдан басқа, бұрын жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген азаматтар 270.00 нысанды кірістер мен мүлік туралы жыл сайынғы декларациясын ұсынды.

Декларацияларды тапсыру мерзімі  2024 жылғы 1 қаңтардан 16 қыркүйекке дейін белгіленді, бұл 8,5 айды құрады. Осы уақыт ішінде Мемлекеттік кірістер органдары декларанттарды бұқаралық ақпарат құралдары, СМС-хабарламалар және басқа да тәсілдер арқылы декларацияларды тапсыру қажеттілігі туралы белсенді түрде хабардар етті.

Ақпараттық қолдауға қарамастан, кейбір салық төлеушілер белгіленген мерзімде декларация тапсырған жоқ. Мұндай жағдайларда салық органдары бұзушылықтарды жою үшін қосымша 30 жұмыс күнін бере отырып, салық заңнамасында белгіленген мерзімде жеке тұлғаларға салық есептілігін ұсынбау туралы хабарлама жібереді. Осылайша, азаматтарға декларация тапсыру үшін 10 ай уақыт берілді, - делінген мәліметте.

Комитет декларациялар, егер оларда салық органының коды, салық кезеңі немесе декларация жасалған күні сияқты негізгі деректер болмаса немесе декларация «өңдеуден бас тарту» мәртебесін алған болса, ұсынылмаған болып саналатынын да алға тартты. Мұндай жағдайларда салық төлеушілер декларацияны өзгерту әдісімен қайтарып алып, түзетілгенін беру арқылы бұзушылықты өз бетінше жоя алады.

Банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру тек дара кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға ғана қатысты екенін атап өткен жөн (Салық кодексінің 118-бабы). Декларацияны уақытылы тапсыра алмаған азаматтар үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұзушылықтар жойылғаннан кейін банктік шоттар бойынша шығыс операциялары бір жұмыс күнінен кешіктірілмей бұғаттан шешіледі, - делінген ақпаратта.

Ведомство дерегінше, жалпыға бірдей декларациялау бойынша декларация тапсыруға міндетті 4,8 миллион адамның ішінен декларацияны ұсынбағаны үшін мемлекеттік кіріс органдары 68,3 мың немесе 1,4% дара кәсіпкер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалардың банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатты.

Бүгінгі таңда аутқушылықтарды жойған 17,5 мыңнан астам салық төлеушінің немесе өкімдердің жалпы санының 26% бойынша - банктік шоттары бойынша бұғаттау шешілді, - деп қосты комитет.

Мемлекеттік кірістер комитеті декларациялау процестерін жақсарту және салық заңнамасын сақтау деңгейін арттыру үшін тиісті жұмыстарды жалғастыруда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға