Жаңалықтар

Шомылу кезінде қауіпсіздік ережесін қалай сақтаймыз?

Шомылу кезінде қауіпсіздік ережесін қалай сақтаймыз?
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 17.06.2023 12:00 1414

Жаз келсе шомылу маусымы басталады. Ересектер де, балалар да демалысын қызықты өткізу мақсатында дәл осы мезгілде суға түскенді жөн көреді. Алайда шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережесі мен алғашқы көрсетілетін көмек жайлы бәрі біле бермейді. Соның кесірінен қаншама өмір қыршынынан қиылып жатады.

Мәселен, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы 424 адам, оның ішінде 131 бала, 2022 жылы 242 адам, оның ішінде 77-сі кәмелет жасына толмағандар суға батып қайтыс болған. Яғни 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда адам өлімі 43 пайызға, балалар 41 пайызға дейін азайған.

Биыл жыл басынан бері жаз мезгілі енді ғана басталғанына қарамастан, еліміздің су айдындарында 64 адам, оның 21-і кәмелетке толмағандар қаза тапты. Мұндай жыл басындағы көрсеткіш 2022 жылы 73 адамды, оның ішінде 28 баланы құрады. Биылғы жыл мен өткен жыл аралығын салыстырар болсақ, жалпы суға батқандар саны 12 пайызға, бала өлімі 25 пайызға азайғаны байқалады.

Ал 1 маусымнан бергі кезеңді ғана қарастырсақ, 37 адам, оның ішінде 15 бала суға батып кеткен. Өткен жылдың салыстырмалы кезеңінде 31 адам, 15 бала қаза тапты. Яғни адам өлімі 19 пайызға азайды, ал бала өлімі өкінішке қарай ұқсас көрсеткіште сақталды.

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша суға батқандардың ең көп фактілері Ақтөбе, Ақмола, Алматы және Павлодар облыстарында тіркелген. Ал жалпы суға батқандарды алатын болсақ, олардың орташа жасы 32 жасты құрайды. Тек балалар арасындағы статистикаға жүгінсек, суға батқан балалардың орташа жасы 14-ті құрайды.

Осы ретте, Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің Азаматтық қорғаныс іс-шараларының мемлекеттік бақылау басқармасының аға офицері Ерасыл Сайпаштан адамдардың суға батып кетуінің негізгі себебі мен қауіпсіздік ережесін қалай сақтау керек екені жайлы сұрап білдік.

Ерасыл Абайдолдаұлы қазіргі таңдағы статистикаға жүгінсек, қайғылы оқиғалардың 95 пайызы суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерде орын алғанын айтады.  

Адамдардың суға батып кетуінің басты себептерінің біріншісі, олардың тыйым салынған жерлерде шомылуы, екіншісі, азаматтардың түрлі алкогольдік ішімдіктерді пайдаланып суға түсуі болып отыр. Ал балалар жиі ата-анасының назарынан тыс қалып қоятындықтан, суға батып кетіп жатады, - деді ол.

Сондықтан аға офицер судың бетінде орналасқан қалқымалардан асып кетіп, шомылуға болмайтындығын ескертеді. Ал жүзе алмайтын адамдар болса, онда олардың бойынан асып кететін тереңдікке дейін кетуі өмірлеріне қауіп төндіреді.

Суға шомылмастан бұрын қарапайым халықтың ескеруі тиіс бірнеше талаптар бар. Алдымен рұқсат етілмеген жерлерге бармау керек. Кеме сынды суда жүзетін көліктерге жақын жүзуге болмайды. Суға түсуге балалармен барған кезде оларды қараусыз қалдырмау қажет, - дейді Ерасыл Сайпаш.

Ерасыл Абайдолдаұлы «Су айдындарындағы  қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы  Ішкі істер министрінің  №34 бұйрығына сәйкес ережелерге бағынатын болсақ, адамдардың суға бату фактілерін азайта аламыз деп есептейді.

Сонымен қатар ол суға батып бара жатқан адамды құтқарып алу тәсілімен бөлісті.

Ең алдымен құзіретті органдарға, яғни мамандандырылған құтқарушылар, оның ішінде 112 нөмірі бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару бөліміне хабарласу қажет. Екіншіден, қолда бар ұзын таяқ, арқан, үрмелі матрас сынды басқа да қалқымалы заттар болатын болса, оларды лақтыру арқылы қашықтықтан құтқаруға тырысу керек. Ал егер құтқарушы адам өзінің физикалық жағдайын, қабілетін толық бағалап, батып бара жатқан азаматты құтқара алатынына көзі жетсе, оны қолы кедергі жасамайтындай артқы жағынан сүйреп, шашынан ұстау арқылы судан шығарып ала алады, - деді аға офицер.

Жыл сайын елімізде шомылу маусымына тиісті дайындық кезеңі жүргізіліп отырады. Биыл да өткен жылғы суға шомылу маусымын өткізу кезеңіне жасалған талдаманың нәтижесінде барлық алдын алу шаралары жоспарға бекітілді.

Бұл жоспар министрдің бұйрығымен барлық мемлекеттік органға, әкімдіктерге жолданды. Жоспар көптеген алдын алу шараларымен қамтылған. Мәселен, шомылуға рұқсат етілген орындарды көбейту, оларды белгіленген талаптарға сәйкестендіру, рұқсат етілмеген жерлерге тыйым салу белгілерін орнату, халықпен, ата-аналар мен балаларға түсіндірме жұмысын жүргізу туралы барлық мәліметтер бар. Сондай-ақ барлық бұқаралық ақпарат құралдарына тиісті ақпараттарды жеткізіледі, - дейді Ерасыл Сайпаш.

Айта кетейік, суға түсуге қатысты ережені бұзған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Өткен 2022 жылы 2167 хаттама толтырылып, 174 адам құтқарылып алынды. Ал биыл қазіргі таңға дейін 1030 хаттама толтырылып, 63 адам құтқарылған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға