Шизофрениясы бар адамдарға көмектесуіміз керек - психиатр

11 ақпанда Астанада психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған 14 жастағы жасөспірім 5 жасар баланың бетін пышақпен тіліп, ауыр жарақаттаған болатын. Бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндіріп, қауіпсіздікті күшейту мәселесі бірінші орынға шықты. Депутаттар мен қоғам белсенділері пікір білдіріп, психологиялық ауытқуы бар адамдарды бақылауды қайта қарау қажет екенін айтады.
Психологиялық ауытқуы бар адамдар әлеуметтік ортаға бейімделіп кеткенімен ара-тұра жүйкесі сыр беріп, ауыр қылмыстарға баруы бек мүмкін. Психиатр Алмагүл Айтжанова шизофрениясы бар науқастарға қалай қолдау қажеттігі жөнінде айтып берді.
Қазақстанда психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар (ПМБ) денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы 1 қаңтардағы мәліметтері бойынша, 198 417 адам психикалық денсаулыққа байланысты динамикалық бақылауда тұр. Аталған азаматтардың ішінде: 41 014 – балалар, 82 914 – әйелдер, 115 503 – ер адамдар.
Алайда, министрлік ПМБ диагнозы бар адамдардың барлығына бірдей стационарлық ем қажет емес екенін атап өтті. Тек аурудың асқыну жағдайында ғана стационарлық көмек көрсетіледі. Ал негізгі емдеу процесі амбулаториялық деңгейде жүргізіледі.
Түркістан мен Қарағандыда ауытқушылық жиі байқалады
2023 жылы Психикалық денсаулық орталықтарының стационарларында 70,5 мың науқас ем қабылдаған, оның ішінде 8 мыңнан астамы – балалар. Ал 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 7 223 пациент әлі де стационарлық емдеуде жатыр. Ал халықтың шамамен 1%-ы психикалық ауруларға байланысты диспансерлік бақылауда тұр. Ең көп қойылатын диагноздарға тоқталып өтсек: ақыл-ой кемістігі, ми тінінің зақымдануы, шизофрения.
Түркістан және Қарағанды облыстары психикалық денсаулық мәселелері ең өзекті өңірлердің қатарына кіреді. Бұл факторға экологиялық жағдай, әлеуметтік орта және медициналық көмекке қолжетімділік әсер етеді. Мамандар халықтың психикалық аурулар туралы ақпараттануын арттыру қажет екенін айтады. Себебі көптеген азаматтар бұл аурулар туралы жеткілікті білімге ие емес, ал кейбіреулер тіпті олардың бар екенін білмейді.
Қазіргі медицинада психикалық бұзылыстарды басқаруға арналған тиімді әдістер бар. Заманауи дәрі-дәрмектер мен психотерапия науқастардың толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік береді, ал дұрыс емдеу жағдайында олардың қоғам үшін ешқандай қауіп төндірмейтіні дәлелденген.
Қазақстандағы шизофрения туралы қоғамның пікірі
Қазақстанда менталдық денсаулық мәселелері туралы қоғамның хабардарлығы біртіндеп артып келеді. Алайда, психикалық ауруларға қатысты жаңсақ пікірлер мен стереотиптер әлі де бар. "Gedeon Richter KZ" фармацевтикалық компаниясы жүргізген соңғы сауалнама нәтижелері осы жағдайды айқын көрсетті. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 45%-ы шизофрениямен ауыратын адамдарды қауіпті деп есептейді. Бұл көрсеткіш қоғамда психикалық ауруларға қатысты стереотиптердің әлі де бар екенін аңғартады. Сонымен қатар, 28% респондент шизофрения диагнозы бар азаматтарды толықтай оқшаулау қажет деп санайды.
Дегенмен, зерттеу нәтижелері халықтың бұл мәселе бойынша хабардарлық деңгейі әр өңірде әртүрлі екенін көрсетті. Мәселен, Алматы қаласының тұрғындары менталдық денсаулық туралы көбірек ақпараттандырылған болса, елордада бұл көрсеткіш төмен болып шыққан.
Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, мамандар қоғамды психикалық аурулар туралы ақпаратпен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. "Gedeon Richter KZ" компаниясының PR-менеджері Динара Бірмағанбетова бұл бағытта мемлекеттік тілдегі ақпараттың жеткіліксіз екенін айтты. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, 2024 жылы компания мемлекеттік тілде шизофрения туралы ақпараттық портал ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, психикалық аурулармен өмір сүретін адамдар мен олардың жақындарына арналған «Шизофренияның жалпы күйі: жақындарыңызға арналған кітап» еңбегі қазақ тіліне аударылды.
Қазақстандағы жетекші психиатрлардың бірі, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс психиатры Елена Полиенко, қазіргі таңда елде шамамен 47 мың адам шизофрения диагнозымен тіркеуде тұрғанын айтты.
Бұл өте күрделі психикалық ауру болғанымен, қазіргі заманғы антипсихотикалық дәрілер пациенттердің өмір сапасын жақсартуға көмектеседі. Дұрыс терапия жағдайында шизофрения диагнозы бар әрбір үшінші адамның ауру белгілері толығымен ремиссияға өтеді. Сондықтан шизофрениямен ауыратын адамдардың қоғамға қауіп төндіретіні туралы пікірлер қате, — деп түсіндірді маман.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, әлемде 24 миллион адам немесе әрбір 300 адамның 1-і шизофрениямен өмір сүреді. Қазақстанда бұл ауруға қатысты ақпараттандыру жұмыстары қарқын алғанымен, әлі де халық арасында дұрыс түсіндіру мен ағартушылық қызметтер қажет. Жаңа бастамалар психикалық денсаулық туралы ашық диалог орнатуға, науқастарды қорғауға және олардың қоғамдағы рөлін дұрыс қабылдауға ықпал етеді. Бұл – психикалық саулықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Шизофрения тұқым қуалайды
Амбулаторлық-емханалық психикалық денсаулық қызметінің басшысы Алмагүл Айтжанова шизофренияға қатысты маңызды деректерді түсіндіріп берді.
Шизофрения дегеніміз – созылмалы психотикалық ауру, оның себептері әртүрлі болуы мүмкін. Ең алдымен, тұқымқуалаушылық деп жатамыз, одан басқа күйзеліске төзімділігі аз адамдар және бірнеше экзогенді жарақаттан, интоксикациялық өзгерістерден кейін күйзеліске түсіп, адам өз басына түскен ауыртпалықты көтере алмағанынан болуы мүмкін. Мұндай құбылыстар күрт көбейіп жатыр деп бірден шорт кесіп айта алмаймыз. Алғашқы белгілеріне тоқталып өтсем. Ең бірінші адам өз-өзіне қарауды қойып, астениялық күйге шалдығады. Жуынып-киінуінен бастап өзіне немқұрайлы болуы, тамаққа тәбеті тартпай, түнгі мезгілде ұйқысы қашып, үрей тудырып, қорқыныш сезімдері туындайды, - дейді Алмагүл Айтжанова.
Жасыратыны жоқ қоғамда мұндай диагнозы бар адамдарды шеттетіп, қарым-қатынас құрудан қашып жатады. Маман керісінше мұндай адамдарды қолдау қажеттігіне тоқталды.
Қоғамда ондай адамдар қоршаған ортаға қауіпті, ондай адамдарды арнайы мекемелерге қамап ұстау керектігі жайлы мифтер жиі айтылады. Ал шизофрения диагнозы қойылған адамдарды отбасында бөліп-жармай, басқаларға көрсеткен қарым-қатынасты сол адамға да көрсетуге тырысқан жөн. Оларға тиісті көмек көрсету керек. Ең алдымен, сабыр сақтау керек. Ауырып тұрған сәтінде қарсылық көрсетпей, дәрісін беріп, дәрігердің қадағалауында болуы тиіс, - дейді Алмагүл Айтжанова.
Ауытқуы бар адамдарды әлеуметтік ортаға бейімдеу керек
Психиатр маман шизофрениясы бар адамдарды әлеуметтік ортаға икемделу процесінің маңыздылығына тоқталды.
Қазақстанда шизофрениямен ауыратын адамдардың барлығы да дәрігерге тұрақты қаралады, психиатр маман бақылауда ұстайды. Олар диагноздың ауырлығына байланысты бірнеше топқа бөлінеді. Бірінші топ өзіне қол жұмсап немесе қоршаған ортаға қауіп төндіретін адамдар айына бір рет дәрігерге қаралады. Екіші топтағылар жылдар бойы дәрі ішіп, өзін бақылап, арнайы препараттарды қабылдайды. Үшінші топтағылар дәрігердің нұсқауымен жүреді, жағдайына байланысты дәрі ішпеуі мүмкін. Ол дәрігерге жылына екі рет барып тұрады. Сондай-ақ шизофрениямен ауыратын адамдар тек қана дәрі ішіп қоймай, оңалту орталықтарында өзіне-өзі икемге келтіріп, күтім жасап, әлеуметтік қызметкерлердің көмегімен басынан өткен қиындықтарды жеңуге тырысып, менталды күйін қалпына келтіруге тырысады. Осылайша шизофрениямен ауыратын адамдар қоғамның бір мүшесі ретінде қайта қатарға қосылады, - деп түсіндірді Алмагүл Айтжанова.
Pew Research Center деректеріне сәйкес, АҚШ тұрғындарының шамамен 72%-ы әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады, ал жастар арасында бұл көрсеткіш одан да жоғары. Global Web Index есебіне сүйенсек, әлеуметтік желіні орташа пайдаланушы күніне шамамен екі сағатын әлеуметтік желілердегі жаңалықтар лентасын, фотосуреттер мен видеоларды қарауға жұмсайды.
Алайда, мұның теріс жақтары да бар. 2016 жылы Body Image журналында жарияланған зерттеу әлеуметтік желілерде фотосуреттер мен контентті жиі қарау дене бітіміне қанағаттанбаушылықтың артуымен байланысты екенін көрсетті. Бұл өз кезегінде алаңдаушылық пен депрессияға, әсіресе жасөспірімдер арасында, әкелуі мүмкін.
Әлеуметтік желі ауытқушылықты тудырады
Осы орайда психиатр әлеуметтік желінің адам психологиясына қалай әсер ететінін айтады.
Соңғы жылдары елімізде кездесіп жатқан жағдайларға әлеуметтік желінің тікелей ықпалы бар. Қазір баршамыз әлеуметтік желі мен интернетке тәуелдіміз десек болады. Әлеуметтік желідегі парақшаларында көпшілік әдемі өмірін көрсетіп, керемет жетістіктерімен мақтанып жатады. Оны көрген басқа адамдар өз өмірлерінен түңіліп, иллюзияға алданып, жарқ-жұрқ еткен өмірді сүруге асығады. Дәл мұндай оқиғалар ауытқушылық тудырады дей алмаймыз, бірақ көңіл-күйі түсіп, күйзелістің шырмауына батып кетеді. Көпшілік өзінде болып жатқан психологиялық ауытқушылықтарды байқаса да, бірден дәрігердің, психолог, психотерапевттің көмегіне жүгінбейді. Өзіндегі проблеманы жариялаудан, оны басқалардың біліп қоюынан сескенеді, - дейді Алмагүл Айтжанова.
Депрессияға бейім адамдар өзіне көңіл бөлуден қалып, үнемі ауыр сезімдерді бастан кешеді.
Адамдардың депрессияға ұшырағанын бірнеше белгілерден байқай аламыз. Жұмыс процесінде белсенділігі баяулап, өзінің сыртқы көрінісіне назар аудармайды. Тіпті, ойлау қабілеті де төмендей бастайды. Осы уақытқа дейінгі байланыстарынан қол үзіп, достары мен ортасынан алыстайды. Өміріне немқұрайлы қарап, ештеңеге назар аудармай, өзінің әлемінен шыққысы келмей, жатып қалады. Тамақ ішуге де зауқы соқпай, көңіл-күйі бұзылып, үнемі ауыр сезімде жүреді, - дейді Алмагүл Айтжанова.
Психиатр соңғы уақытта әлеуметтік желіде біліктілігі төмен психологтардың қаптап кеткені және олардың ем іздеген науқастарды қиын жағдайға қалдыратынын атап өтті.
Елімізде психология саласы айтарлықтай дамып келеді. Соның ішінде психологиялық білім беру сапасы да жақсарып келеді. Көптеген университеттерде психология мамандығына деген сұраныс артып жатыр. Кәсіби мамандар жеткілікті деп айтуға болады, бірақ әрі қарай да біліктілікті арттыру бойынша курстар жүргізіледі. Жалпы қазақ қоғамында психологиялық көмекке жүгінуге қатысты көзқарас өзгеріп келеді. Кейбір адамдар психологиялық мәселелерін өз күшімен шешу керек деп санайтынын да атап өткім келеді. Психологқа жүгінуді әлсіздік деп қабылдайтындардың да қарасы қалың. Соңғы кезде қаптап кеткен психолог-мыс мамандар қарапайым адамдарға айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін. Өйткені, кәсіби біліктілігі төмен мамандардың диагностика жасау мүмкіндігі де нашар болады. Емделемін деп көмек сұрап келген адамның диагнозын да қате қойып, қате рецепт беріп, емнің өзін дұрыс жасамайды. Тиісінше, науқастың уақытын алып, оның жағдайын одан әрі ушықтыра түсуі де ықтимал, - дейді Алмагүл Айтжанова.
Псевдопсихологтарды қалай ажыратамыз?
Психологиялық көмекке жүгінбес бұрын ол маманның біліктілігі мен кәсібилігіне назар аударып, жіті зерттеген жөн.
Ал енді жалған мамандарды кәсіби маманнан айыру жолдарын әрбір адамның білгені дұрыс деп санаймын. Сіз өзіңіз таңдаған психолог маманның білімін, біліктілігін, оның қандай мекемеде оқығанын, қандай тәжірибесі бар екенін жіті зерттегеніңіз артық етпейді. Кәсіби психологтар ассоциациясында тіркелген бе, сертификаттары бар ма, біліміне қатысты барлық дерекпен танысқан дұрыс, - дейді психиатр.
Қазақстанда психикалық денсаулық мәселесі өзекті болып қала береді. 2024 жылғы деректер халықтың белгілі бір бөлігі бұл диагнозбен өмір сүретінін көрсетеді. Сондықтан қоғамның психикалық ауруларға деген көзқарасын өзгерту және ақпараттандыру деңгейін арттыру – басты міндеттердің бірі.
Бұл саладағы жаңа реформалар мен бастамалар халықтың денсаулығын жақсартуға және науқастардың өмір сапасын арттыруға бағытталуы тиіс.
