Жаңалықтар

"Шиза" - кино әлеміне виза

Кинорежиссер, сценарист Гука Омарованың  шығармашылығы
"Шиза" - кино әлеміне виза
23.11.2018 17:00 11412

Біздің бала кезімізде теледидардан жиі берілетін киноларды қазір көрсете қоймайды. Ол кезде қазақ тіліндегі кинотуындылар қазіргідей көп емес еді. Бірақ, сапалы болатын.  1984 жылы жарыққа шыққан, жасөспірімдерге арналған «Сүйрік» атты фильм бар. Орысша атауы «Сладкий сок внутри травы». Режиссерлері Аманбек Әлпейев пен Сергей Бодров. Фильм жасөспірім шақтағы махаббат жайлы.  Осы кинотуындыдағы басты рөлді сомдаған  Гүлшат Омарова жайлы не білеміз?  Гүлшат (Гука) Омарова Сүйрік рөлінен кейін фильмге түсті ме? Қазіргі жай-күйі қалай? Осының барлығына жауап іздеп көрелік.

Гүлшат 1968 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі белгілі спорт комментаторы Диас Омаров, анасы да журналистика саласының маманы. Ұзақ жылдар «Вечерняя Алма-Ата» газетінде тілшілік еткен.  Гүлшаттың есімі әжесінің құрметіне қойылған екен. Жалпы, қазақтарда жақын туысының есімін қайталап қою қабылданбаған үрдіс. Сондықтан да әкесі оны кішкентай кезінен Гука атап кеткен. Гуканың атасы Ілияс Омаров шын мәнінде ауыз толтырып айтатындай мемлекет және қоғам қайраткері болған адам. Бірнеше жыл ҚазКСР Мәдениет министрі болған.

1984 жылы, 14 жасар Гукаға «Сүйрік» фильмінің бас кейіпкерінің образын сомдау бағы бұйырады. Осы жерде айта кететін бір мәселе бар. Фильмнің режиссерінің бірі Сергей Бодров екенін жоғарыда айтып өттік қой. Бұл Сергейдің режиссер және сценарист ретіндегі ең алғашқы толықметражды фильмі.

Фильм өте сәтті шықты деуге болады. Осы фильмнен соң Гуканың тасы өрге домалады дей алмаспыз. Сырт көзге осы сәтті қадамнан соң жас актрисаның алдынан кино әлемінің есігі айқара ашылып, бірінен кейін бірі фильмдерге шақырту алуы керек тәрізді болып көрінеді. Бірақ, Гука актерлік жолды таңдамайды. Оған себеп – Гуканың актер ретінде түскен  екінші фильмнен кейінгі өмірі десек те болады. Дәл осы Сергей Бодровтың режиссерлік етуімен бір жылдан соң «Непрофиссионалы» атты фильмі шығады. Фильмнің желісі мынадай. Қазақстанның кең даласында автобус жүріп келеді. Бұл әуесқой ансамбль мүшелері мінген автобус. Олар маңайдағы ауылдарға өз концерттерін қоймақшы. Адам жас кезінде  көп қадамға ойланбай барады емес пе? Бұл ансамбльдің барлық мүшесі негізінен жастар десек те болады. Сол жастар қызық үшін алдарынан кезіккен бір сиырды автобустарына тиеп алады. Әуелгіде өздеріне қызық көрінген бұл тірліктерінің шыжығын жейтінін ешқайсысы сезбейді... Жалпы, бұл фильм сол кезеңдегі ешкімге қажеті болмай қалған екі буынның тағдырына негізделген. Бірі – енді қалыптасып келе жатқан жас буын болса, екіншісі – асарын асап, жасарын жасаған қарт буын өкілдері.

Мінекей, осы фильм жарыққа шыққан соң Гуканың өміріне өзгерістер ене бастайды. Қатарластары мен ұстаздарының басқаша көзқарасын сезген оқушы қыз әуелгіде мектептегі оқуына жүрдім-бардым қарай бастайды. Өстіп жүргенінде Сергей Бодров Мәскеуге қайтады. Осы кезеңдерде Гука өзінің актриса болғысы келмейтінін түсініп, журналистикаға бет бұруға шешім қабылдайды. Оның себебі де жоқ емес. Гуканың анасы да, әкесі де осы саланың мамандары еді. Дегенмен, журналистикадан соң Гука Жүргенов атындағы Қазақ Өнер Академиясының «Кино және театр» мамандығының «Деректі фильм» бөлімін тәмамдаған. Тіпті, екі қысқа метражды фильм түсірген. Оның бірі өзінің туған атасы мен әжесінің махаббатына байланысты түсірілген туынды.

Тоқсаныншы жылдардың толқындары кімге болса да ауыр тиді. Журналистика саласында жүрген Гуканы әуелгіде түрлі бағыттағы курьерлік жұмыстардан, кейінірек  «Филип Моррис Казахстан» компаниясының жарнама  бөлімінен бір-ақ шығарған да сол тоқсаныншы жылдар болатын.  

1996 жылы Сергей Бодров Қазақстанға өзінің «Кавказский пленник» фильмін әкеледі. Шешенстандағы соғыс жайлы түсірілген бұл фильм, 1997 жылы сценариі үшін  Европа киноакадемиясының «Феликс» сыйлығын иемденгенін және 1997 жылы Ресейдің «Ника» премиясын алғанын естеріңізге сала кетейін.

Сергей Қазақстанға келісімен бірден Гука Омарованы іздейді. Гуканы табу оңайға соқпайды. Осылайша, араға 13 жыл салып Гука мен Сергей қайта кездеседі. Гуканың жай-күйін көрген ол оны өзімен бірге әкетуге шешім қабылдайды. Ұшақта Гуканың басынан өткен әңгімелерін тыңдап, «Мына оқиға бойынша кино түсіруге болады» деген екен. Әрине, Гука бұл жайлы талай ойланған. Бірақ, ешкім танымайтын жас режиссерге ол замандарда кім ақша ұстата қойсын. Бұл оқиғаны үлкен Сергей кіші Сергейге айтып береді. Кіші Сергей  осы әңгіменің негізінде  2001 жылы «Сестры» фильмін экранға шығарады. Сценарий авторлары арасында Гука Омарованың аты да көрсетіледі.

Гука Омарованы актриса ретінде «Сүйрік» танытқан болса, режиссер, сценарист ретінде 2004 жылы шыққан «Шиза» фильмі арқылы танимыз. Бұл фильмге Сергей Бодров продюссерлік еткен. Бұл кезде Гука Омарова Голландияға қоныс аударған болатын. Фильмнің өзгеше шығуына оның басқа мәдениетті бойына сіңіруінің де әсері бар болуы мүмкін. Фильмге арқау болған бір оқиға бар. Гука Алматының бір кафесінде түстеніп отырғанда жанынан жұпынылау киінген бір жігіт келіп, киноға арқау болатын өмірі бар екенін айтып берген. Фильмнің басты кейіпкері Шизаны ойнаған Олжас Нүсіпбаевты  Гука балалар үйінің бірінен тапқан.  Режиссер кейін өзінің «Бақсы» фильмінде  Олжасқа Мұстафа рөлін береді.

Гука Омарованың екінші фильмі «Бақсы» араға төрт жыл салып, 2008 жылы жарыққа шыққан болатын. Бұл фильмге де Сергей Бодров продюссерлік етеді. Бұдан бөлек 2010 жылы «Дочь якудзы» атты комедия жанрындағы  кинотуындысы жарыққа шыққан. Бұл фильмде Сергей Бодров екеуі режиссерлық жұмыстарды бірлесіп атқарған.  

Сурет ашық интернет көздерінен алынды

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға