Шірік Рабат
Сөзіміз тіптен де дəлелді болуы үшін айтарымызды соза түсейік. Нұрбек Əмишаның Қызылорда облысынан жазған хабарында былай делініпті: Қазақстанның Мемлекеттік “Мəдени мұра” бағдарламасы аясында “Шірік Рабат” археологиялық экспедициясы патшалар мекенінің ірі өркениет орталықтарымен байланыста болғанын дəлелдейтін құнды жəдігерлерді тапты. Жақында облыстық мəдениет басқармасы көне қалада болып, тарихи орында конференция ұйымдастырды.
Шірік Рабат - Қармақшы ауданынан 190 шақырым жерде орналасқан көне қала. Онда екі үлкен қорған жəне қабырғалары биік үш қоршау сақталған. Ежелден-ақ шаһардың стратегиялық маңызы зор болған. Шірік Рабат - Орта Азияны мекен еткен сақ билеушілері мен ақсүйектерінің астанасы, алғаш рет 1946 жылы Толстов басқарған Хорезм экспедициясы кезінде белгілі болған тарихи орындардың бірі. “Мəдени мұра” бағдарламасы аясында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан экспедиция биыл мұнда үлкен жеті нысанды ашты. Археологтар патшалар жерленген бірнеше оба мен ғибадат орнын, ондаған кіші мавзолейді тапқан. Оба сақ дəуіріне жататын жерлеу орны екен. Мұнда үлкен-үлкен алты обаға сақ патшалары жерленіпті. Обалар, сыртынан ор қазылып, берік қабырғалармен қоршалған. Қазу барысында үш мəйіт бүтін шығыпты. Бүтін шыққан көнектің (фляг) сыртында жазу бар екен. Ол жазу Шірік Рабаттағы алғашқы жазу болып тарихымызға енді деп айтуға болады. Ғалымдар бұл көне жазуды Есік қаласынан табылған сақ жауынгерінің күміс ожауындағы жазуға ұқсас депті. Құмыраларда грек əріптерінің кездесуі оның сырт елден əкелінгенін көрсетеді. Бұл патшалар мекенінің өркениет орталықтарымен байланысы болғанындəлелдейді, – дейді ғалымдар. Бұл дүниелер б. з. б. VIII-II ғасырларға тəн екен.
Б. з. б. VII-ғасыр маңайында, Ұлы Дала кіндігіндегі көкалқаптарда , көшпелі тайпалар егіншілерінің бастапқы коммуналық түзімі ыдырай бастап, ең ертедегі мемлекет формасы біртіндей қалыптасқан. Қытай жылнамаларындағы Сақ ханы дегендер сол сақтар құрған, рулық, тайпалық, тайпалар одағындық ұйымын сақтаған, құлдық мемлекеттің патшалары болатын. Сақтар төрт тарабын əлде неше регионға бөліп, əр аймағын тайпа көсемдері арқылы мұрагерлік жолмен басқарды. Сақ патшасы осы көсемдер ішінен көтерілді жəне шексіз жоғары билік ұстады. Патша өлгенде жерлеу салтын салтанатты өткізеді екен. Мəйітті күнжіт майымен майлап, арнайы жасалған арбаға салып, тайпаларды қыдыртатын көрінеді. Мəйіт барған жердегі тайпа адамдары оған ауыр аза білдірісетін (өзін жаралайтын, бетін тырнайтын, болмағанда бірер тал шашын жұлатын, жылайтын). Қыдыртып болғасын кең де тіктөртбұрышты қабіріне апарып, киізбен орап қоятын. Сақ патшасының қабіріне бір патшайымы, аспазы, күтушісі, аты қоса көмілетін. Жерлеп болғасын қабір үстіне биік те кең оба үйілетін. Жыл асына 50 жылқы сойылып, 50 құлы көміледі деген де сөз бар.