Жаңалықтар

Шипагер шындығы

Шипагер шындығы
Фото: Жеке мұрағаттан 01.08.2024 08:21 218

Бірер апта бұрын өзімізге етене таныс болып қалған, көрермен көкейінде жүрген ойларды қозғап жүрген “Аdal Adam” YouTube арнасынан жақсы бір сұхбатты көппен бірдей тыңдадым. Мейман орындығына медицина ғылымдарының докторы, профессор Арай Мағауияқызы Төлемісова жайғасқан екен.

Табандарда тапталып, шыңғырып жататын шындықтың өзегі тағы бір жарылғандай болды. Нағыз ғылыми деңгей, кәсіби көзқарас байқалды. Көп нәрседен қаймыға қоймайтын, іріден турайтын қайраткер әйелдің бітім-бейнесін байқағаным тағы бар. Журналистің көп ойланып құрастырған сауалынан ығайын деп отырған сұхбатшыны көргенім жоқ, керісінше, сұрақ қоюшының келер ойына жол салып беріп отырды, демек, сұхбат өте қызық болды деген сөз. 

Арай Мағауияқызы, расымен, ешкім жалтара алмайтын шындықтарды жіпке тізді. Әуелі өз-өзін, кейін жұртшылықты алдайтын құрылымдардың ойда-қырда қалған түйткілдерінің түйінін тарқатты. Не дегенмен ғалым адам ғой, мәселені айтып қана қоймай, оны ғылыми негіздеп, онымен күрестің жолдарын нұсқап, балама шешімдер ұсынып, тұтқиылдан бораған сұрақтарға төрт аяғын тең басқан жауаптардың үлгісін көрсетті. Отандық медицина халықтың қай жарасын сыздатып жүр, қай бастама дәрігерлердің мүмкіндігін шектеп, қолын қусыртып тұр, қай тұсымыз ақсап жүр, бәрі-бәріне толық барды. Бетің бар, жүзің бар деген жоқ, болашақта өзіне кері пікір қалдыратын шындықтардан да қаймыққан жоқ, қалай бар, солай жауап беріп отырды. Көбісі ескі Қазақстанда жемсауын толтырғандарға “жаңа Қазақстан ғой”,-деп үріп құтылушы еді, бұл жолғы сұхбат та, сұхбат беруші де бұрынғыдан өзгерек болды деп есептеймін. 

Осы жазбамды оқыған көп адам “айтылмай жүрген уәждер емес қой”,-деуі де мүмкін, иә, солай, тек, бұл жолғы ерекшелік айтушыда, жеткізушіде болып тұр ғой. Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтымыздың дара перзенті Заманбек Нұрқаділовтің “ақылды билік мәселемен күреседі, ақымақ билік мәселе айтқан халықпен күреседі”,-деген тоқтамды, тұжырымды ойы бар. Расымен, билікке ақыл кірсе, әуелі “Адал адамның” мейманымен емес, оның дәлелді, дәйекті мәселесімен күресуі керек деп ойлаймын. Егер, сондай шешімге бекінген билік болса, дәрігер Арай Төлемісова көп ой айтты. 

Кейіпкердің әрбір сөзі тәпсірленіп, БАҚ-тар мен интернет сайттарға, ақпараттық порталдарға толассыз жарияланып жатыр. Ондайларға оқырман халықтың да пікір қалдыруға мүмкіндігі бар. Соларға мониторинг жасасақ, көпшілік халық профессордың кәсіби тұрғыда берген ой-тұжырымдарына “ой, бәрекелді”,-десіп, ризашылығын жаудырып жатыр, әрине, сондай ақпарат мінберінде сөзін сөйлеп отырған қызына халық батасын бермей қайтсін?..

Бұл менің сұхбат төңірегіндегі ойым ғана, ал, дәрігер, кәсіпкер Төлемісованың ғұмырбаяны тіпті тағылымдырақ екен. Бір қолымен тапқанын екінші қолымен таратып, айналасына меценаттығымен де танылған жан болып шықты. Талай өңірлердің дамыған елдермен халықаралық байланыстар орнатуына атсалысып, саланың заманауи технологиялармен қамтамасыз етілуіне дәнекер болып, өз тағдырын байланыстарған сала бойынша үздіксіз ізденіп жүргенін, ең күрмеулі мәселелермен бетпе-бет келуде үлкен қажыр-қайрат көрсетіп жүргенін ел айтып жүр. Имандылық жолында азаматтар атқара алмайтын тірліктер тындырып, жаңа толқын дәрігерлер мен корифей дәрігерлердің арасындағы алтын көпір ажырамауы үшін Халықаралық статусы бар институт ашып, ең мықты деген ғалым-дәрігерлерді қанатының астына алып, ақсап тұрған тұстардың қисығын түзеу үшін ұсыныс айтудан жалықпаған, ең қиын аурулардың халықаралық деңгейдегі озық ем-дом үлгілерін өз елімізде тәжірибеден өткізу үшін клиника ашқан бірегей дәрігер-менеджер десек болар. Бастысы, бәрінің игілігі халыққа. 

Міне, Жаңа Қазақстанның адал адамдары осындай! Еңбек, еңбек, тек еңбек!.. Аман болсын дәрігер! Хақ Тағала халық деген кеуіліне берсін! Мен бұл кісіні бұдан да биік мінберлерден көргім келеді!

Шам Мақсат,
журналист

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға