Жаңалықтар

Шиелі ауданының екі ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

Шиелі ауданының екі ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі 25.12.2023 16:42 965

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барып, Талаптан ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ауыл тұрғындарын енді аз күнде табалдырықтан аттайтын Жаңа жылмен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы денсаулық сақтау саласының маңызын атап өтті.

Халық денсаулығын жақсартып, ұлт сапасын арттыру мемлекеттің негізгі міндеті. Елімізде медицина мамандарының мәртебесі мен беделі жоғары болуы үшін барлық жағдай жасалуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау саласына әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. Медициналық қызметтің қол жетімді болуын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту үшін облыста да кешенді шаралар қабылдануда. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынуда. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілуде. Соның бірі жақында ғана Мырзабай Ахун ауылында жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияны ел игілігіне табыстадық. Саланың игі істері алдағы уақытта да өңір халқының игілігіне айнала берсін. Жаңа ғимарат баршаңызға құтты болсын!, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы да жерлестерін құттықтап, игі тілегін білдірді. Еңбек ардагері Сейітмағанбет Жұманазарұлы ақ батасын берді. Сондай-ақ, мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды.

Айта кетейік, «Бақ-Береке» ЖШС салған амбулатория 1 қабатты, жеке бу қазандығы арқылы дизель отынымен жылытылады. Жаңа нысан алғашқы медициналық көмек көрсететін мекемеге қажетті барлық жабдықтармен жарақталған.

Дәл осындай амбулатория Шиелі ауданының Ақтоған ауылдық округінде де ашылды.

Биыл облыс бюджеті 57 пайызға өсіп, 609 млрд. теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде медицина саласына 138 млрд. 600 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 36 млрд. 400 млн. теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын Қан орталығы жақын күндері пайдалануға беріледі. Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда.

Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, қалаға қарасты Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорғандағы көпбейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға