Жаңалықтар

Шетелдік туристер көптеп келетін орындардың бірі - Жаманшың метеорит кратері Үкімет қорғауына алынуы тиіс

Шетелдік туристер көптеп келетін орындардың бірі - Жаманшың метеорит кратері Үкімет қорғауына алынуы тиіс
30.11.2018 01:24 3458

Фантаст жанрындағы киноларды жиі көресіз бе? Көз алдыңызға елестетіңізші… ізінен от шашырап, жалын атқан ғарыштық тас ауа қабаттарын тіліп өтіп, көз ілеспес үлкен жылдамдықпен жерге қарай құлдилап келе жатыр.

Әні-міне дегенше, өзгеғаламшарлық дене жер шарының осіне еніп, онымен соқтығысып үлгерді. Әлем дүр сілкініп, жер қалтырады. Еуразияның кіндігінде далиып жатқан тәңіршіл  қазақ даласына тұтқиылдан тап болған тәңірі тасы Ырғыздың бір бүйрегін солқ еткізді. Бұл әлем ғалымдарының қызығушылығын тудырған жер жүзіндегі ең таңғажайып метеориттік кратерлердің бірі Жаманшыңның Ақтөбе облысының Ырғыз өлкесінде пайда болуы. Зерттеуші ғалымдар Жаманшың кратері жер бетінде осыдан 1 000 000 жыл бұрын пайда болған деп болжайды. Бүгінде «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» картасына енген Жаманшың кратері туристер көптеп келетін орындардың біріне айналған.

Қыр қазағы елең қыла қоймаған бұл терең құзды ойпаттың бүгіп жатқан құпиясын алғаш рет ресейліктер 1937 жылы ашуға ұмтылды. Ілім-білімге қазақтан бұрын ден қойған олар бұл маңдағы жер тыртығының тегін емес екенін білді. Расында, назар аударарлықтай еді, себебі, сол кезде тау шұңқырларының қойны-қонышы шашылып жатқан түрлі ғажайып қорытпалар мен шыны моншақтарға толы болатын. Орыс зерттеушілері В.А.Вахрамеев пен А.Л.Яншин топырақтан оның палеозой жыныстарының геологиялық ерекшеліктерін аңғарды. Осылайша, Жаманшыңға алғашқы рет асай-мүсейін арқалаған зерттеушілер аяқ басты.

Жаманшыңға қатысты ел ішінде түрлі аңыз әңгімелер көп. Жаманшыңды Жамантау деп те атайды. Енді оның не себепті жаман атанғанының себебін іздеп көрелік. Бір қызығы, бұл жерде өсімдіктердің тамыр тартуы сирек, тіпті жыбырлаған жәндіктер мен аң-құс та кратер маңына жолай қоймайды екен. Осыны білген жергілікті халық оны адам түгілі, жәндік те жерсіне алмай, жерінген Жаманшың атап кеткен-мыс. Бұрынғы замандарда адамдар бұл жерлерді кен орындары ретінде пайдаланып, түрлі бұйымдар әзірлеген болуы да мүмкін. Ал жаугершілік жылдары бұл жер көп адамдарға пана болған. Оның ішкі қуыстары мен үңгірлері, ойпаттары көп. Сондықтан қуғын-сүргінге ұшырағандар осында келіп бой тасалаған. Ал 1960 жылдары Жаманшыңға құпия әскери бөлімше орналастырылған деген де дерек бар. Жергілікті халық Жаманшыңға қару-жарақ тиелген әскери техникалардың кіріп-шығып жүргенін көргендерін айтады. Сондықтан ол бір кезеңдерде тіпті жергілікті тұрғындар үшін жабық әскери құпия аймаққа да айналған.

Жаманшың ғалымдар мен зерттеушілер үшін өзіндік сынақ лабораториясына айналған. Ол туралы деректер әсіресе, орыс зерттеушісі, академик П.Флоренскийдің еңбектерінде көптеп кездеседі. Жаманшыңның тастарынан ғажайыптың сырын ұққан зерттеуші бұл жерде 1975 жылдардан бастап жұмыс жүргізе бастаған. Бұл - ғажайып мекен, табиғаттың ерекше ескерткіші. Ойпаттың диаметрі - 5-6 шақырым, түбі жайпақ, баурайы көлбеу. Мұнда табан астынан тасқа айналған ұлу бақалшақтарының, маржандардың, тал діңгектерінің, өсімдіктердің, жануарлардың ізтаңбаларын анық көруге болады. Бір қарағанда зіл батпан болып көрінетін алып тастардың іші кеуек екенін көрген ғалымдар тіпті таң-тамаша қалды. Шашылып жатқан тастардың жерде де, тіпті ғарышта да көшірмесі жоқ болуы мүмкін.

Миллион жыл бұрын оңтүстік-батыстан құлдилап келіп құлаған метеориттің диаметрі 200-400 метр болатын. Ол біздің ғаламшармен соқтығысқан бойда жарылып, өз-өзін жойып жіберді. Қара жердің түбін төңкерген бұл жарылыстың қуаты Хиросимаға тасталған ядролық бомбалардың 1000 000-на татитындай еді. Алып қысым және мүмкін емес жоғары температура ғаламшардың сыртқы қабатының опан-топаңын шығарды. Бір мезетте жердің қабығы сұйықтыққа айналды. Балқыған магмада толқындар аласұрды. Екпінді толқын жыныстарды қопсытып, қабаттарды төңкеріп тастады. Осылайша, Жаманшың кратерінің ішкі белесі пайда болды.

Алапат күш ауаға үй орнындай тас үйінділерін көтеріп, эпицентрден бірнеше шақырым қашықтыққа шашып тастады. Сол мезетте-ақ ғаламды отты жауын басып, жер қалтырады. Оның үдіксіз қозғалысында бір нәрсе өзгергендей еді, біраз уақыттан кейін ғана солтүстік полюстен мұз көтеріле бастайды. Мұз дәуірінің басталуы метеорит алып келетін жеті жұттың ең қорқыныштысы емес еді. Осыдан 65 миллион жыл бұрын диаметрі 8 км Юкотан метеориті жермен соқтығысқан уақытта тіршілік атаулының 90 пайызы жер жүзінен жойылып кеткенін де ғалымдар дәлелдеген болатын. «Жарылыс кезіндегі температура  жерде мүмкін болатын деңгейден әлдеқайда жоғары болған. Жыныстардың бұлайша өзгеруі үшін температура жарықтың жылдамдығындай тез уақытта  1700оС-қа дейін көтерілуі керек. Мұндай жағдайда кейбір минералдар қайнап, көбіктеніп кетеді. Тез суынған лешательерит, кварц секілді жеңіл заттар оның бетіне қалқып шыққан», - деп жазады бұл туралы П.Флоренский өз еңбектерінде. Жарылыс кезінде қою бұлтқа айналған заттар кейін бірден қатқылданып, жерге ерекше әйнек – тектит түрінде жауады. Шектен тыс температура мен қысымның әсерінен пайда болған импактит, тектит породаларының жер бетінде бір жерден табылуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп отыр.

Импактиттерге –жаманшынит, тектиттерге – ыргизит деген ғылыми атау беріліп, ол дүниежүзіне белгілі болды. Ыргызит тектиті ірілігі – 2-3 мм-ден 2-3 см-ге дейін жететін тамшы, сопақ шар, иірілген көпіршік пішінді келген, күңгірт шыны тәрізді зат. Тектиттер – біздің ғаламда кездесетін ерекше құбылыс. Олар бұрын-соңды Австралия, Филиппин,  Чехославокияда ешқандай метеорит кратері жоқ жерлердің аумағынан табылған. Соған қарап, ғалымдар тектиттер жаңартау жарылысының салдарынан пайда болуы мүмкін деген пайымға да келді. Алайда, жаңартау жарылысының күші тектиттің бір тамшысының пайда болуы үшін де жеткіліксіз екені дәлелденді. Сондықтан тектит өзгеғаламшарлық денемен соқтығысу мен әсерлесуі салдарынан пайда болатын зат деуге толық негіз бар. Ол ТМД аумағында бірінші рет Қазақстаннан табылған. Иргизиттердің жер бетінде 1000 000 жыл бұрын пайда болғаны анық. Алайда, оның құрамындағы кейбір заттардың қара бүркін тамшыларынан 4000 есе үлкен екені де дәлелденіп отыр. Күллі әлемде оның он шақты кен орны ғана белгілі. «Бұл метеорит кратерінің маңынан емес, ішінен табылған жалғыз тектиттер. Оның үстіне иргизиттердің 10 пайызы никельден тұрады және бұл никельдің шығу тегі ғарыштық екені айдан анық» дейді Павел Флоренский.  1977 жылы Жаманшыңнан құрамында титан бар әйнек табылады. Осылайша кратерде титан кен орны бар екені де анықталды.

Метеорит кратерінің шұңқырын жәй көзбен тінтіп табу мүмкін емес. Ол тек бір нүктеден ғана анық көрінеді екен. Басқа жерлерде ойпаттар ғана байқалады. 1000 000 жыл метеорит кратерінің геологиялық құрылымы үшін де ізсіз өтпеді. Жарылыстан кейін оның тереңдігі 500 метрге дейін созылып жатқан. Алайда, кейін жыныстардың мүжілуі салдарынан ішкі белестері бұзыла бастайды. Ал қазір мұндағы биіктіктердің максималды деңгейі 250-300 метр.  Шұңқыр бітеліп, табиғи дуалдар тегістеле бастаған. Алайда, апат соққысының орнын әлі де көруге болады.

Мұнда геологиялық кезеңнен бұрын үшінші дәуірде өскен солтүстік тораңғы талдары кездеседі. Ғалымдар оның тұқымының бұл жаққа қалай келгеніне де таң-тамаша қалып отыр. Жаманшыңда жаз кезінде көлеңкенің өзінде ыстық +30,+40 градусқа дейін жетеді, ал кратер басында +60 градусқа дейін көтеріледі.

Бұл - жер мен ғарыштың бір-бірімен қақтығысуының тірі ақиқаты. Жалпы ғылыми дәйектерге сүйенсек, жер бетіне күніне 30 тоннаға жуық метеорит жаңбыры түсіп отырады.  Олардың салмағы да әртүрлі, граммнан басталып бірнеше тоннаға дейін жетуі де бек мүмкін. Дені атмосфераға енген бойда жанып кетеді. Ежелгі адамдар аспаннан жауған тасты Тәңірінің жазалауы деп білген. Сондықтан мұндай жерлерді көбінесе құлшылық ету орындарына айналдырған. Бүгінде ғарыштың қарыштап дамыған заманы. Адамдар жер беті түгілі, аспан әлемін игеруге талпыныс білдіруде. Ал жер бетінде Жаманшың секілді тыртықтар өте көп. Метеорит жер жаратылысынан тыс құбылыс болып қала береді және оған деген адамдардың қызығушылығы да арта беретіні ақиқат.

ЖАМАНШЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫНАН АЙРЫЛЫП ҚАЛУЫ МҮМКІН

Жаманшың зерттелген аймақ. Оған бір емес, бірнеше мәрте ғалымдар мен зерттеушілер келіп, апталап жатып жұмыс жүргізген. Өкініштісі, көптеген деректер мен дәйектер солардың жолжазбаларында, қолдорбаларында кетті. Бүгінде туристік аймаққа айналуы керек бұл жерді мемлекеттік қорғауға алып, қалпына келтіру туралы мәселе көтеріп жүрген азаматтардың бірі Ырғыз аудандық тарихи өлкетану музейінің директоры Таубатыров Әлібек Скендірұлын сөзге тартқан болатынбыз.

- Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін созылып жатқан байтақ қазақ даласында тарихы терең, табиғаты көркем өңірлер аз емес. Аудан аумағындағы табиғат байлығы мен тарихи-мәдени ескерткіштер туризмді дамытуда алғышарттар жасайды. Соның бірі - Ырғыз ауданында орналасқан дүниежүзінде теңдесі жоқ Жаманшың метеорит кратері. Бұл ауданнан солтүстікке қарай  50 км қашықытықта жатқан шыңдар жотасы. Ғалымдардың болжамы бойынша бұдан миллион жыл шамасы бұрын осы жерге 36-40 миллион тонналық космостық дене – метеорит құлаған. Соның нәтижесінде терең қазаншұңқыр, түскен жер төңкерілгеннен шыңдар пайда болған. Жаманшыңның құпиясын ашу ғалымдар үшін оңайға түскен жоқ. Сондықтан да бұл жердегі геологиялық жұмыстар 1946 жылы,1957, 1961 және 1963 жылдардан бері жалғасып келді. Зерттеу жұмыстары кезінде ол жерден қара түсті шлактар, әйнектің ерекше түрлерін көптеп кездестірген.

Тек 1975-1976 жылдары ресейлік ғалым П.Флоренский Жаманшыңның жарылыстан пайда болған ойпат екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп береді. Осыдан кейін барып 1977 жылы жаз айында метеориттер жөніндегі комитеттің ғылыми экспедициясы бұл жерде жұмыс жасай бастайды. 1989 жылдың қыркүйегінде АҚШ, Канада, ГФР және Франция елдерінің ғалымдарынан құрылған халықаралық экспедиция ұйымдастырылып, Жаманшың әлем назарын аударды. 2017 жылы Жаманшыңда РФ-нан келген экспедиция құрамында П.Флоренскиймен бірге Омск қаласындағы планетарий директоры В. Крупко бастаған мамандар мен Новосібір Үлкен планетарий мамандары, әуесқой зерттеушілер жұмыс жүргізді.

Ақтөбедегі «Зере-тур» туристік фирмасы мен «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының» қызметкерлері де сол кезде Жаманшыңға жүргізілген зерттеу жұмыстарына бастан-аяқ қатысты. Экспедиция барысында иргизит шашылған нүкте, жаманшинит тастары қазылған жерлер, ұлу қабыршақтарының таңбалары түскен тастар, титан, көпіршіктенген кремнезем, «зуб» секілді жерлердің координаттары картаға түсірілді. Жаманшыңға байланысты жарияланған ғылыми жинақтардың, кітаптардың электронды нұсқалары алынды. Жаманшың шатқалындағы кратер «Республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік табиғи қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілерінің тізбесін, ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда оларды шектеулі шаруашылық мақсатта пайдалану қағидасын, сондай-ақ республиалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызылған айрықша экологиялық, ғылыми және мәдени өзге де құндылықты білдіретін жер қойнауы учаскелерінің тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген тізбеде тіркелген.

Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» картасына да енді. Алайда, Жаманшың метеорит кратерін насихаттау, оны сақтау және қорғау, ірі туристік нысанға айналдыру жұмыстары әлі де кенжелеп отыр. Кратерге шетелдерден туристер мен ғалымдар көп келеді. Жергілікті органдар кейде бұл туралы білмей де қалып жатады. Жекелеген адамдар кратердегі баға жетпес құнды тастарды шетелдерге тасып, сатып жатыр. Ресейлік интернет сайттарда «иргизит сатылады» деген секілді жарнамалар қаптап жүр. Бұған оның «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне өте жақын орналасуы да себеп шығар. Ғалымдар бұл жерлерде табиғи қазба байлықтарының болуы мүмкін деген болжам да айтты. Сондықтан, бұл жерлер күндіз-түні күзетілуі керек деп ойлаймын. Жаманшың кратеріне қатысты қызметті заңмен реттеу керек сияқты. Кратердің нақты аумағы түрлі дерек көздерінде әртүрлі айтылады. Шамамен 13-15 км жерді алып жатқан кратер аумағы нақтыланып, бекітілуі керек. Осыған орай, қазақстандық ғалымдар Жаманшың кратеріне нақты ғылыми баға мен тұжырымдама берулері керек деп ойлаймын. Дүние жүзінде теңдесі жоқ тарихи орында әрі қарай жүргізілетін барлық жұмыстар осы отандық ғылыми тұжырымдама негізінде жүзеге асса, оған емін еркін кіріп жүрген сырттың адамдары айылдарын жияр еді. Ғылыми жұмыстардың қорытындысымен Жаманшыңды «Республиалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызылған айрықша экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де құндылықты білдіретін жер қойнауы учаскелерінің тізбесіне» енгізіп, елдің үлкен туристік орталығына айналдыру, оған мемлекеттік ұлттық табиғи паркі статусын беру мәселесін де көтеріп жүрміз. Бұл туралы халық қалаулыларына хат та жібердік. Егер бұл мүмкін болмаса, үкімет шешімімен белгілі бір органдардың қарамағына берілуі керек. Ол мекеме Жаманшың кратерінің насихатталуын, қорғалуын, ірі ғылыми зерттеу және туристік нысанға айналдырылуын ұйымдастыруға жауапты болса. Егер бұл жұмыстар бүгіннен бастап қолға алынбаса, онда әлемде теңдесі жоқ бірегей нысан жойылып, өз құндылықтарын жоғалтып алуы да мүмкін. Бүгінде Жаманшың осы далаға біте қайнаған тауға айналды.

Нұргүл Қалиева

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға