Жаңалықтар

Шетелдік көлікті заңдастыру үшін қайда жүгінуге болады

Заңдастыру үшін автокөлікті есептен шығару қажет
Шетелдік көлікті заңдастыру үшін қайда жүгінуге болады
Фото: sputnik.kz 18.01.2023 15:58 2421

ҚР Ішкі істер министрлігі шетелдік нөмірі бар көліктерді заңдастыруға өтініш беру үшін хабарласуға болатын байланыс орталықтарының нөмірлерін жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Байланыс орталықтарының нөмірлері ҚР Ішкі істер министрлігінің Instagram парақшасында жарияланды.

2023 жылдың 23 қаңтардан бастап 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін ел аумағына әкелінген шетелдік көлік құралдарын заңдастыру басталады.

Заңдастыру үшін автокөлікті есептен шығару қажет. Көлікті есептен шығарғаннан кейін ғана Қазақстанда тіркеуге қоюға болады. Ел ішіндегі автокөліктерді сатып алған кезде де сатып алушы оны тіркеуден шығарып, өз атына тіркеуге қояды. 

Айта кету керек, автокөліктердің басқа елдегі тіркеуден шығуы өте маңызды. Өйткені басқа елде тұрған көлікте әртүрлі шектеулер болуы мүмкін. Егер оны шетелдік тіркеуден шығармай, Қазақстанда тіркеуге қойса, құқықтық мәселелер туындауы ықтимал.

Көліктің тіркеуде тұрғаны не болмаса тіркеуден шыққаны туралы ақпаратты білу үшін Қазақстан азаматтарына көлік тіркеуде тұрған елге барудың қажеті жоқ. Көп жағдайда сатушылар үшін көліктің өз атында тұруы тиімсіз. Себебі сатылып кеткен автокөлік өз атында тіркеуде тұратын болса, ол кісілер салық төлеуге мәжбүр болады. Осыған байланысты, әдетте, бұрынғы иелері автомобиль сатылғаннан кейін өзі өтініш беріп, көлікті есептен шығарады.

Көлікті тіркеуден шығу фактілерін қашықтықтан тексеруге техникалық мүмкіндіктер бар. Кей жағдайда көлікті тіркеуден шығару үшін арнайы сұрау жіберуге де болады. 

Кедендік тазартудан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автомобильдер өтуі керек. Бұл – жалпы тәртіппен жүзеге асырылатын әдеттегі процедура. Мысалы, АҚШ-тан немесе Біріккен Араб Әмірліктерінен автомобильдерді әкелген кезде міндетті түрде автокөлікке кедендік тазарту жүргізіледі. Сондықтан бұл мәселеде ешқандай өзгеріс жоқ.

Ал Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеніне қарамастан, онда автомобильдер Еуразиялық экономикалық одақ үшін көзделген төмен мөлшерлемелер бойынша кедендік тазартудан өткен және бұл автомобильдер ішкі тұтынуға арналған көліктер болып саналады. Осыған байланысты оларды Қазақстанда тіркеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың мөлшерлемелері бойынша кедендік баждар айырмасын қосымша төлеп, толық кедендік тазартудан өткізу қажет. 

  • Іздеуде жүрген (қылмыстық) көліктер;
  • толық кедендік тазартудан өтпеген көліктер;
  • 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер. 

Қазақстанда Армениядан әкелінген автокөліктер уақытша тіркеуге алынған. ІІМ ӘПК төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, қазір Ішкі істер мирнистрлігі бұл көліктерді Армениядағы тіркеуінен шығару туралы жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл көліктерді заңдастыруға қатысты барлық мәселе шешіледі.

Қазір Ішкі істер министрлігі елге қосалқы бөлшек ретінде кіргізілген көліктерді заңдастыру бойынша жұмсы жүргізіп жатыр. Ол үшін әр автокөлік иесі құжаттары мен көлігін Автоцонға тіркеу бөліміне әкелуі керек. Сол жерде барлық құжаттар мен көліктерді тексеріліп, әр автокөлік бойынша жеке-жеке шешім шығарылатын болады.

Қазақстан азаматтары 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерге автосақтандыруды заңдастыру аяқталған күнге дейін, яғни 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ресімдей алады. Себебі бұл автомобильдер қазір Қазақстанда заңдастыруға және тіркеуге жататын мәртебеде.

2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автомобильдерді сақтандыру полистері арқылы сол полисте көрсетілген мерзімге дейін сақтандыруға болады. Ал мерзімі өткеннен кейін жалпы негізде тіркеуі қажет немесе оларды республикадан тыс елдерге шығару керек.

Заңдастыруға өтінішті "Электрондық үкімет" порталы арқылы немесе арнайы Автоцонға жеке жүгіну арқылы беруге болады.

Автоцондарда арнайы секторлар ұйымдастырылады. Олар тек автокөліктерді заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдайды.

Сондай-ақ, сол жерде Әкімшілік полиция қызметкері болады. Олар заңдастырудан өту тәртібін түсіндіріп береді.

Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері де сол жерде болады. Олар қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеудің тәртібін түсіндіреді.

Көлік иесі Автоцонға 4 құжат ұсынуы керек:

  1. өтініш;
  2. өтініш берушінің жеке бас куәлігі;
  3. көлік паспорты немесе тіркеу туралы куәлігі;
  4. көлікке меншік құқығын растайтын құжат. Оған көлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік жатады. Бұл ретте, азаматтық заңнамаға сәйкес берілген сенімхат, егер мұндай құқық сенімхатпен берілген болса, көлік құралына меншік құқығын үшінші тұлғаға беру үшін негіз бола алады.    
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға