Жаңалықтар

Шетелдік байқаушы: Референдум өткізу – демократиялық дамудың өзіндік бір белесі

Шетелдік байқаушы: Референдум өткізу – демократиялық дамудың өзіндік бір белесі
Фото: ©El.kz/Айнұр Оспанова 07.10.2024 12:38 9205

Бүгін референдум аясында ұйымдастырылған шетелдік бақылаушылардың брифингінде дауыс берудің қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі бас хатшысының орынбасары Чжан Лин референдум халықаралық стандартқа сай өтті деп отыр.

Қазақстан халқы референдумның өткізілетіні туралы және референдум қағидалары жөнінде жан-жақты ақпараттандырылғаны байқалады. Жас сайлаушылардың дауыс беруге көптеп келгені халықтың бұл процеске бейжай қарамайтынын аңғартады, – деді шетелдік байқаушы.

Чжан Линнің айтуынша, халықаралық байқаушылар референдумды өткізу процесіне дайындықты, үгіт-насихат пен дауыс беру күнінің ұйымдастырылуын жоғары бағалады.

БАҚ өкілдері халықты дер кезінде ақпараттандырып отырды. Барлық қажетті шара қабылданды. Дауыс беру барысында үлкен кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолдау көрсетілді. Шетелде дауыс бергісі келетіндерге де бар жағдай жасалды. Референдум өткізу демократиялық дамудың өзіндік бір белесі дер едім. Ол үкіметтің азаматтарының құқықтарына сыйластығын аңғартады. Үкіметтің халық үніне құлақ асатынын көрсетеді, - деп қорытындылады ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға