Шетелдік әнші елорданың тазалығына қатысты пікір білдірді

"Мот" лақап атымен танымал ресейлік рэп-музыкант Матвей Мельников елорданың тазалығы мен сұлулығына кезекті рет тәнті болғанын жеткізіп, 16 сәуірде Астанада өткен концертінде алған әсері туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Музыкант өткен жылы да Астанаға концерт беруге келгенде қаланың тазалығы мен сұлулығына тәнті болғанын еске алды.
Арада бір жыл салып, мен тағы да келдім. Қала енді бұдан артық көркейіп, тазара алмайтындай көрінген. Бірақ әр келген сайын үлкейіп, құлпырып барады. Астана тіптен көркейе түскен. Оны өз көзіммен көріп тұрмын. Оны атмосферадан, адамдардан, көшелерден сезінуге болады. Қалаларыңыз ғажап. Ол тынысы ашылып, өсіп, дамып келеді, - деді рэпер, сахнадан.
Мот астаналықтарға қонақжайлылығы үшін алғысын білдірген. Еске салайық, өткен жылы музыкант «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын сахнадан қолдап, жанкүйерлерін концерттен кейін залды таза күйінде сақтауға шақырған болатын.
