Жаңалықтар

Шетелде жұмыс істеймін десеңіз, Кореяны соңғы нұсқа ретінде қарастырыңыз – Оңтүстік Кореядағы қазақ баласы

Шетелде жұмыс істеймін десеңіз, Кореяны соңғы нұсқа ретінде қарастырыңыз – Оңтүстік Кореядағы қазақ баласы
Фото: Коллаж El.kz 04.09.2024 12:02 737

Бүгінде жағдайымды жақсартып алсам деген мақсатпен шетелге кетіп жатқан қазақстандықтар саны артты. Айлап, тіпті жылдап елге оралмай, отбасынан жырақта жүрген отандастарымыздың арасында тәп-тәуір табысқа кенеліп, отбасына да, жақындарына да қолғабыс жасап жүргендерін көзбен көріп жүрміз. Сондықтан да шетел ассам дейтіндер көп. Соның ішінде ең танымал бағыттардың бірі - Оңтүстік Корея. Талай жерлесіміз турист ретінде барып, жұмыс істеуге қалып қойып жатады. Арасында тіл білмейтіндері қаншама?!

Осы орайда біз бүгін Корея жеріне осыдан алты жылдай бұрын аттанып, қазіргі таңда кәсіпкерлікке бет бұрып жүрген Рустем Маликов есімді жігітпен сұхбат барысында осы мәселелерге кеңінен тоқталдық. Рустем El.kz ақпарат агенттігінің тілшісімен сұхбат барысында Кореяда шетелдіктерге деген көзқарас, өзіңді гастарбайтер сезіну, қара жұмыспен нәпақа табудың артық-кем тұсы, тіпті өлімге әкелген жағдайлар, өз кәсібіңді бастау және отбасын құру секілді тақырыптар жайлы кеңінен әңгіме қозғады.

El.kz: Рустем, Оңтүстік Кореяға барғаныңызға алты жылға жуықтапты. Неліктен Кореяны таңдадыңыз? Қандай мақсат болып еді?

Рустем Маликов: Бастапқыда АҚШ-қа кетемін деп визаға тапсырдым. Сегіз адам едік, соның жетеуі рұқсат алды да, маған бермей қойды. Консулдықта сұхбаттасудан өте алмай қалдым. Таныстарымның көбісі АҚШ-қа, Чехия, Канадаға кетіп жатқанын көріп жүргенмін. Маған да неліктен шетелге кетпеске деген ой келді. Бірақ бар ойым Батыс елдері болатын. Азия туралы білмеген де екенмін, Азия мен үшін тек қорқынышты, қылмысқа толы әлем секілді көрінетін. Одан қалды Қытайда оқып келген достарым қытайша сөйлей бастағанда, ол тілді үйрену маған өте қиын болатынын түсіндім.

Наурыз айы еді. Ол кезде Алматыдағы «Есентай Молда» даяшы болып жұмыс істеп жүргенмін. Бір күні досым Кореядағы ағасы шақырып жатқанын, осында кететінін айтты. Маған бірге бару туралы ұсыныс жасады. Мүмкіндік болса, неге бармасқа дедім де келісе кеттім. Ешбір дайындықсыз келе салдық. Қандай ел, немен өмір сүреді деген сияқты ешқандай ақпарат қарамағанбыз ғой. Келгенге дейін Қытаймен бірдей шығар деп те ойлағанмын. Сөйтсем мүлде бөлек екен (күліп). Осылайша, 2018 жылғы 13 қыркүйекте ­– 22 жасымда Корея жеріне табан тіредік.

El.kz: Ал виза алу жағы қаншалықты қиын болды?

Рустем Маликов: Ол кезде виза алу қиын болған жоқ. 30 күн жүре аласың, сосын осы жерден қалуға рұқсат аласың. Кейіннен карантин басталып кетті, біз автоматты түрде қалдық, бірақ ол өмір сүруге ғана берілген рұқсат қағазы еді, онымен жұмыс істей алмайсың. Қазір оқуға түсіп, мүмкіндіктерімізді арттырып жатырмыз.

El.kz: Кореяға алғаш келгенде қандай сезімде болдыңыз?

Рустем Маликов: «Культурный шокта» болдым. Құдды басқа әлемге келгендей сезіндім. Құжынаған адам. Шыны керек, Қазақстан ауыл сияқты болып көрініп қалды. Ол ол ма, біз әуежайға қонғанда аузым ашылып, шығатын есік таппай әбден әбігер болғанбыз. Сенесіз бе, ұшақ қонған соң әуежайға кіргеннен вакуум жағдайында – күн көзін көрмей далаға екі сағаттан соң бір-ақ шықтық. Ана қаладан мына қалаға толықтай жердің астымен жеттік. Ұшақ Инчхон қаласына қонып, Сеулге барғанда бір-ақ күн көзін көрдік. Сеулдің кереметтігін сөзбен жеткізу қиын: айырмашылық жер мен көктей. Уақыт өте келе бұл кереметке де үйреніп қалдық.

El.kz: Ата-анаңыз еш ойланбастан қалай жіберді?

Рустем Маликов: Олар АҚШ-қа кетемін дегенде қарсы болған жоқ, қайта қолдау көрсетті. Бірақ Кореяға кетемін дегеніме сенбеді ғой деймін. Киімдерді жинап, есіктен шығып бара жатқан тұста ғана: «Мүмкін бармай-ақ қоясың» деді. Бірақ шешім қабылданып қойған. Бастапқыда біз ұзақ уақытқа кеттік деп ойламадық. Мұнда келгенде де тура қонаққа келгендей жүрдім, бірақ кейін ондай емес екенін, алыста екеніңді, отбасыңды, туған жеріңді жуық арада көрмейтініңді түсіне бастайсың. Туған-туыстарымды, достарымды, туған қаламды қатты сағынатынмын. Бірнеше жылдан соң бәріне үйрене бастайсың да, тек отбасың ғана керек екенін түсінесің. Осында көптен бері жүрген кіммен сөйлессең де, ең алдымен үйіндегілерін көргісі келетінін айтады. Ата-анаң жаныңда болса, күшің де көп, құлшынысың да артады. Мен Кореяға кеткенде қарындасым кішкентай еді, қазір өсіп кетіпті. Анам да жасарып жатқан жоқ. Сондықтан осы жылы әкеліп, сағынышымды басып алсам деп тырысып жатырмын. Қазақстанға барып-келуіме көп ақша кетеді, оның үстіне мен үшін жаңа ештеңе жоқ, одан да бұрын-соңды көрмеген дүниені ата-анам көрсін деймін. Таңғалғанын көздерінен көргім келеді.

Бұйыртса, отбасымды осында қыдыртуға шақыртамын деп жоспарлап отырмын. Олардың да ел көргенін, жер көргенін қалаймын. Әрі медициналық тексерістен өтіп кетеді.

El.kz: Корея біздің түсінігімізде болашақта өмір сүріп жатыр. Бірақ ұнамаған тұстары бар ма?

Рустем Маликов: Тамақ (күліп). Мынадай тамаққа үйренісу өте қиын – өте ащы. Қазақстанда рамен жемейтінмін, осында келген соң классикалық рамен дайындайтын дәмханаға бардық. Ащысының көптігі сондай, аузым күйіп, көзімнан жас сорғалады. Сосын қаланың иісі ұнамады. Біз үшін үйреншікті емес. Бірақ кейіннен оған да бейімделе бастадық қой. Сосын тіл білмей келгенім қателік болды, қатты қиналдым. Әрине, өзіңді гастарбайтер болып сезіну өте қиын екен. Басқа ұнамаған тұстары есімде жоқ.

Біз жоқ жердің бәрі керемет болып көріне береді ғой, бірақ қайда барсаң да, өзіне жарасатын қиындықта, кедей өмір сүретін адамдар болады. Соны түсіну керек. Алты жылдай осында өмір сүріп жатқандықтан, қиындықтар туралы қазір айту қиындау.

«Маған Кореяға келуге еш мұқтаждық жоқ еді»

El.kz: Кореяға қандай жұмыс істеймін деп бардыңыз? Жалпы, қара жұмысқа дайын болдыңыз ба?

Рустем Маликов: Шынымды айтайын, моральдық тұрғыда қара жұмыс істеуге дайын болмай келіппін. Алматыдағы «Есентай моллда» жұмыс істеп жүргенде, табысым жақсы болды. Жаспын ғой, алғым келгенді алып, қыдырғым келген жаққа қыдыратынмын. Мысалы, Алматыдан үш бөлмелі пәтер жалдап тұрдық, анам жұмыс істемейді, шығынның бәрі менің мойнымда болды, қарындасыма да керек-жарағын еш қиындықсыз алып беріп отырдым. Одан қалды таксимен ғана жүрдім, қалтамда үнемі ақша жүретін. Айлығым 250 мыңдай болса, шайпұлмен қосқанда 500 мың теңгедей алатынмын. 2018 жылдары бұл тәп-тәуір ақша еді. Былайша айтқанда, 1,5 мың доллардай ғой, ал ол кезде доллардың курсы шамамен 350 теңге. Кореяға келудің еш мұқтаждығы да жоқ еді. Себебі осында келгенде шамамен табысым Қазақстандағыдай болды. Қайта мұнда келіп шығыным өте қатты өсті. Себебі өзімнің ғана емес, үйдегілердің пәтерақысын да төлеп отыруым керек еді.

Былайша айтқанда, жеке басыма Кореяға келудің қажеті жоқ еді, тек шетелде өмір сүрсем деген ой ғана болды.

Көбісі Кореяны кедейліктен шығудың жолы деп біледі. Осында келгеніне бір жылдан асқан бір кісімен сөйлескенде, «неге бәрі Кореяны таңдайды?» деп сұрадым. Ол кісінің сөзіне қарағанда, мұнда келу жоғары оқу орнына грантқа түскенмен бірдей екен. Себебі айлық жоғары, барлық жағдайымды жасап аламын деген оймен келеді. Шетелде жүріп мынаны ұқтым, адам ойлау қабілетімен кедей болса, кедейлік сенен ешқайда кетпейді. Қай елге барсаң да, қандай жұмыс істесең де. Қара жұмыспен баю мүмкін емес, сен тек белгілі бір деңгейде шығыныңды ғана жаба аласың, болды, басқасына жетпейді. Ал ақша-ақша деп жүріп күндіз-түні жұмыс істей берсең, бір күні денсаулығыңнан айырыласың. Үй алдың делік, көлік алдың делік, бірақ оны ұстап тұру тағы бар ғой. Талай танысым үй мен көлікке ақша жинап, елге оралды. Солардың бәрінің айтатыны мынау: «Келмей-ақ қой, себебі көлікті саттық, қайта қарызға баттық». Себебі адам ақша табуды үйренген жоқ, ол бар күшін сарпып қана кетті. Қара күшпен аз-маз ақша жинап алды, ал Қазақстанда қара күштің құны арзан, сонан соң амалсыз қарызға кіре бастайды. Өз-өзін дамытқан жоқ, көкжиегін кеңейткен жоқ, тиісінше бір жылға жететін жинағы аяқталған соң, баяғы өмірі қайта басталды.

El.kz: Бірақ қазір де аз уақыттың ішінде үй сатып алуға болатындай ақша жинауға бола ма?

Рустем Маликов: Кореяда қазір жағдай бұрынғыдай емес. Біріншіден, айтарлықтай жұмыс көп емес. Екіншіден, мемлекет жұмысшыларға берілетін квоталар санын көбейтіп, заңсыз жүргендерің санын азайтуға тырысып жатыр.

Өз басым қазір қара жұмыс істемеймін, табысым байерлік пен контент жасаудан түседі, оқушыларым бар. Кореяда жүрген адамның жұмысын алып жатқан жоқпын, егер елге кетіп қалсам да, Кореяда ештеңе өзгермейді. Қазір жергілікті компаниялар да заңсыз жүргендерді алмауға тырысады, оның соңында проблемалар болуы мүмкін – айыппұлы үлкен.

El.kz: Қазақстаннан, ТМД-дан Кореяға баратындар көп пе?

Рустем Маликов: Қазақстаннан өте көп. Өзім TikTok жүргізген соң, маған түрлі сауалдар келеді, шыны керек, оларға жауап беріп үлгермей жатамын. Бәрінің сұрайтыны бір - «Кореяға қалай келсем болады?». Бұл алаяқтардың санының артуына себеп болады. Өйткені адамдарды алдап, тақырға отырғызып кетіп жатқан талай оқиғаны естіп жатамыз. Сондықтан сақ болыңыздар дегім келеді.

El.kz: Бір видеоңыздан «Кореяда жүргендер кейде жалған ақпарат беріп, көпшілікті қызықтырып қояды, табыстарын айтып, шығын жасырады» депсіз. Осы жөнінде толығырақ өз аузыңыздан естісек.

Рустем Маликов: Рас, көпшілігі оқырман санын арттыру үшін кейде асыра сілтем жатады. Мысалы, бірнеше ай ғана жалғасатын, күніне 50 мың, 100 мың теңге төлейтін жұмыстар бар. Видеоны көрген адамдар «күніне 50 мың теңге тапсам, бір айда 1,5 миллион теңге болады» деп есептейді. Ол шығынды, демалысты есептемейді. Өзін құдды робот санайды. Одан қалды, әлгі адамның бұл жұмысқа неше рет шыққаны да белгісіз, ол бәлкім бір күнге ғана барған шығар. Себебі бұл жақта еңбек биржасы арқылы жұмысқа шығасың, ол бірнеше күндік қана болуы мүмкін. Ал үнемі жұмыста жүрген адам өзін көрсетпейді де. Ол миграциялық қызметтен келіп алып кете ме деп қорқады. «Бауырым, осы ақшаны күнде тауып жүрмін ғой, оңға қараймын – ақша, солға қараймын – ақша» деп асыра сілтеп жібереді, ал біздікілер соған ауыздары ашылып, жұрттың бәрі ақшаның астында жатыр екен деп ойлайды. «Мына жақта 80 мың теңге алып жүрмін, кетемін» дейді. Сөйтіп несие алады, қарызға батады. Өтсе, жақсы, көбісі өтпей қалады, сосын сол несиесін төлеп жүргені. Ал келгендерінің өзі видеодағыдай еместігін түсінеді. Құрылыста жүрсең, жаңбыр маусымы бар, далада жұмыс істейтіндер айлап шыға алмайтын кездері болады. Қатты рейд кезінде жұмысқа шығармайды, қыстыгүні тағы жұмыс азаяды. Міне, осының бәрін ескеру керек. Тым үлкен үмітпен келеді, сондай болмаса екен деймін.

El.kz: Сіз алғаш барған кезде немен айналыстыңыз? Қалтаңызда ақшаңыз болды ма?

Рустем Маликов: Ақшам болды, бірақ менде ақпарат болған жоқ. Қазір YouTube, TikTok-тан бәрін қарап алуға болады, ал ол кезде ондай жоқ еді. «Бізге ақша неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы» деді. Біз соған сеніп банктен несие алып, мұнда мойнымызға қарыз артып келдік. 22 жастағы ақымақ жігіт қалай ойлайды?! Ақшаны сала саламын, несие жабыла салады дегем ғой. Сөйтсем ол олай емес екен. Ай-аймен бөлініп, қалған проценттері тұрады екен. Амал жоқ, үш жыл бойы құртпаған ақшамның пайыздарын жауып жүрдім. Келмей жатып қарызға батқанмын.

El.kz: Ең алғашқы жұмысыңыз қандай еді?

Рустем Маликов: Паркингті тазалап, бояу керек болды. Басшымыздың мінезі ауыр кісі екен. Жұмыстың алғашқы күні, «Шибаль, шибаль» деп айқайлай береді. Не айтып жатқанын түсінбейміз. Сөйтсем, ол балағат сөз екен. Қолыма күрек алып су жүретін жерді тазалап отырғанмын, кореялық әйелдер үстіңнен қарап өтіп кетеді. Өзімді сондай жаман сезіндім. Неге келдім деген ой болды. Сол күні-ақ кетсем деген ой келді. Одан кейін де талай рет кетемін деп оқталдым. Ыдыс та жудық, талай жұмыс істедік қой.

Бір рет қазақ балалар лақтырып кетті. Пәтерден шығарып жіберіп, соңғы тиынның бетіне қарап шабаданыммен далада отырдым.

Карантин басталған кез, ақшамды үйдегілерге жіберіп, қалғанын пәтерге төлеп тастағанмын. Өзім істеп жүрген мейрамхана жабылып қалған, құрылысқа кірейін десең, күнде тест сұрайды, ал оның құны әжептеуір. Қырсыққанда денсаулығым сыр беріп, қатты арықтадым. Қалыпқа келуіме көп ақша, көп уақыт кетті. Күндік жұмыстарға шығып, азын-аулақ ақшаның басын құрап, досым екеуміз ауылды жерге кететін болдық. Үш бөлмелі пәтердің бір бөлмесін алдық. Айлықты апта сайын береді, бірақ тек келесі аптада аласың. Екі тәулік жұмыс істеп, ұйықтамай, әрең келсем, пәтердегі жігіттер: «сен ақыны кешіктірдің, шыға бер» деп тұр. Екі апта жұмыс істегенмін, бірақ айлығымды әлі алмағанмын, қалтамда көк тиын жоқ, шабаданмен дүкеннің алдында отырдым. Таныс тәте бар еді, сол кісіден қарызға ақша сұрап, түнгі 12-де пәтерге кірдім ғой. «Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады» дейді ғой. Сондай адамдар кезігіп қалды. 

Сол кезде күйіп кеттім, енді кетемін, қара жұмыстан әбден қажыдым дедім. Бірақ ақша жетпейді. Қазақстандағы достарыма қараймын, олар жоғары білім алмай-ақ бизнес жасап, шама-шарқы жеткенше істерін дөңгелетіп отыр. «Ал менің мына жүрісім не» деп ойладым.

El.kz: Қазақтар бір-бірімен қалай араласады?

Рустем Маликов: Өте жақсы. Біз бұл жақта бір қазақпыз. Қазақстанда жерге, руға бөлінеді. Мұнда ондай жоқ. Қазақ бірдеңе бүлдіріп, жазалау керек болса, оны тек қазақтар жазалайды, оған ешкім араласпайды.

Қаңтар оқиғасы болғанда, бәріміз жиналып, елдегі туған-туыстарымызға хабарласып, бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Шетелде қазақтардың ауызбіршілігі өте жақсы.

El.kz: Жергілікті халықтың мигранттарға көзқарасы қандай?

Рустем Маликов: Көпшілігі кәрістерді қытайлармен шатастырады. Шын мәнінде, корейлер шетелдіктерге өте жақсы қарайды. Ал кәрісше білетін қытайлықтарды ортаңқол басшы қылып қояды да, ал олар өздерін өте дөрекі ұстайды.

Кәрістер көмектеседі, жағдайыңды түсінеді. Өз басым пәтер ақысын бірнеше ай төлей алмағанда, сол үйдің иесі қарайласып тұрды. Күріш, кимчи әкеліп, «аш отырма» дейтін. Үлкен кісілері өте керемет. Себебі олар ашаршылықтан өткен ғой.

Мынадай бір оқиға айтып берейін. Бірде үлкен сауда орталығын салып жатқанбыз. Ал оның басшысы өте бай адам. Астыңғы қабатында диван тасып жатқанбыз. Пошта қызметін жеткізушілердің бірі бір мәрмәрді сындырып алған ғой. Ал оның әрқайсысы 600 доллар тұрады. Жүк тасушылар да, кафель жапсыратындар да кәрістер. Кім істегенін сұрағанда, бізді көрсетіп жіберсе, ештеңе дей алмайсың. Жүк тасушылардың бүлдіргенін өзгелер айтып берді. Сонда бастықтың өзі әлгілерді жинап алып, бізден бастарын иіп тұрып кешірім сұратты. «Оларға үлгі көрсетулерің керек. Сендердің кесірлеріңнен біз туралы жаман ойлайды» деп, тіпті өзі де кешірім сұрады, тәттілер әкеліп берді. Бірақ жаман ұлттың болмайтынын тағы бір айта кеткен жөн.

El.kz: Қара жұмыс істейтін кәрістер көп пе?

Рустем Маликов: Әрине. Бұл жақта орта тап өкілдері көп. Қара жұмыс істейтіндер де өзіне лайық өмір сүреді. Кедей деген түсінік аз. Кәрістер қара жұмыстан, жалпы жұмыстан намыстанбайды.

El.kz: Бір кәріс жігітінің блогынан көргенім бар. «Кореяда бірінші болуың керек, одан кейінгілер саналмайды. Сондықтан күйзелісте жүретіндер өте көп» деп еді. Шынымен солай ма?

Рустем Маликов: Ол Сеул секілді үлкен қалаларда қатты білінеді. Таптық теңсіздік бар жерде қиындау. Дегенмен заң бәріне ортақ: байға да, кедейге де. Сонысы ұнайды. Кім құқық не тәртіп бұзса, сол жазаланады.

El.kz: Мұсылмандарға қатысты көзқарас қандай?

Рустем Маликов: Бұл жағы қиындау. Себебі бұлар Американың көзқарасына бағынышты. Дін туралы түсініктері бөлек. Шошқаның етін жемейтінімізді айтсақ, таңғалады. Бірақ қазір түсінік өзгере бастады, себебі қазақтар, жалпы мұсылмандар саны көбейген.

El.kz: Әдетте қалай демаласыздар?

Рустем Маликов: Демалыс орындары көп. Табиғаты керемет. Сондықтан белсенді демалғысы келетіндер үшін барлық жағдай бар. Өз басым бұрын-соңды болмаған жерлерге барғанды, жаңа дүниені көргенді ұнатамын.

El.kz: Өзіңіз Кореядан Қазақстанға косметика, көлік жеткізумен айналысады екенсіз.

Рустем Маликов: Косметика жеткізуші каргода қойма жетекшісі болып бір жыл жұмыс істедім. Сондықтан бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсініп алдым. Үлкен компаниялардың концепциясын, олардың айналымын зерттедім. Солардан сатып алып, Kaspi арқылы сатуды қолға алдым, адамдардың тапсырысын осы жақтан жіберіп отырамын.

Көлікпен таныстарымның көбісі айналысқан соң мен де қызыға бастадым. Бірақ бұл салада біздікілер өте көп, тиісінше бәсекелестік жоғары. Оны алып-сатудың шығыны едәуір, тек қымбат көлік болмаса, арзан көліктерді жеткізу тиімсіз болып кетті. Ал тұтынушыларымның басым бөлігі негізінен Ресейден, Қырғызстаннан. Себебі Қазақстанға жеткізетіндер көп, ал Ресейдің аумағы үлкен, сұраныс жоғары.

El.kz: Бір видеоңыздан Кореяны жұмысқа кетуге болатын елдер арасында соңғы нұсқа ретінде қарастыруға кеңес беріпсіз. Мұның себебі неде?

Рустем Маликов: Мұнда келетіндердің көбісі заңсыз қалады. Соның кесірінен өмір сүру өте қиын болады. Ауырсаң, емделе алмайсың, сақтандыру жоқ, жұмысты да қашып жүріп істейсің. АҚШ, Еуропа елдерінде мүмкіндік көбірек. Виза алып алсаң, бір штаттан екінші штатқа барып жүре бересің, Еуропада да бір елден екінші елге оп-оңай өте беруге болады. Одан қалды Австралия, Жапонияны дап қарастыруға болады. Оңтүстік Кореяға турист ретінде келіп, қалып қою – өте қауіпті. Жұмысқа шыққан күні рейд болып, сенің заңсыз жүргеніңді білсе, өмір бойына елге келуге тыйым салынады. Ал әлгі тыйым салынған мөр басқа елдерге баруға да кері әсер етеді. Сондықтан Кореяға шамаңыз жеткен құжаттарыңызды түгендеп келуге кеңес беремін.

El.kz: Бәріне ақша қызық. Кореяға барған адам орта есеппен айына қанша табыс таба алады?

Рустем Маликов: Бір бөлмелі пәтердің депозиті 750 доллар болады. Бұл сіздің бір жыл бойы осы пәтерден тұра алатыныңызға кепілдік береді. Одан бөлек айына кемінде 350 доллар төлейсің, оған 100 болатын коммуналдық қызмет ақысын қосыңыз. Бұл Сеулдегі баға емес – Ансан немесе Инчхон секілді қалалар. Тамағыңа шамамен тағы 200 доллардай кетсін. Сим-картаға айына 40 доллар мен жүріс-тұрысыңа 100 доллардай қажет. Былайша айтқанда, жоқ дегенде 1000 доллар шығыныңыз кетіп отырады. Айлығыңыз 2 мың доллар болса, соның жартысы кетті, тағы бір бөлігін Қазақстандағы туыстарыңызға жіберіп отырасыз да, қалғанын өзіңізге сақтап қоясыз. Ал ауыр жұмыс істеп жүріп айына мың доллардай жинауға болады. Әйелдерге емес, еркектерге арналған құрылыс жұмыстарында өліп-өшіп, тыным таппай еңбек етсең, әрі кетсе 1 миллион теңгедей жинауға болатын шығар. Бірақ бұл жағдайда сіз өзіңізге барлық жағынан шектеу қоясыз, тұрақты істейсіз, ауру-сырқау деген болмау керек. Сонда анау-мынау шығынмен бес жылда 30 миллион теңгедей жинауға болады. Мысалы, мен де біраз ақшаның басын қосып келе жатқанмын, бірақ анам аяқасты ауырып, жеке ауруханаға жатып қалды. Сол кезде жинақтың бәрін жұмсадық. Бірақ өзің ауыратын, жұмыссыз қалатын жағдайды естен шығармау керек. Ал әлгі 30 миллион теңге деген робот секілді мінсіз жұмыс істегенде ғана жиналады. Соны ұмытпаған жөн. Ал біз адамбыз ғой. Психологиялық тұрғыда сынып кетпеуің керек, себебі бір жұмысты күнделікті істей берсең, қатты қиналасың, жалығасың.  

El.kz: Өзге ұлт өкілдеріне қызметте көтерілу қаншалықты қиын? Әсіресе тілді жақсы білмейтін болсаң...

Рустем Маликов: Тілді қалай да үйренуің керек, онсыз болмайды. Құрылыста шебер деңгейіне жетсең, негізі жап-жақсы айлық алуға болады. Сонда істеген балалардың тәп-тәуір ақша жинағанын білемін, үй де алды, көлігін де алды. Бір жыл тоқтаусыз істеп, өзін әбден дәлелдеп шебер дәрежесіне көтерілді, сонан соң күніне 200 доллардай беріледі. Бірақ мен ол жұмысқа барған жоқпын, себебі денсаулығым сыр бере бастады.

Маусым уақытында қарбыз жинау алқабында бес ай тоқтаусыз жұмыс істесең, айына 5 мың доллар алуға болады. Бірақ ол жақта денсаулықты тастап кетуге дайын болуың керек, тіпті мүгедек болып оралған адамдарды білемін.

El.kz: Осы жөнінде білгіміз келеді, көбісі артықшылығын айтып, оның залалы туралы үнсіз қалып жатады. Қайғылы жағдайлар жиі бола ма?

Рустем Маликов: Өте көп, тіпті қайтыс болып кетіп жатқандар қаншама. Бір танысымыз күндіз-түні жұмыс істеп, әбден зорығып кетсе керек, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Тағы бір жігіт дәл солай жүріп, ұйықтаған күйі оянған жоқ – жүрегі тоқтап қалыпты.

El.kz: Сондай ауыр жағдайға душар болған қазақтар елге қалай оралады?

Рустем Маликов: Кореяда қазақтардың топтары бар, сонда бәріміз ортадан ақша жинап көмектесеміз, сонан соң елдегі туған-туыстары ақша салады, ағайындарынан жинайды. Тағы бір жігіт бірнеше күн ұйықтамай көлік айдап келе жатып ұйықтап кеткен, бір нысанға соғылған ғой, қасындағы екі жігіт көз жұмған, өзі аман қалды. Кейбірі күйзелістен іше бастайды.

Бір үлкендеу кісі осында бес жылдай тынбай еңбек етіп, үйін алды, қызын тұрмысқа берді, бірақ денсаулығын құртып тастағаны соншалық, елге жеткен соң мүгедек болып қалған, екі келіден артық салмақ көтере алмайды. Енді өмір бойы мүгедек болып қалды, тіпті тұмау жұқтырса да, өліп кетуі әбден мүмкін.

El.kz: TikTok түсіру туралы ой қайдан келді?

Рустем Маликов: Досым түсіріп бастаған, көп ұзамай видео үшін ақша алғанын айтты, мен де қызықтым. Контент жасау деген ой болған жоқ, тек қызығушылықтан пайда болған дүние ғой. Көрілім көбейе бастаған соң бұл сала арқылы өмір сүруге болатынын түсіндім, жарнамадан ақша аламын, әлеуметтік желі арқылы тапсырыс берушілер де артты, оқушыларым да бар.

El.kz: Қазақстанда нені сағындыңыз?

Рустем Маликов: Туған-туыстарымнан бөлек достарымды сағындым, олар үйленіп, бала-шағалы болып жатыр, талай қуанышынан қалып қойдым. Солардың бәрін көргім келеді. Одан қалды елге оралған соң көруім керек деген жерлердің тізімін жасап қойдым.

El.kz: Елге енді қашан оралмақ ойыңыз бар?

Рустем Маликов: Келесі жылы көктемде деп жоспарлап отырмын. Себебі биыл желтоқсанға дейін кестемде бос орын жоқ. Бірнеше жобам бар, соның бәрін кәсіби түрде жүзеге асырсам деймін, қазақ тілінде контентке сұраныс артқан екен, соны өтеуге тырысу керек.

El.kz: Жалпы, болашағыңызды Кореямен байланыстырасыз ба?

Рустем Маликов: Иә, себебі кәріс тілін үйрену үшін курстарға барамын, дамысам деймін. Осында жүріп үйлендім, баламыз бар. Бизнестегі серіктестерім де осында. Сондықтан алдағы бір-екі жыл осында боламын, бірақ жоспарда Қытай, Еуропа және АҚШ-қа шығу бар. Себебі сол елдерде тұратын серіктестерім бар, солар да кәсіпті кеңейтуге, байланысты нығайтуға кеңес беріп жатыр.

El.kz: Жалпы еті тірі адам қалтасын қомпайта алады ғой сонда?

Рустем Маликов: Иә, өйткені мұнда мүмкіндік көп, тек соларды көре білу керек. Кезінде бір кофені достарымызбен бөліп алып ішетінбіз. Тіпті автобусқа ақша қимай, тек жаяу жүретін едік. Қазір сол жігіттер кәсіпкер. Одан бөлек осында әуе саласында, бизнесте, шығармашылықта жүрген қазақтар көп, солар туралы видео жасаймыз деп шештік.

El.kz: Айтпақшы, келіншегіңіз қазақ қызы ма?

Рустем Маликов: Әрине, кәрістің қыздарының менталитеті бізге келмейді, біздің қыздардың тәрбиесі мүлде бөлек қой. Кәріс қыздар бізді менсінбейді де.

El.kz: Қазір Қазақстанда кәріс мәдениетіне деген қызығушылық өте жоғары, айдолдар деп қыздар кәрістердің әншілерін тыңдап, соларға тұрмысқа шығуды армандайды. Осындай бойжеткендерге не айтасыз?

Рустем Маликов: Бірден айтайын, телефоннан көріп жүрген сымбатты жігіттер кәрістен басқа ұлттың қыздарына қарамайды. Оларға тек өздерінің қыздары керек. Ал біздің қыздарға үйленіп жатқан кәрістер негізінен жасы 40-тан асқандар. Ол әдетте карьера қуып, керемет жетістікке жетпесе де, өзінің шығынын жабуға жететін табысы бар ер адам. Ол жас қызға үйлене алмайтынын біледі, өзімен қатарға қарайын десе, оның да мінезі ауыр, көп ішеді, қыдырғанды жақсы көреді, тиісінше бір шаңырақ астында өмір сүру қиын болады. Сосын олардың бәрі дерлік пластикалық операция жасатады. Ал біздің қыздар табиғи сұлу, әрі сұранысы да төмен, киімін алып беріп, ұсақ-түйек сыйлық жасасаң болғаны. Үйдің жұмысына да пысық, бәрін тап-тұйнақтай қылып отырады. Кореядағы байлардың деңгейі мүлде бөлек. Ал біздікілердің қалталы деп жүргені – компаниядағы қарапайым қызметкер.

El.kz: Ал кәріс жігіттерге жергілікті қыздарды қарату неге қиын?

Рустем Маликов: Себебі бұларда «жеті кілт» деген ұғым бар, біздікілер махр деп атайды: жүректің кілті, үйдің кілті, сейфтің келті, көліктің кілті және тағы солай деп кете береді. Бұл жақта ер адам барлық тірлікте жоғары тұрғанымен, дәл осы жеті кілтке келгенде әйелдің сұранысын өтеу өте қиын. Сондықтан жігіттерге үйлену оңай емес. Қыздарының сұранысы жоғары. Ал той өткізу айтарлықтай қиын емес, оны осында жүрген біздің қазақтар да істеп жатыр ғой.

Оның үстіне кәрістер сырт келбетінің күтіміне ерекше мән береді. Ал өзін күтіп-баптап қалған адамның өзгеден де соны талап ететінін ұмытпау керек. Тиісінше ондай жігіттер дорамадағы қыздарға үйленуді қалайды.

Әйелім «кәріс жігітке тұрмысқа шығамын деп келіп едім» деп күледі. «Жолың болмай қалды ғой» деп әзілдейміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға