Шетелде мұғалімдердің жалақысы қандай?
Елімізде жыл сайын қазан айының бастапқы күндерінен-ақ ұстаздар мен мұғалімдерді құттықтап, оларға құрмет көрсетіледі. Биыл 5 - қазан ресми түрде мұғалімдер мерекесі болып бекітілді. Соңғы жылдары Қазақстанда педагог мәртебесі көтеріліп, жалақы көбейді. Осы орайда әлемдегі мұғалімдердің жалақысы мен проблемаларына шолу жасауды жөн көрдік.
Қытай
2021 жылы Қытай үкіметі репетиторлық қызметке тыйым салды. Мақсаты - бала тууды арттыру және балалардың оқу жүктемесін азайту болды. Себебі университеттерге түсетін үміткерлер арасында бәсекелестік өте жоғары, сондықтан ата-аналар баласын оқуға түсіруге дайындап, бастауыш мектептен бастап жеке сабақтарды төлейді. Ерлі-зайыптылардың бірнеше балалы болудан бас тартуына репетиторлық қызметке кететін шығындардың үнемі өсіп отырғаны себеп болды деген болжам бар. Тыйым тек оларды ұсынатын компаниялар мен жеке оқытушыларға ғана емес, мұғалімдерге де әсер етті. Заң қолданысқа енгізілгенге дейін мұндай қызмет жұмыс істейтін ата-аналарға көмектесті: балалар үнемі бақылауда болды және жалқауланбай, сабақ оқитынына кепілдік берілді. Енді бұл ауыртпалық мұғалімдердің мойнында: олар мектептен кейін тегін сабақтар өткізуі керек. Сонымен қатар, олар репетитор ретінде қосымша табыс табу мүмкіндігінен айырылды. Тәрбиешілердің қызметіне деген сұраныс төмендемегендіктен, білім беру қызметтерінің қара нарығы пайда болды: кейбір компаниялар мен жеке оқытушылар жұмысын заңсыз түрде жалғастырды. Қытайдағы мұғалімнің жалақысы орташа есеппен айына 5 000 юаньнан 15 000 юаньға дейін болады.
Ұлыбритания
2023 жылдың ақпан айында 200 мың мұғалім инфляция жағдайында жалақының қысқаруына байланысты ереуілге шықты. Үкімет тек ішінара қаржыландыруға дайын сыйлықақылар мен біржолғы төлемдерге уәде берді, ал жалақыны арттыруға арналған қаражаттың жартысы мектеп бюджетінен жабылуы керек еді. Экономиканың тәуелсіз ғылыми-зерттеу институтының есептеулері бойынша, бұл айла-шарғылар нақты жалақыны қысқарту мәселесін шешпейді. Шілде айында ереуілдер қайта басталды. Ереуілге қатысушылар мектеп бюджетінен сыйақы алуға қарсы, өйткені бұл жағдайда оқушылардың қажеттіліктерін ескермеуге тура келеді. Ұлыбританиядағы мұғалімдер орташа есеппен сағатына £13,45 алады, бірақ мұның бәрі оқу орнының деңгейіне, жұмыс өтіліне және басқа факторларға байланысты.
Германия
Германиядағы мұғалімдердің орташа жалақысы айына 4,3 мың еуроны құрайды. Мұғалімге қойылатын талаптар: неміс тілінің дипломы және мемлекеттік тілді білуі. Сондай-ақ мұғалім кем дегенде әртүрлі бағыттағы 2 пәнді білуі керек. Қазіргі таңда бұл елде кадр тапшылығы болып жатыр. Оған туу көрсеткішінің және имиграцияның өсуі себеп болып отыр. Неміс мұғалімдер одағының президенті Хайнц-Питер Майдингер елде 32-ден 40 мыңға дейін маман жетіспейді деп болжайды. Білім министрлері конференциясы жариялаған есептеулер бойынша бұл сан жыл сайын артып келеді. Германиялық мұғалімдер жұмысқа шамадан тыс жүктеліп, тіпті сырқаттанып қалған жағдайда да баруға мәжбүр екендерін айтып жатыр.
Жапония
Жапондық мұғалімдер кадр тапшылығына байланысты басқа елдердегі әріптестеріне қарағанда көбірек жұмыс істеуі керек: 2500-ден астам маман жетіспейді. Орташа алғанда, мұғалімдер аптасына шамамен 54 сағат жұмыс істейді, тәулігіне үш сағаттан астам үстеме жұмыс істейді, бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Жапонияда шамадан тыс жұмыстан қайтыс болған жағдайды кароши деп атайды. Білім департаментінің 2016 жылғы зерттеуі көрсеткендей, бастауыш сынып мұғалімдерінің шамамен 30 пайызы және орта мектеп мұғалімдерінің 60 пайызы жүктемені көтере алмаған. Себебі мұғалімдер негізгі сабақ аяқталған соң түстен кейін өтетін букацу – хобби үйірмелерін жүргізуге міндетті. Ол үшін ақы төленбейді. Жапонияда жалақыны реттейтін заң бар: оған сәйкес мұғалімдер ай сайын 4 пайыз көлемінде үстемеақы алады. Бұл сома 1971 жылы белгіленген, ол кезде үстеме жұмыс айына небәрі 8 сағат болатын. Үстеме жұмыс уақыты көбейді, бірақ заң сол күйінде қалды. Көбінесе әкімшіліктің қысымымен мұғалімдер құжаттарда жұмыс уақытын төмендетуге мәжбүр болады.
2021 жылы зерттеушілер тобы Нагоя университетінің білім әлеуметтану профессоры Ре Учидамен бірге онлайн сауалнама жүргізіп, 924 жауап алды. Анықталғандай, басшылықтың өтініші бойынша мұғалімдердің 16,5 пайызы үстеме сағаттардың азайғанын көрсетсе, бастауыш сынып мұғалімдерінің 33 пайызға жуығы және орта мектеп мұғалімдерінің 24,5 пайызы басшылыраның өтінішін орындаған. Мұның бәрі сөзсіз депрессияға әкеледі. 2021 жылы 5 897 адам психикалық ауруға байланысты демалысқа шығып, рекордтық көрсеткішке жетті. Жапониядағы мұғалімдердің орташа жалақысы айына 4000 долларды құрайды. Ол шәкірттердің тәрбиесіне ғана емес, олардың адамгершілік қасиетіне де жауапты. Мұғалімдер арасындағы бәсекелестік айтарлықтай жоғары: 1 орынға 20 адамға дейін.
Люксембург
Мұғалімдер айына 5,8 мың еуро алады. Бұл штаттағы ең жоғары ақы төленетін мамандықтардың бірі. Ұстаздардың сапалы білімі бар, елдің элитасына жатады. Үміткерге қойылатын негізгі талаптардың бірі - люксембург тілін білу. Мұғалімдер арасындағы бәсекелестік өте жоғары. Мектептерде негізінен 40 жасқа дейінгі жастар жұмыс істейді.
АҚШ
Америкада мұғалімнің айлық табысы көбінесе ол жұмыс істейтін аймаққа байланысты: Оңтүстік Дакота – айына $3,210; Нью-Йорк, Калифорния - айына $7 510. Мұғалімдердің ұлттық орташа жалақысы айына $3,900 құрайды.
Финляндия
Фин мұғалімдерінің орташа жалақысы айына 3900 еуроны құрайды. 1–6 сынып оқушыларымен жұмыс істейтін мұғалімнің магистр дәрежесі болуы керек. Жоғары сынып оқушыларына сабақ беретін мұғалім өзі оқытатын пән бойынша магистр дәрежесіне ие болуы тиіс. Фин мектептері толық автономияға ие. Мектеп директорлары мен мұғалімдері оқу бағдарламасын әзірлеу кезінде айтарлықтай тәуелсіздік алады.
Франция
Оқытушылар орта тапқа жатады. Жалақы мөлшері жоғары болып саналады: айына 3 300 евро. Шамамен жүктеме аптасына 19 сағат. Мұғалімдер жылына 4 айға дейін демалады. Оқытушылар өз шәкірттерін оқыту жүйесін өз бетінше таңдауға мүмкіндік алады. Олар көбінесе сабақтарды шығармашылық әдістермен, дәстүрлі емес форматта өткізеді. Мұғалімнің жұмысы жылына 3 ретке дейін тексеріледі. Өңірлік білім беру жүйесінің инспекторы педагог дәрежесін растайды.
Канада
Оқытушылардың орташа жалақысы айына 3151 долларды құрайды. Мұғалімдер жоғары әлеуметтік мәртебеге және қоғамда үлкен құрметке ие. Мұғалім ағылшын және француз тілдерін жетік меңгерген болуы керек. Ел аумағында оқытушылық кәсіподақтар жүйесі жұмыс істейді. Осылай мұғалімдер қосымша үстемеақыларын алады және қосымша артықшылықтарға ие болады.
Италия
Мұғалімдер айына 2700 еуро алады. Педагогтар елдегі жалақысы төмен мамандықтардың қатарында. Экономикалық жағдайдың нашарлауы аясында жұмыстан босату жиі орын алады. Ауыр жүктемеге қарамастан, мұғалімдер жұмыстан шығып қалмаудың барлық амалын жасайды.
Австрия
Білім беру жүйесінде мұғалімдердің жұмысы жоғары бағаланады. Орта мектепте жұмыс істейтін оқытушылар айына орта есеппен 2900 еуро алады. 8 жылдық мектепте жұмыс істейтін мұғалімдер айына 2500 еуро алады.
Словакия
Бұл елде мұғалімнің жалақысы айына 1280 еуроны құрайды. Ұстаздық мамандық беделді және жоғары ақы төленетін мамандық болып саналмайды. Осы себепті елде шерулер жиі болып тұрады. Сабақтар мектеп ғимаратында өтеді. Бірақ 1 аптаға мұғалімдер мен студенттер қала сыртында сабақтар өткізеді.