Жаңалықтар

Шетелде ғылыми тағылымдаман өтуге өтінім беру басталды

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті
Шетелде ғылыми тағылымдаман өтуге өтінім беру басталды
Фото: baq.kz 21.12.2022 15:41 1650

Ғылым және жоғары білім министрлігі шетелде ғылыми тағылымдамадан өту үшін конкурстық іріктеуге қатысуға өтінім қабылдау басталғанын хабарлайды. Ол 2023 жылғы 15 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Республикалық комиссия грант тағайындауды мамыр айына дейін жүзеге асырады. Әлемнің ең үздік оқу орындары мен орталықтарында тағылымдамадан өтуге ниет білдірген ғалымдарды «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ іріктеуден өткізеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын 500 отандық ғалымға мемлекет есебінен ғылыми тағылымдамадан өтіп, әлемнің жетекші зертханаларында зерттеу жүргізуге мүмкіндік беріледі. Биыл ғалымдарды іріктеу критерийлері жетілдірілді. Тағылымдамадан өтуге болатын ЖОО мен ғылыми орталықтар тізімі алғаш рет жасалды. Зерттеулердің өзекті бағыттары бойынша мамандықтар тізімі бекітілді. Сарапшылар комиссиясының құрамына қойылатын талаптар күшейтілді. Енді оған инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының докторлары ғана кіреді», – деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.

Әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өту үшін қазақстандық ғалымдарға 500 грант бөлінді. Мемлекет тағылымдамадан өту шығынын, екі жаққа ұшу ақысын, сондай-ақ медициналық сақтандыру мен ай сайынғы стипендияны төлейді. Стипендия мөлшері белгілі бір елдегі қала мен өмір сүру деңгейіне қарай әртүрлі болады.

Ұсынылатын шетелдік ұйымнан шарты көрсетілмеген шақыртуы, ғылыми нәтижелері, отандық және халықаралық ғылыми басылымдар мен дерекқорларда индекстелетін мақалалары бар үміткерлер ғылыми тағылымдаманы тағайындау конкурсына қатыса алады. Кандидаттардың таңдаған мамандану саласындағы жалпы жұмыс өтілі кемінде 12 ай болуы тиіс. Сонымен қатар кемінде В1 деңгейдегі мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны, шет тілден кемінде 9,0-дан 5,0 деңгейдегі IELTS емтиханын тапсырғаны туралы сертификаттары міндетті түрде болу керек.

Ғылыми тағылымдамадан өтуге ұсынылатын университеттер, ғылыми орталықтар, жетекші шетелдік ұйымдар тізіміне QS World University Rankings, Academic Rankings of World Universities, Times Higher Education World University Rankings халықаралық академиялық рейтингтерінің және Саймаго (SCImago Institutions Rankings) ғылыми институттар рейтингінің топ-250 тізіміндегі әлемнің 34 елінен 400-ден астам ЖОО, ғылыми-зерттеу орталығы мен ұйым кірді.

Тағылымдамадан өтуге арналған ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының тізіміне 134 мамандық енді. Олар инженерлік, жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, медицина, өнер, білім, агроөнеркәсіптік кешен, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларындағы зерттеулер секілді бағыттар бойынша үлестірілген.

Тізімге «Су ресурстары және суды пайдалану», «Вирусология», «Жасыл инновациялар», «Наноматериалдар мен нанотехнологиялар» және т.б. сұранысқа ие мамандықтар енді.

Айта кетейік, грант тағайындау конкурсы 3 турдан тұрады: кешенді тестілеу, сарапшылардан құралған комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу және Кадрларды шетелде даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысында құжаттарды қарау.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға