Жаңалықтар

Шетел элементімен күрделендірілген неке-отбасы қатынастарына байланысты кейбір шет елдердің құқықтық ерекшеліктері мен заңнамалық қырлары

Шетел элементімен күрделендірілген неке-отбасы қатынастарына байланысты кейбір шет елдердің құқықтық ерекшеліктері мен заңнамалық қырлары
27.11.2015 04:20 10419

Шет елдерде, соның ішінде Батыс Еуропа елдерінің неке заңнамасын зерттеуге ден қою және оның жағымды қуатына талдау жасау еуропалық елдердің осы саладағы тәжірибесін Қазақстандағы отбасы мәселелерін көріп, пайымдау үшін пайдаланудың мақсаттылығымен байланысты.

Шетел элементімен күрделендірілген неке-отбасы қатынастарына байланысты кейбір шет елдердің құқықтық ерекшеліктері мен заңнамалық қырлары

Бүкіл әлемде талданып отырған проблематикаға деген қызығушылықтың жоғарылығы байқалып отыр. Бұл көбінесе неке институтының реформалануымен түсіндіріледі: оның тұрақтылық деңгейінің төмендеуімен, отбасылық өмірді ұйымдастырудың көптеген формаларының пайда болуымен және т.б. Қазіргі жағдайда неке қатынастарындағы күрделі демографиялық, әлеуметтік-статустық және құрылымдық өзгерістер дамыған елдерге тән.

Неке қатынастарын заңдық реттеу мәселелері ылғи да зерттеушілердің назарында болды. Қазіргі уақытта неке институтына деген тіркелген серіктестік, іс жүзінде бірге тұрушылық сияқты жағдайлар тек қоғамдық және құқықтық санада ғана емес көптеген мемлекеттердің заңнамасында да көрініс тапқан. Неке-отбасы қатынастарына сипаттама бере отырып, оның әрбір мемлекеттегі өзінің байырғы тарихи тамыры, әдет-ғұрыптардың, дәстүрлердің, әдептілік ережелерінің, адамгершілік, моральдық және тұрмыстық нормалардың, бір сөзбен айтқанда, әрбір халықтың және адамдардың белгілі қауымдастығының ерекшеліктерін бейнелейтін әлеуметтік реттеуіштердің болуы сияқты ерекшелейтін белгісін айтпай кетуге болмайды.  

Материалды шарттарды сақтау болашақта некенің жарамдылығына әкеліп соғады. Әрбір мемлекет өзінің азаматының бекітілген құқықтық нормаларын орындауын бақылайды. Бірегейлі материалдық шарттың болмауы ақсақ некені туғызады, яғни ол дегеніміз бір елде бұл неке мойындалып, екіншісіне мойындалмауы мүмкін. 1902-1905 жылдары Гаага Конвенциясы: неке, ажырасу және сотпен жұптарды ажырастыру, жеке мүліктік қатынастар, кәмелетке толмағандарға қамқоршылық пен қорғаншылық туралы заңнама отбасы құқығын бірегейлендіру үшін құрылған.  Кейіннен, 1956 жылғы алименттік міндеттерді орындау жөніндегі Гаага Конвенциясы; 1958 жылғы балаларға қатысты  алименттік міндеттерін мойынау және шешімдерін орындау жөніндегі Гаага Конвенциясы;  1961 жылғы кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау юрисдикциясы жөніндегі Гаага Конвенциясы; 1970 жылғы ерлі-зайыптыларды соттық айыру және ажырастыру Гаага конвенциялары пайда болды. Әмбебаптық біріздендіру халықаралық сипаттағы отбасы неке қатынастарына эффективті болмады, оның орнына аймақтық біріздендіру эффективті болды. Алғашқылардың бірі болып Латын Америкасы елдерінің осы қатынастағы біріздендіруі болды. Нәтижесінде, 1928 жылғы Бустаманте Кодексін қабылдап шықты (коллизиялар бірізденуі) Бустаманте кодексі – бұл ең алдымен коллизиялық құқықты унификациялау. Отбасы құқығына арнайы тараулар арналған: “Неке мен ажырасу туралы”, “Әкелік және әкелікті анықтау”, “Туыстардың алименттік міндеткерліктері”, “Әкелік билік”, “Асырап алу”, “Қамқорлық”, “Эпансипация және кәмелеттік”, “Азаматтық хал актілерін тіркеу”. 

ТМД елдері арасында отбасылық құқықтағы коллизиялық нормалардың бірізденуі 1993 жылғы Азаматтық, отбасы және қылмыстық істері бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынас Конвенциясы қабылдануы нәтижесінде болды. Кейіннен, Кишиневте 2002 жылғы 7 қазанда жасалған Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенция қабылданды. Қазақстан 2004 жылы 10 наурызда осы аталған конвенцияны ратификациялады.

1980-1990 жылдары кейіннен, келесі конвенциялар қабылданды: 1980 жылғы балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық аспектісі бойынша Конвенция; 1989 жылғы Бала құқығы Конвенциясы; 1993 жылғы Шетелдік бала асырап алу қатынасындағы бала құқықтарын қорғау және ынтымақтастық жөніндегі Конвенциясы. Алдыңғы екеуі халықаралық жария құқық саласы “Адам құқығына” қатысты. Осы жария құқықтық салада қабылданған заңнамаларда азаматтық құқықтық қатынастары да көрініс табады. Мысалға, 1989 жылғы Бала құқығы Конвенциясында жеке мүліктік емес қатынасқа: бала құқығын бекітетін ереженің бірі әке-шешесін білу құқығы берілген

Осыған қарамастан, қарастырылып отырған мәселе теориялық деңгейде жеткілікті дәрежеде зерттелмеген болып табылады. Отбасылық құқық ғылымында неке қатынастарын құқықтық реттеудің  негізгі критерийлері белгіленбеген. Құқықтық ғылым тұрғысынан неке қатынастарын зерттеу жеткілікті дәрежеде бағаланбаса да тек жеке алғандағы қоғам туралы ғана білімдердің маңызды көзі болды және әлі де солай қалып отыр. Бұл мәселені зерттеудің қажеттігі тарихи аспектіде де өзекті, өйткені неке институты адамзат дамуының жалпы заңдылықтарын түсінуге үлес қосады. Неке қатынастарының эволюциясы қоғамдық қатынастар эволюциясымен тығыз байланысты, соның салдарынан неке құқығының негізгі институттарын қарастыру халықтардың тарихи даму ерекшеліктерін анықтау үшін маңызды болып табылады.

Біздің азаматтардың шетел азаматтарымен некелесуі, сонымен қатар шетел азаматтарының өздерінің арасында некелерін бекітуі ҚР заңнамасына бағынады. Басқа сөзбен айтқанда, бұл салада “некеге отыру жер заңы” немесе “Іех loci celebrationis” деген коллизиялық кағида қолданылады. Неке біздің заңнамада көзделген нысан бойынша жасалады, яғни азаматтық хал актілерін жазу органдарында, осы некені тіркеудің бекітілген ережелерін сақтай отырып тіркеледі. ҚР-да некені діни жолмен бекіту қандай да бір құқықтық салдарға жетелемейді, бірақ бұны адамдар өз арасында тануы да мүмкін. Біздің елімізде некеге тұру туралы келісім некеге тұрушылардың өздерімен жасалуы тиіс болып табылады. Бірқатар елдерде (Испания, Перу т.б.) некеге тұрушылар сенімхат аркылы некеге тұруларына жол беріледі. Біздің заң мұндай өкілдік етуге жол бермейді.

Шетелдіктер, сонымен қатар, біздің азаматтар некеге тұрған кезде, некеге тұруға ешқандай кедергі жоқ екендігі тексеріледі және мұндай тексерістің ең бастысы оның басқа некеде тұрған-тұрмағандығы анықталады. “Неке және отбасы туралы” Кодексінің 11-бабында «Егер тұлғалардың бірі басқа некеде тіркелген болса, онда ол жаңа некеге отыра алмайды» делінген, яғни егер шетелдіктің өз заңы көп әйел алушылыққа жол берсе, онда ол біздің республикамызда некеге отыра алмайды. Шетелдік азамат, егер оның өз заңы екі некеге рұқсат бергеннің өзінде бізде некесін тіркеуді талап ете алмайды. Кейбір мұсылмандық елдерде (Түркия, Ирак) екі некеге рұқсат етілмейді.

Некеге тұрушының басқа некеге тұрмағандығын дәлелдейтін бірден-бір дәлел Азаматтық хал актілерін жазу органдарында оның басқа некесі туралы жазбаның болмауы болып табылады. Егер шетелдік біздің Республикада некеге отыру ниетін білдіретін болса, ол өз мемлекетінің тиісті органынан өз мемлекетінде ешкіммен некеде тұрмайтындығын дәлелдейтін анықтама қағазын алып келуге міндетті. Тәжірибеде әдетте мұндай анықтама кағаздары ҚР тиісті мемлекеттің елшілігімен немесе консулдығымен беріледі.

Біздің құқыққа белгісіз басқа мемлекеттердің шектеулері (нәсілдік, діни, ата-ана келісімінің болмауы, т.б.) біздің елде некені тіркеуден бас тартуға негіз болып табылмайды.Бұл шетелдіктердің ҚР тіркейтін некелеріне де байланысты болып табылады. Тәжірибеде шетелдікпен некеге отыруға толық емес, ішінара шектеулер койылатыны анық. Мысалы, некеге отыру үшін рұқсат алу Венгрияда, Үндістанда, Иракта, Италияда және тағы басқа да мемлекеттерде бекітілген.

Біздің азаматтардың шетелдік азаматтарымен некелерін тіркеу кезінде бірқатар жағдайда некеге отырушы шетелдіктің де заңнамасы басшылыққа алынуы керек, өйткені, бұл жағдайда некені жарамсыз деп тану басқа мемлекетте орын алмауы анық. Мынадай мысалды келтірсек болады: егер, некеге тұрушының елінің заңнамасы бойынша ол келісім алмаған кезде неке ол елде жарамсыз болып калуы мүмкін. Мұндай жағдайларда біздің АХАЖ органдары некеге тұрушыларда онын мұндай некеге отыруға келісім бар-жоқтығын анықтауы керек. Егер де мұндай келісім болмаса, некеге отырушылармен келісіле отырып, шетелдіктің осындай келісімді алуы үшін уақыт беріледі. Егер де осы белгіленген уақытта органға қажет келісімді алып келмейтін болса, бірақ некеге тұрушылар некені тіркеуді талап етіп отырса, неке тіркеуші орган мұндай келісімнің болмауына қарамастан некені тіркеуге міндетті болып табылады. Мұндай неке біздің заннама бойынша танылғанымен, тиісті шетелдіктің мемлекетінде бұл неке танылмайды. Бұл өз кезегінде біздің мемлекеттің азаматының өзінің некелескен адамының мемлекетіне барған уақытында құқығының шектелуіне алып келуі мүмкін.

80-жылдары Болгариямен, Вьетнаммен, Венгриямен, Финляндиямен бекітілген құқықтық көмек керсету туралы шарттарда некені бекіту нысаны неке бекітілген мемлекеттің заңымен анықталатындығы айтылады. Материалдық шарттар жағдайын да құкықтық көмек көрсету шарттары камтып кеткен. Мысалы, Вьетнаммен КСРО-ның арасында жасалған құкықтық көмек көрсету шарттарында ерлі-зайыптылардың мүліктік жағдайы сол азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасымен шешіледі деп керсетілген.

Шетел элементі бар неке қатынастарын құқықтық реттеу коллизиялық нормалар себебінен туындайды. Коллизиялық нормалар тараптардың құқықтары мен міндеттерін анықтамайды, сәйкесінше мемлекеттің отбасы неке қатынастары бар заңнамаларына сілтеме жасайды. Неке-отбасы қатынастарынан туындайтын коллизия сол мемлекеттің коллизиялық нормаларына сілтеме жасап қана қоймай, жалпы құқықтық жүйесіне, басқа да құқық нормаларына, құқық қолданушы практикасы мен доктриналарына да сілтеме жасайды. Отбасы құқығындағы коллизиялық нормаларың байланысы, тек сол бір елдің осы қатынастағы заңнамасына ғана емес, сонымен қатар жеке статустағы азаматтық істер бойынша жүргізілетін әрбір құқық қатысушысының жеке заңдарына да байланысты болады.

Мемлекеттерде жеке заң түсінігі әртүрлі болып келеді. Оны азаматтық заңы (lex patriae) немесе тұрғылықты жер заңы (lex domicilii) деп бөліп қарастырады. Жеке заң домицилия заң нысанында англоамерикандық жалпы құқықты мемлекеттерде кеңінен таралған (Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Индия, Латын Америкасының кейбір мемлекеттерінде) ал азаматтың жеке заңы көбінесе Еуропалық мемлекеттерде, Латын Америка мемлекеттерінде, ТМД мемлекеттерінде және өзге де мемлекеттерде кездеседі. Көптеген мемлекттерде “аралас” жүйесі қолданылады. Бұл дегеніміз реттеу үшін жоғарыда айтылған екі түрде қолданылады. Сондай-ақ, жалпыланған жеке заң қолданылады. Сондай-ақ, азаматтыққа жеке заңды анықтау кезінде байланыстыру коллизиялық отбасылық құқықта да кеңінен қолданылады. Мысалға, жеке мүліктік және мүліктік емес құқықтарын, жұбайлардың және ата-аналар мен балалардың міндеттерін анықтау кезінде қолданылады. Оның үстіне, өзіндік байланыс - ортақ немесе соңғы ортақ тұрғылықты жеріне қатысты. Азаматтық және тұрғылықты жер критериялары кей кездері бір-бірін толықтырып отырады. Сонымен қатар, азаматтық пен тұрғылықты жер заңына сілтеме жасаумен бірге, мемлекеттік сот заңына сілтеме жасау кеңінен қолданылады- lex fori: әкелігін анықтау немесе мойындамау, біздің азаматтарымыз бен шетел азаматтары арасындағы некені бұзу жағдайларында қолданылады.

Қорытындылай келе, отбасылық қатынастардың ерекшілігі ретінде, құқықтық реттелуге бағынбайтын кездер кездесетіндігін ескеру керек. Отбасылық қатынастар ең алдымен моральдық, дәстүрлі, діни нормалармен анықталады. Солардың тарихи салт-дәстүрлермен тығыз байланыстылығы отбасы қатынастарының унификациясына кедергі болды. 


Ақмөлдір АСАН

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға