Жаңалықтар

Шетел асқан 160 миллиард доллар қашан және қалай қайтарылады?

Шетел асқан 160 миллиард доллар қашан және қалай қайтарылады?
Фото: © iStock 17.04.2023 09:00 20278

Ел экономикасының кежегесін кейін тартып келе жатқан фактордың бірі – шетел асқан заңсыз ақша. Тәуелсіздік жылдары елімізден 160 миллиард доллар сыртқа шығып кеткен. Бұл дегеніміз Ұлттық қордың қаржысынан үш есе көп. Ал республикалық бюджеттен тіпті төрт есе жоғары екен. Осыдан-ақ біраз нәрсені аңғаруға болады, деп жазады  El.kz ақпарат агенттігі.

Елге қайтқаны – 630 миллиард теңге

Бұған дейін шетел асқан заңсыз қаржы туралы әр кездері әлсін-әлсін айтылып қалатын. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін тіптен қызу талқыға түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл мәселені көтерді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр маусым айында елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссияға Бас прокурор Берік Асылов жетекшілік етеді. Олар 900 миллионға жуық долларды елге қайтаруды көздеп отыр.

Әзірге мемлекетке қайтқаны 630 миллиард теңге ғана болып тұр. Доллар емес, теңге. Прокурорлардың актілері бойынша, кеден саласында бюджет 57 миллиард теңгеге толыққан. Ал мемлекет меншігіне 5 миллиард теңгеге 140 мың гектар жер қайтарылған. Шет мемлекеттердің ішінде Лихтенштейн, Гонконг, БАӘ-дегі ақша ғана там-тұмдап елге жетті.

Мемлекеттік комиссиядан бөлек «Elge qaitary» деген қоғамдық қор құрылды. Оған белгілі саясаткер, кәсіпкер Болат Әбілов пен экономист, бұрынғы банкир Оразалы Ержанов басшылық етеді. Қор жетекшілері «Ешқандай саяси жоба емес, ешқандай партияға қатысы жоқ қордың мақсаты – елден ұрланған ақшаларды елге қайтару» деп отыр.

Қоғамдық қор Қазақстанның мұнай саласындағы күмәнді мәмілелерді де зерттеуді бастап кеткен. Деректі фильмдер түсіріп, баспасөз мәжілістерін де өткізіп үлгерді. Елдің ақшасын талан-таражға салғандардың біразының есімін атап та үлгерді.

Экономист Асылбек Күздеубаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында шетел асқан қаржыны Үкіметке емес, тәуелсіз ұйымдарға жүктеу керек деген.

Шетел асырылған қаражаттарды елге қайтару бойынша жұмысты қазіргі Үкіметке емес, арнайы,  тәуелсіз, белгілі бір өкіл­еті мен құзыреті бар комиссия немесе жұ­мыс тобына тапсыру керек. Бұл жұмысты Үкі­метке тапсыру қателік деп есептеймін, - дейді Асылбек Күздеубаев.

Бәлкім, «Elge qaitary» қоры секілді ұйымдарға мүмкіндік берілсе, әлдеқайда бұл жұмыс жедел жүргізілер ме еді?..

Бірнеше жылға созылуы мүмкін

Шетел асқан 160 миллиард доллар қашан және қалай қайтарылады?

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев елден заңсыз шығарылған қаржыны қайтару оңай емес деп отыр. Оның үстіне көп уақытты қажет етеді деп санайды.

Біздің биліктің қандай да бір шаралар қабылдағанына, қандай да бір қағаздар жазғанына және бұл ақша бірден орала бастайтынына сенудің қажеті жоқ. Бұл ақша негізінен Еуропаға жеткізілді. Ол жақта бюрократиялық аппарат ұзақ уақыт жұмыс істейтінін ескеруіміз керек. Мүлдем асықпайды. Барлығы сот арқылы шешіледі. Ал сот процесі жылдарға созылуы мүмкін, – деді Бейсембаев.

Бір жылдары Бас прокурордың орынбасары болған Андрей Кравченко өзге мемлекетте тығылып жүрген қылмыскерлердің басым бөлігі сол жақта ақшасын жасырады деп айтқан. Өздерінің қуғынға ұшырауынан саяси астар іздеп, «жапа шегуші» рөлін ойнайды деген. Бұл жауапкершіліктен құтылып кетудің бірден бір жолы болып отырғанын да жасырмаған.

Қазақстанның қаржысын алып қашқан кімдерді білеміз?

Шетелге қашып кеткендердің бірі – Ерқанат Тайжанов. Осы күні есімін көпшілік ұмыта да бастаған. Мәжіліс депутаты да болған ол «Азбука жилья» компаниясын басқарып тұрғанда 3 500-ден астам азаматты сан соқтырып кеткен болатын. Тайжановтың үлескерлерден жинаған қаржысы 42 миллион долларды құрайды. Халықаралық іздеуде болса да, әлі ұсталған жоқ.

Елден ақша ұрлап, қашып жүргендердің тізімін жалғастыра беруге болады. Бір кездері мемлекеттің мін­детті медицина­лық сақтандыру жүйесін күйретіп кеткен Талапкер Иманбаев,  «Қазато­мөнер­кәсіптің» вице-президенті Рүстем Тұрсынбаев, «Гульнар Тур» туристік компаниясының директоры Әли Исмаилов, «Қорғас ісі» бойынша қылмыстық топтағы басты фигуранттардың бірі Мағзұм Абдралиевтердің әлі ешқайсысы қолға түскен жоқ.

Айтпақшы, атын естісе, көпшіліктің зығырданы қайнататын «Aстана LRT» компаниясы бар. Оның бұрынғы басшысы Талғат Ардан мен Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Қанат Сұлтанбековтер де елден ақша жымқырып, қашып кеткеніне біраз болған.

Арданның Түркияда, Сұлтанбековтің АҚШ-та қашып жүргені айтылады.

Ресми дерек бойынша, БТА банкін басқарған Мұхтар Әбілязовтің елден 7,5 миллиард долларды алып кеткені айтылады. Оның ішінде 226 мың адамның – 238 миллиард ақшалай салымы, 1 миллион қазақ азаматының 21 миллиард теңге жалақысы болған.

Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған Виктор Храпунов 2003-2007 жылдар ара­­лығында Швей­­цариядағы және офшорлық ай­мақтағы шетелдік шоттарына 48 миллион дол­лар­дың және 7,7 миллион еуроның қаржы­сын аударған.

Вице-премьер әрі қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, ақшаны офшордан қарағанда, қолма-қол астыртын шетелге шығаратын адамдар көбейген.

Jusan-ның жыры

Шетел асқан 160 миллиард доллар қашан және қалай қайтарылады?

Биыл ақпан айында Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы «First Heartland Jusan Bank» активтерін шетелдік юрисдикцияға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы азаматтық із қозғаған болатын. Бас прокуратураның мәліметінше, талдау барысында «Jusan» тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталған. Салдарынан қаражатын осы банкте ұстайтын Назарбаев атындағы университет пен мектептің мүддесіне қауіп төнді. Себебі «Jusan» тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері – аталмыш оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі.

Бас прокуратура істің сотта қаралуы Jusan Bank-тің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырады деп сендірді.

«Назарбаев қоры» білім беру қорының басшысы Аслан Сәрінжіповтің айтуынша,  Jusan қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстаннан гөрі өздеріне қауіпсіз саналатын басқа мемлекетке көшіп кеткен адамдардың бақылауына өткен.

Қазақтың жарты байлығы 162 адамның қолында

Президент Тоқаев былтыр ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде Қазақстан байлығының тең жартысына бар-жоғы 162 адам иелік етіп отыр деген. Бірақ ол адамдардың кім екені белгісіз. Есімдері аталған жоқ.

Сыртқа шығарылған 160 миллиард қаржыға сол тізімдегі адамдардың қатысы болуы әбден мүмкін.

Бір қызығы, Халықаралық рейтингтер бойынша, Қазақстан капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыстатылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді екен. Бұл, әрине, мақтанатын нәтиже емес.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға