Шерзаттың өліміне күдіктілердің түрмеде туған күн тойлауы: Кінәлілер жұмыстан қуылды

ІІМ Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы уақытша ұстау изоляторында болған жағдай бойынша жүргізілген тексерудің нәтижесін мәлімдеді. Ведомство ақпаратына сүйенсек, түрме басшылығы мен қызметкерлердің бұл әрекеті бүкіл құқық қорғау жүйесінің атына дақ түсірген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бейнетүсірілімді УҰИ-дің бұрынғы қызметкері қызмет мүдделеріне қайшы әрекет жасап, жүргізгені анықталған. Ол бұл үшін жеке ұялы телефонын пайдаланған. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол арнайы шенінен айырылып, теріс себептермен жұмыстан қуылды. Сонымен қатар аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісінше бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер лауазымнан босатылуға дейін қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде УҰИ басшысы да лауазымнан босатылды.
ІІМ мұндай бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік танытып, қатаң тосқауыл қояды. Олар бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күнделікті өз міндеттерін адал орындайтын қызметкерлердің атына дақ түсіреді. Болған жағдайға байланысты УҰИ-де режимді бақылау күшейтілді. Қосымша бейнемониторинг шаралары енгізіліп, ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерулер басталды,-делінген ІММ мәліметінде.
Еске салсақ, бұған дейін Шерзат Болаттың өліміне қатысы бар деген күдіктілердің түрмеде мәз-мейрам болып, туған күндерін тойлап отырған бейнежазба тараған болатын.
