Шерзаттың әпкесі суицид жасамақ болды

Блогер Жан Ахмадиевтің мәлімдеуінше, марқұм Шерзат Полаттың әпкесі Бақыт Реймова өз-өзіне қол жұмсамақ болған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Ахмадиевтің айтуынша, Бақыт Реймова оған арнайы видео жолдаған. Видеода ол әлеуметтік желілерде жиі пікір білдіретін Бауыржан Абдрахмановты өзіне және отбасы мүшелеріне психологиялық қысым көрсетті деп айыптайды.
Шерзат бауырым қаза тапқаннан кейін Бауыржан Абдрахманов деген адам шығып, TikTok арқылы түрлі айыптаулар айтып, тиісуді бастады. “Қаржаубай мынандай, Нұрқанат анандай” деген сөздерінен соң, Нұрқанатым өмірден өтті. Оның өліміне осы адам тікелей кінәлі. Енді мені де суицидке итермелеп отыр. Менің өліміме де сол жауапты болады, – дейді Бақыт Реймова видеода.
Жан Ахмадиевтің айтуынша, осы видео жарияланғаннан кейін Бақыт Реймова Алматыдағы Райымбек даңғылы бойындағы көпірлердің бірінен секірмек болған. Алайда сол сәтте дер кезінде жеткен полиция қызметкерлері оны құтқарып қалды.
Талғар оқиғасы
2024 жылдың 4 қазанында Алматы облысы Талғар ауданында топ бала 16 жастағы Шерзат Полатты аяусыз ұрып-соғып, соның салдарынан жасөспірім көз жұмған еді. Бұл оқиға көпшіліктің ашуын туғызды. Тұрғындар түсірген видео әлеуметтік желілерде кең таралды. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі отқа оранып, туыстары бұл өрттің қарсы тараппен байланысты болуы мүмкін екенін алға тартты.
Қаржаубайдың ұсталуы мен Нұрқанаттың өлімі
2024 жылдың 10 желтоқсанында Талғарда полиция Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты ұстады. Бұған дейін Қаржаубай Нұрымов пен отбасы мүшелері әділ тергеуді талап етіп, әлеуметтік желіде үндеу жасаған болатын. Алайда көп ұзамай Шерзаттың әкесі мен әпкесі 15 тәулікке қамалды. Белсенді Дінмұхамет Қаматай Қаржаубай Нұрымов ұсталар алдында “ол полицияға пышақпен шабуыл жасады” деген ақпаратты жоққа шығарды.
Ал ресми ақпаратқа сәйкес, Шерзаттың бауыры Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полицияның мәліметінше, ол түнгі сағат 23:30-да күзетілетін нысаннан жеке көлікпен шығып кеткен.
