Жаңалықтар

Шенеунік Әлихан Бөкейханның бюстін кедергісіз қабылдау үшін пара алған

Павлодар облыстық мәдениет басқармасының басшысына қатысты сот үкімі шықты
Шенеунік Әлихан Бөкейханның бюстін кедергісіз қабылдау үшін пара алған
Фото: adyrna.kz 19.07.2022 21:14 1355

Сотқа дейінгі тергеуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізді, деп хабарлайды El.kz

Кәсіпкерден пара алды деген күдікке ілінген мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы кінәсін мойындады.

2022 жылғы 9 маусымда Самал Бегалинова ЖК басшысынан шарт жасасқаны үшін 1 млн теңге пара алған. Компания Павлодар мектебіне Әлихан Бөкейхановтың бюстін дайындайтын болған және оны кедергісіз қабылдауға келіскен.

«Сот Самал Бегалинованы ҚК-тің 366-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды және оған үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Сондай-ақ, мүлкін – сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеттің облыстық департаментінің заттай дәлелдемелерді сақтау камерасында тұрған миллион теңгені тәркілеу туралы үкім шығарды», - деп хабарлады №2 Павлодар сотының судьясы Әсемқоңыр Сайран.

Сонымен қатар, ол енді өмір бойы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарында қызмет атқару құқығынан айырылды. Сотталған адамның өзі жалғыз тәрбиелеп отырған екі жас баласы (12 және 4 жастағы) болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеу оған 5 жылға кейінге қалдырылды (ҚК 74-бабының 1-бөлігі негізінде).

Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Мінез-құлқын бақылау тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жүктелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға