Жаңалықтар

Балалығы шекара күзетінде өткен

18 тамыз – Шекарашылар күні
Балалығы шекара күзетінде өткен
18.08.2020 12:00 7410

Мемлекеттік шекараның беріктігі – елдіктің басты белгілерінің бірі. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап еліміздің тыныштығы мен шекарасының қауіпсіздігін қырағылықпен, жоғары жауапкершілікпен күзетіп келе жатқан шекарашылардың еңбегі зор. Биыл қазақ шекарасының 100 жыл, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 28 жыл. Осы орайда егеменді елдің Шекара қызметінің тарихына қысқаша тоқталып, шекарашы офицер, аға лейтенант Батырхан Туитиннің қызметі жөнінде баяндауды жөн санадық. 

Балалығы шекара күзетінде өткен

Шекарашы болу – бала күнгі арманым

Аға лейтенант Батырхан Туитин бала күнінен шекарашы болуды армандаған. Кішкентай кезінен оған шекарадан жақын ештеңе болған емес. Себебі ол Жаркент шекара отрядында қызмет ететін әкесімен бірге сарбаздардың арасында өсті. Әскери өмірдің ақ-қарасын ұғынған бала сол уақыттан бастап әке жолын жалғап өскенде шекарашы болатынына бек сенімді еді. 

Балалығы шекара күзетінде өткен

(Суретте:  шекарашы Батырхан Туитин әкесімен)

Мектеп қабырғасында оқып жүргеннен бастап оқуда озат, спортта үздік болып бойына офицерлік дағдыларды қалыптастыра бастады. Мектепті аяқтаған жылы Шекара қызметі Академиясына түсу үшін Алматы қаласына жол жүреді. Сынақтардан тайсалмай өтіп, өз арманындағы оқу орнына түседі. Ол Академияға оқуға түскен күннен бастап, бірден жақсы жағынан көрініп, бөлімше командирі болып тағайындалады. Түрлі спорттық жарыстарға қатысып, арнаулы күш жаттығуларынан 2014 жылы рекорд орнатып, чемпион атанады. 2016 жылы маусым айында академияны аяқтап, көптен күткен алғашқы офицерлік погонына қол жеткізеді.

Офицерің жетістігі

Офицер Үшарал шекара отряды «Сарқан» шекара комендатурасының «Тополевка» шекара заставасы бастығының орынбасары болып тағайындалады. Аз уақыттың ішінде Батырхан Туитин жеке құрамның жауынгерлік дайындығын жоғары көрсеткіштерге жеткізеді. Сол жерде өзінің өмірлік жарын кездестіреді. 

Балалығы шекара күзетінде өткен

Батырханның әскери өмірді таңдап бүгінде үлгілі шекарашы офицер атануына себепкер болған әкесі екенін ілгеріде айтып кеттік. Ол – ардагер, запастағы полковник Ғалым Туитин. Полковниктің тәлімді тәрбиесінің арқасында Батырханның ағасы Қасымхан Туитин де әскери жолды таңдаған. Қасымхан еліміздің Әуе қорғаныс күштері сапында қызмет етеді. Екі офицерді тәрбиелеп өсіріп ұрпақтар сабақтастығының айқын үлгісіне айналған полковниктің мәнді әрі мағыналы ғұмыры бүгінде барша өскелең ұрпаққа үлгі болып отыр.

Шекарашылар ерлігі

Шекара аумағында түрлі шекара бұзу фактілері орын алып жатады. Офицер Батырхан Туитин қызмет ететін Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Жоңғар» шекара бөлімшесінде шекара бұзушы ұсталады. Қылмыскерді құрықтауға кәсіби дайындықтары жоғары дәрежеде көрсете білген ефрейтор Руслан Баянбаев, қатардағы жауынгерлер: Арнат Телман, Исмаил Анарбаев, Бекзат Сағындық, Нұртілек Жұмашев, Әділ Есенбековтер мен Батырхан Туитиннің еңбегі ерен. 

Балалығы шекара күзетінде өткен

Шекара аспақ болған қылмыскер еліміздің азаматы екені белгілі болады. Ол өзінің не себепті Қытай шекарасына аспақ болғанын түсіндіре алмайды. Шекарашылар оқиғаның анық-қанығын анықтау үшін істі тергеу бөліміне тапсырады.

Балаларына үлгі болған полковник

Батырханның әкесі Ғалым Туитин қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ш.Уәлиханов ауданына қарасты Кішкенекөл ауылында дүниеге келіп, туып-өскен. Ол ауыл бұрын Қызылту совхозы аталатын. Кейін Көкшетау ауылшаруашылық институтын агроном мамандығы бойынша аяқтайды. Оқу орнынан соң Свердлов облысының Нижний Тагил қаласында орналасқан Әуе қорғаныс күштерінің әскери бөлімінде Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. 

Балалығы шекара күзетінде өткен

(Суретте: Ардагер, запастағы полковник Ғалым Хамзаұлы Туитин)

Шекарашылар сапына келгенге дейін өзінің туған жерінде көптеген лауазымды қызмет баспалдақтарына сәтті көтерілген Ғалым Хамзаұлы үшін әскери өмірдің жаңа парағы айқара ашылды. Бала кезінен әскери ұшқыш болуды армандаған болашақ полковник тосыннан келген ұсынысты қуана қабылдайды. Екінші ұлы Қасымханды сол уақыттары дүниеге әкелген жұбайы Зәмзагүл отағасының шешіміне қарсы келген жоқ. Ғалым Туитин 1993 жылдың наурыз айында құжаттарды тапсырып, Алматы қаласындағы Шекара әскерлері басқармасына келеді. Кейін кадрлар қызметінің офицері Күршім шекара отрядына тағайындалғанын, екі күннен кейін жол жүретіндігін мәлімдейді. Алайда ертеңіне қайта хабарласып, шешім өзгергенін, Күршім емес Мақаншыға кету керек деген ақпарат жеткізеді. Көкшетауда туып-өскен әкімдік қызметкері солай Күршімге аттанады. Полковник А.А.Москалевпен алғаш танысуы сол кезден басталды. Әскери ұшқыш болуды армандаған жас шекарашы Ғалым Хамзаұлы тікұшақпен Үшаралға дейін, ары қарай Мақаншыға көлікпен жетеді. Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары бөлімінің аға офицері болып тағайындалады. Ол қызметте жүріп шыңдалады. Келе сала офицерді штаб бастығы шекараға өзімен бірге іссапарға ала кетеді.

Күзге жақын артынан келген жұбайы Зәмзагүл әйелдер кеңесінің мүшелігіне алынды. Мақаншы ауылының Әсет Найманбай атындағы орта мектебіне ағылшын пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Ғалым Хамзаұлы «Барлық Арасан» шекара заставасында іссапарда болғанда жұбайы мен балаларының Мемлекеттік шекараның не екендігін өз көздерімен көрулеріне мүмкіндік туды. Тоқсаныншы жылдардың шекарашалылары бастарынан кешірген қиын-қыстау кезде офицер Ғалым шекара күзетсе, әйелі жоқты жасырып, барды асырып, жолдасына барынша қолдау көрсетті.

– Менің қызмет жолымда өзім үлгі тұтар өте тәжірибелі офицерлер кезікті. Алғашқы командирім – полковник М.Абайділдинов. Штаб бастығы подполковник Н. Волков, бас тәрбиеші И.Учеваткиндер менің болашақта білікті офицер болып қалыптасуыма өз үлестерін қосты. Ол кезде әскери бөлімнің бас тәлімгері болған. Бүгінде Шекара қызметін басқарып отырған генерал-лейтенант Д.Ділманов менің Жаркент шекара отрядына ауысып, тәрбие бөлімі бастығы орынбасарының лауазымына келуіме септігін тигізген-ді. Ол азаматтарға осы күнге дейін алғысым шексіз, – деп лебізін білдірді ардагер полковник. 

Балалығы шекара күзетінде өткен

Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік шекарасын күзетумен өткізген жылдары рота командирінің орынбасарынан бастап, шекара отрядының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімі, Шекара қызметінің Бас Тәрбие басқармасында басқарма басшысы лауазымына дейін жеткен Ғалым Хамзаұлы тәрбиеші офицерге жүктелетін жеке құрамның амандығы, ұжымның бірлігі жолындағы тапсырманы абыроймен атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының жұмысын алға жетелеп келеді. Балаларын отансүйгіштікке, ұлттық рухтың туын биік ұстауға тәрбиелеген полковник бүгінде ата атанып немере сүйіп отыр. Ел бүтіндігін сақтайтын жауынгер атанған ұлдары да – үлгілі қызметкерлер. «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп ұлы Абай айтып кеткен нақыл сөз Туитиндердің ұрпақтар сабақтастығының айқын үлгісіне айналғандығының нақты дәлелі.

Қазақ Шекара қызметінің тарихы

Шекара ведомствасы 1992 жылдың 18 тамызында Қазақстан Республикасы Президентінің № 862 жарлығы негізінде құрылған. Сол жылдан бастап шекара қызметі еліміздің шығыс шебінің үлгісінде оңтүстік, батыс ұзақтығымен белгілі солтүстік шекараны иегере бастады. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Шекара әскерлерін бірнеше ай алғашқы қолбасшысы генерал-лейтенант Евгений Неверовский басқарды. Одан кейін генерал-лейтенант Болат Закиев он бес жыл шекара ведомствосының құрылуы мен дамуы жолында еңбек етті.

Шекара қызметінің қалыптасуы мен қызметі Қазақстанның өркениетті әлемдік қауымдастығы құрамына өтуімен тығыз байланысты. 1992 жыл – шекара сақшылары үшін тарихи жыл болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы Нарынқол ауданына жасаған сапарында Шонжы шекара отрядының «Баянқол» шекара заставасында болды. Елбасы сарбаздардың өмірі мен әскери қызметшілердің қызмет барысымен таныса келе мәселелі сұрақтарын тыңдап, болашақта оң шешімін табуға ықпал жасады. Тәуелсіздік жылдарындағы Мемлекеттік шекараны құру, шегендеу, материалдық-техникалық жабдықтау бойынша атқарылған қыруар жұмыстар 1993 жылы «ҚР Мемлекеттік шекарасы туралы» және «ҚРШекара әскерлері» заңдарының және Мемлекеттік шекара күзетінің Концепциясының қабылдануымен басталған болатын. 28 жыл бұрынғы Қазақстанның хал-ахуалымен қазіргі жағдайын салыстыруға келмейтіндей Шекара қызметі де аз уақыт ішінде елеулі өзгерістерге ұшырап, қарқынды дамуды басынан өткерді. ТМД елдерінің Шекара әскерлерінің қолбасшылары Кеңесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымының беделді де белсенді мүшесіне айналды. Жаһандану заманындағы қауіп-қатерге уақытылы төтеп беруге бейімделе білді.

2020 жылда шекарашылардың әлеуметтік мәселелері барынша шешіліп, қызметтік құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілді. Қазақстанның шектесетін бес мемлекетпен: Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстанмен Мемлекеттік шекарасын айқындау, жергілікті жерде шекаралық белгілермен бекіту бойынша ұзақ уақыт жүргізілген келісімдер арқасында жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығында толықтай аяқтады. Осынау аз уақыт ішінде Мемлекеттік шекараның халықаралық стандарттарға сәйкес бекітілуі – сарабдал саясат пен парасатты дипломатияның жемісі.

Сөз соңында Мемлекеттік шекараны абыроймен берік күзетіп жүрген барша шекарашыларды төл мерекелерімен құттықтаймыз. Өз дамуының күрделі кезеңдерінен өте отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, бейбіт еліміздің тыныштығын қадағалаған шекарашыларға алғыс білдіреміз.


Бөлісу:
(Суреттер: Кейіпкердің жеке мұрағатынан алынған) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға