Шекара қызметінің бұрынғы директоры ұсталды
Ол билікті асыра пайдалану фактісі бойынша ұсталды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры болған генерал-лейтенант Дархан Ділманов билікті асыра пайдалану фактісі бойынша ұсталды, деп хабарлайды El.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2022 жылғы 22 маусымда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан-Қытай шекара бекеттерінде анықталған билікті асыра пайдалану фактілері бойынша жүргізіп жатқан сотқа дейінгі тергеу шеңберінде бұрынғы ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Д.А. Ділманов, Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті «Нұр Жолы» шекара бақылау бөлімінің бастығы майор Н. Арысбаев және басқа да адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жарияланбайды.
Айта кетейік, 5 сәуірде Мемлекет басшысының өкімімен Дархан Айтқалиұлы Ділманов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры лауазымынан босатылған еді.
