Жаңалықтар

Шекара түбіндегі Тарбағатай ауданында не болып жатыр?

Шекара түбіндегі Тарбағатай ауданында не болып жатыр?
Фото: ©El.kz/Қуан СЕЙІТ 22.11.2024 12:07 10644

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Маңырақ тауында бірнеше жылдан бері кен барлау жұмысы жүргізіліп келеді. Бұл тауда мыстың мол қоры анықталған. Геологиялық барлау жұмысы аяқталған соң Қызылқайың телімінде фабрика құрылысы басталады. Алайда жергілікті жұрт бағалы металл өндірушілер өлке табиғатына зиян келтіре ме деп алаңдайды.    

Бұған дейін әлеуметтік желілерде кен барлаушылардың әрекетіне наразы болған тұрғындардың бірнеше бейнежазбасы тараған. Аудан жаңалықтарын жариялап отыратын «Ауылдан хабар» Ютуб арнасында Қызылқайыңдағы жағдайға қатысты бірнеше бейнесюжет те шыққан. «Туған жердің табиғатын бүлдіруге жол бермейміз!» деп дабыл қаққан көпшілік Фейсбук, Инстаграм, Тик-ток желілерінде де жекелеген жазбалар жариялап, пікірлерін білдірді. Халықты дүрліктіріп, қоғамдық резонанс тудырған мәселенің мән-жайын білу үшін Еl.kz тілшісі шекаралық ауданға арнайы барып қайтты.

Аңызға арқау болған тау

Барлау жұмысы жүргізіліп жатқан Қызылқайың учаскесі төрт мыңнан астам халқы бар Тұғыл ауылынан 15-20 шақырым қашықта. Ауыл адамдары бұл өңір жұмыр жердің бетіндегі жұмақтың нақ өзі дейді. Маңырақ тауының қойын-қолаты сыңсып өскен мың сан өсімдікке, миуалы орман мен сылдырап аққан бұлаққа бай. Арқар, тауешкі, елік сияқты қоңыр аңның мекендейтін аймағы да осы таудың баурайы. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, бұл төңіректегі арқар атаулы төлдейтін кезде Маңырақты бетке алатын көрінеді. Жаратылыс заңдылығы солай! Құт қонған, киелі мекеннің флорасы мен фаунасын зерттеген ғалымдар мұндағы табиғаттың таңғажайып көріністерін ерекше қызығушылықпен баяндайды.

Өскемендік өлкетанушы, биология ғылымдарының кандидаты, жазушы Борис Щербаков Маңырақ тауында құстардың 130-дай түрі мекендейтінін анықтаған.

Шекара түбіндегі Тарбағатай ауданында не болып жатыр?

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Бұл өлкеде көптеген өсімдіктер өседі. Олардың ішінде басқа жерде кездеспейтін ерекше түрлері де бар. Мәселен, күннің сәулесі аз түсетін терең сайдың табанынан күймесгүлді (ясенец) көруге болады. Оның ерекшелігі сол күн ыстықта эфир майын бөледі, сіңірке тұтатсаңыз лап етіп жанады. Бір қызығы айналасы отқа оранса да өзі өртенбейді. Сондықтан оны күймесгүл деп атайды. Одан бөлек Маңырақтың көлеңкелі сайларында Алтай күнгелдісі өседі. Мұндай реликті өсімдіктер адамзат пайда болған сонау ежелгі дәуірлерден бүгінгі күнге дейін жетіп, сақталған. Жалпы, бұл өңірдің биалогиялық алуан түрлілігі мені өте қызықтырады, – дейді натуралист-жазушы Борис Щербаков.

Тарбағатай ауданынан табылған көне дәуірлерден сыр шертетін тағы бір дерек – алып кесірткенің жұмыртқасы. Өткен ғасырдың елуінші жылдары осы таудан Виктор Ерофеев деген геолог динозавр жұмыртқасының қабығын тауып алған. Қазір ол жұмыртқаның қабығы Өскемендегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр.

Маңырақ тауы туралы ел ішінде аңыз бар. Ауыл ақсақлдарының айтуынша, таудың Маңырақ аталуы жоңғар шапқыншылығы кезіндегі бір оқиғамен байланысты болса керек. Бұл тау жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ ауылдарына пана болған екен. Осы маңды жайлаған ауылдар «жау шапты!» деп дабыл қағылғанда керек-жарағын жинап, киіз үйін жығып, таудың қойын-қолатына жасырына қалатын көрінеді. Ал ойран салмақ болып келген ойраттар ауылдардың орнын ғана сипап қалады екен.

Кезекті бір шапқыншылықта қазақ ауылдары тегіс жиылып, мал-мүлкімен қозғалып кетеді. Осы кезде ақсақ қой отарға ілесе алмай көшті тежей береді. Амалы құрыған қойшылар байдың бұйрығымен әлгі қойды жол ортада тастап, өздері сайға барып тығылады. Жау қолы көшіп кеткен ауылдың орнын көріп кері бұрылмақ болғанда алыстан әлгі ақсақ қойдың маңыраған дауысын естиді. Дауыс шыққан жаққа қарай аттанған олар көштің ізіне түсіп, көп ұзамай жасырынған ауылды тауып алады. Ауылдарды шауып, тірі жан қалдырмай түгел қырып тастапты. Содан бері тау Маңырақ аталып кеткен деседі.

Ел аузында айтылып жүрген бұл аңыздың қаншалықты шындыққа жақын екенін білмедік, бір анығы құт қонған құйқалы мекен ықылым заманнан бері аңға да, адамға да пана болып келеді.

Қызылқайыңдағы «Қауіпті аймақ»

«Мұндай таңғажайып табиғаты бар киелі мекенді қиратуға, тау мен тасын қопаруға, өзен-суын ластауға жол бермейміз!» деп дабыл қаққан елдің жанайқайын түсінуге болады. Туған жерінің тағдырына алаңдайды өйткені. Алаңдауға себеп те бар.

Кейінгі кезде Шығыс Қазақстан облысының Күршім, Марқакөл, Самар аудандарында кен өндірушілер мен қарапайым халықтың арасында жиі-жиі келіспеушіліктер туындап, наразы жұрт Астанаға дейін барып арыз-шағымын айтқан. Мәселен, Күршім ауданының Маралды ауылында халық елді мекен іргесінен алтын фабрикасының салынуына бірнеше жылдан бері қарсылық білдіріп келеді. Тұрғындар ауылдан екі шақырым жерде кенді ашық әдіспен өндіруге және өндірісте цианид қоспасын қолдануға үзілді-кесілді қарсы. Натрий цианиді сияқты химиялық улы зат өзен-суды улап, халықтың денсаулығына қауіп төндіреді дейді олар.

Шекара түбіндегі Тарбағатай ауданында не болып жатыр?

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Осыдан екі-үш жыл бұрын Марқакөл ауданының Қалжыр өзенін алтын іздеушілер ластаған кезде де жергілікті тұрғындар дүрк көтеріліп, шулаған. Ақыры Президент тапсырмасымен мәселе жіті бақылауға алынып, тексеріліп, кінәлілер жауапқа тартылған.

Мінеки, осындай оқиғаларлы көріп, біліп отырған соң Тарбағатай халқы қалай алаңдамайды?! Жалпы, тұрғындар кәсіпорын салуға, кен өндіруге ешқандай қарсы емес, тек қоршаған ортаға залал келмесе дейді.

Біз мыс комбинатының салынуына қарсы емеспіз. Дұрыс шығар, жұмыс орны болады, ауданымыз дамиды. Тек табиғаттты бүлдірмесе екен дейміз. Бірнеше жылдан бері Қызылқайыңда кен барлау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бастапқыда кен өндіруші компанияның өкілдері жолды қиратпаймыз, тау-тасты қопармаймыз, бұлақты лайламаймыз деп уәде берген. Бірақ уәделерінде тұрмады деп есептеймін. Өйткені олар бұрғылап қазып кеткен жерлерін қалпына келтірмеді. Жолды бүлдіріп тастады, оны да жөндеген жоқ. Қызылқайыңда жергілікті тұрғындардың жер телімдері бар. Мал ұстап, бау-бақша салады. Оларға да қолайсыздық туғызады. Бәрін видеоға, фотоға түсіріп алдық, – деді Тұғыл ауылының тұрғыны, зейнеткер Альмира Құрманбекқызы.

Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір мәселе – сібір жарасына шалдыққан малдың өлексесін көмген орындар. Қызылқайыңда осындай бірнеше орын бар. 1986 жылы ауру малдың өлекселерін тауға әкеліп көмген екен. Кен іздеушілер қауіпті орындарды қазып, жұқпалы дерт айналаға таралуы мүмкін деп қорқады жұрт.

Шекара түбіндегі Тарбағатай ауданында не болып жатыр?

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Аудан әкімдігі Қызылқайыңда кезінде сібір жарасын жұқтырған ірі қара малдың өлекселері көмілгенін растады.

Иә, аталған учаскеде 1986 жылдары сібір жарасымен ауырған малды көмген және ол жердің беті бетонмен жабылған. Қауіпсіздік шаралары толық сақталған. Жергілікті жұрт алаңдаған соң биыл «Тарбағатай-Вет» мекемесі малдың өлекселері көмілген аумақтың сыртын қоршап, «Қауіпті аймақ» белгісін жаңартты. Бұл жерден айналасы 1000 метр аумақта қазба жүргізуге тыйым салынған, - деді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Мамарбаев.

Қауіпті аумақта қазба жұмыстары жүргізілмейтінін Шығыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин де мәлімдеді.

Тұрғындар айтып отырған Қызылқайың учаскесіндегі сібір жарасымен ауырған ірі қара малы көмілген аумақта мердігерлер тарапынан санитарлық талаптарды бұзу дерегі анықталған жоқ. Өйткені бұл жер санитарлық қорғау аймағы болып есептеледі. Яғни мал көмілген жерден айналасы 1 шақырым аумақта құрылыс немесе кен қазу жұмыстарын жүргізуге ешқандай рұқсат берілмейді, – деді Ертай Батхолдин.

Маңырақ тауының баурайындағы кен барлау жұмысын Шымкентте тіркелген Еast Cooper компаниясы жүргізіп жатыр. Ресми мәліметке сүйенсек, инвестициялық жоба іске асырылса жергілікті жерден 1500 адам тұрақты жұмысқа алынады. Ал құрылыс жұмыстары кезінде 3 мың адам еңбекке тартылады. Қызылқайың молибден-мыс комбинаты жұмыс істесе ауданның ғана емес, облыс экономикасының дамуына серпін бермек.

Қазір барлау жұмысы жүргізіліп жатыр. Мердігер компания жерді қопарып, табиғатқа зиян келтіріп жатқан жоқ. Инвестор Қызылқайыңда жер телімі бар жекеменшік иелерімен келісімшарт жасасып, сервитутын алып, ұңғыма қазып, сейсмикасын тексереді. Қандай минералдар бар екенін анықтайды. Мыс фабрикасы ертең салынғалы жатқан жоқ. Алдымен барлау жүргізіледі, одан кейін соның нәтижелеріне қарай комбинат салу қажет пе, жоқ па шешіледі. Қазір шамамен 9 мың гектар жер барлауға алынғанмен, оның 500-600 гектары ғана игеріледі. Жобаға компания 300 млрд теңгеге жуық инвестиция салуды көздеп отыр, – деді Дархан Жөргекбаев.

Аудан әкімі болашақ комбинатқа инфрақұрылым тарту жұмысы да біраз уақытқа созылатынын ескертті. Мамандардың есебінше, мыс фабрикасының бір өзіне ғана 250 МВт электр қажет екен. Дәл қазір Тарбағатайда ондай электр энергеиясы жоқ. Сондықтан фабрика жұмыс істеу үшін әуелі жол салып, тоқ тартып, су жеткізу керек.

Тараптар мәмілеге келді

Халық дабыл қаққан соң биылғы 30 қазанда Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов бастаған арнайы топ Тарбағатай ауданына барып, жұртшылықпен кездесті. Тұғыл ауылында өткен кездесуге кен барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияның мамандары, БАҚ өкілдері, жауапты сала өкілдері қатысты. Әңгіме Қызылқайыңда жалғасты.

Айта кетейік, бұл учаскеде жергілікті бірнеше кәсіпкердің жер телімі бар. Олар – мал бағып, бақша салып күн көріп отырған қарапайым шаруалар. Ертеңгі күні кен өндіретін комбинат іске қосылғанда жайылым мен шабындықты, егістік алқаптарды бүлдіре ме деп қорқады олар.  

Тұғылда туып-өстім, осы жердің азаматымын. Кен байыту зауыты салынғалы жатқан учаскенің төменгі жағында бақша егеміз. Қауын-қарбыз, көкөніс, жеміс-жидек өсіреміз. Біздің бақшаға келетін судың басында кен барлау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұлақ ластануы мүмкін. Ал төменгі жақта біз онымен бақша суарамыз, өнімдерімізге зияны болмай ма? – деп сұрады жеке кәсіпкер Елдос Болатов кездесуде.

Бұл сұраққа аудан әкімі Дархан Жөргекбаев жауап берді. Әкімнің айтуынша, мердігерге бұлақ суы аздық етеді. Сондықтан оны өндіріске немесе кен барлауға пайдалану мүмкін емес.

Бұлақтың суы өте аз. Кен өндірісіне пайдалануға келмейді. Сондықтан бұлақты ешкім ластамайды және басқа жаққа бұрмайды. Кәсіпорын қажетті суды жерден ұңғыма қазып шығарып алады. Керек десеңіз бақшаңыздың жанынан сізге де ұңғыма қазып, су шығарып беруге дайын, – деді аудан әкімі.

Билік өкілдері Қызылқайыңдағы кен барлаушылар табиғатқа зиян келтірмейтінін тағы бір мәрте қайталап айтты. Осы өлкеде өсетін өсімдіктер мен жан-жануарлар да зардап шекпейді. Ал мердігердің алып жүк көліктері бұзып кеткен тау ішіндегі қара жол қайта қалпына келтіріледі.

Жаңадан салынатын комбинатта соңғы үлгідегі заманауи құрылғылар, технологиялар қолданылады. Кәсіпорын жұмысы экологияға ешқандай зиян келтірмейді. Атқарушы билік пен жауапты мемлекеттік органдар бәрін бақылайды. Тиісті талаптардың сақталуын тексеріп отырады. Техникалық қадағалау, авторлық қадағалау мамандарымен бірге жергілікті жердегі қоғам өкілдері де жұмысты назарда ұстайды. Ал таудағы тал-терекке келсек, тұрғындар айтып отырған қызыл қайыңы бар, басқасы бар осындағы ағаштарды қазу қажет болса, олардың орнына басқа жерге апарып сонша түп көшеттер егеді. Яғни, бір жерден ағаштар қазылса, екінші жерге соншасы егіледі. Мұны аудан әкімдігі реттейді. Дәл солай мердігер компания жолды да қалпына келтіруге дайын. Мұның бәрін бір меморандумға енгізіп, жүзеге асырамыз. Сонымен әңгімені түйіндесек, егер кен барлаушы компания тарапынан заң талаптары бұзылса жауапқа тартылады, сол сияқты тұрғындар да шектен шығып, заңнан аттаса жауапкершіліктен құтылмайды. Осыған тоқтайық, бәрі заң аясында болсын, – деді облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов.

Тұғылдағы кездесу мен Қызылқайыңдағы ашық диалогтан кейін наразы жұрттың көңіліндегі күмән аздап сейілгендей болды. «EAS Copper» ЖШС қоршаған ортаны қорғау жөніндегі барлық жауапкершілікті өзіне алатынын мәлім етті. Ал билік пен қоғам өкілдері жұмыстың заң аясында атқарылуын бірге қадағалайтын болды. Әзірге, тараптар осындай мәмілеге келді.

Айта кетсек, Қызылқайын мыс-молибден кен орны өткен ғасырдың 70-ші жылдары барланған. Ол жер Тұғылдан оңтүстікке қарай 15-20 шақырым қашықтағы Маңырақ тауының сілемінде орналасқан. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға