Жаңалықтар

«Шатырдағы екеу» фильмі халықаралық фестивальде тоғыз жүлдеге ие болды

«Шатырдағы екеу» фильмі халықаралық фестивальде тоғыз жүлдеге ие болды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 29.04.2025 22:45 126

Қазақстандық «Шатырдағы екеу» фильмі Мәскеуде өткен Fashion Film Festival фестивалінде тоғыз номинация бойынша жеңіске жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, байқау кино мен визуал өнер саласындағы шығармашыл мамандардың басын қосты. Оған Ресей, Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан, Латвия, Армения және Израиль елдері қатысты.

Отандық туынды үздік костюм (Елена Айтова), үздік музыка (Виктор Сологуб), екінші пландағы үздік әйел рөлі (Ольга Ландина), операторлық жұмыс (Александр Плотников), дыбыс режиссурасы (Руслан Сакиев), басты әйел рөлі (Лидия Ярышева), үздік грим (Татьяна Жамбакеева), продюсерлік жұмыс (Алия Шарипбаева) және креативті концепция (Гүлшат Смағұлова) аталымдары бойынша марапатталды.

«Шатырдағы екеу» – режиссер Гүлшат Смағұлованың тұңғыш режиссерлік жұмысы. Ол 15 жылдан астам кино өндірісі саласында жұмыс істеп келеді. Фильм өткен жылы қазақ және орыс тілдерінде прокатқа шықты. Туындыда тағдыры қиындыққа толы жас жігіт Дамир мен аутизм дертіне шалдыққан жасөспірім Костяның арасындағы достық баяндалады. Шығармашылық топ картинада инклюзияның маңызын және ерекше балалардың қоғамға бейімделу мәселесін көтерген, - делінген мәліметте.

Кинотуынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Түсірілім Алматы қаласында және Алматы облысындағы Талғар ауданында өткен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға